Жарияланды: 830

Таразда жаңартылған ферроқорытпа зауыты ашылды

Тараз металлургия зауытында (ТМЗ) жаңартылған ферроқорытпа өндірісі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазТАГ тілшісі.

«Шикізатты кешенді түрде терең өңдеу жобасына 5 жылда Т11,6 млрд инвестицияланды, ол экспортқа бағытталған қосымша құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді. ТМД өнімі - ферросиликомарганец – толығымен ТМД және Еуропа елдеріне сатылады», - деп мәлім етті «Тараз металлургия зауыты» ЖШС бас директорының орынбасары Күлзәрия Сартаева жобаның таныстырылымында. Зауыттың жобалық қуаты жылына 100 мың тоннаға жуық ферросиликомарганец шығаруға мүмкіндік береді. 2012 жылы 65–70 мың тонна ферросиликомарганец шығару жоспарланған. Жаңарту жобасын «Қазақстан даму банкі» АҚ үдемелі индустриалды-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама (ҮИИД) шеңберінде қаржыландырды. ҚДБ-нің заем қаржысына жұмыс істеп тұрған ферроқорытпа зауытының базасында ресейлік, украиналық және отандық өндірушілердің жабдықтары орнатылып, ферроқорытпа өндірісінің ең соңғы заманауи технологиялары орнатылды. «Қазір біздің өнімге деген сұраныс өндіріп отырған көлемнен артық», - дейді ТМЗ бас директорының орынбасары Эдуард Кондаков. Зауытты ары қарай дамыту марганец концентратының жеткізілімдерін айына 21 мың тоннаға дейін арттыруды талап етеді, бұл еліміздегі бірқатар марганец кен орындарын дамытуға жол ашады. Бұған қоса, жаңа өндірістің іске қосылуы Қарағанды, Павлодар және Тараз кәсіпорындарына тапсырыстарды көбейтеді. Зауыттың дамуының арқасында 1320 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр, жақын келешекте олардың саны 1570 адамға жеткізіледі. Табыстың бір бөлігін зауыт жұмыскерлерінің біліктілігін арттыруға бағыттау жоспарланған. Атмосфералық ауаға тасталатын заттардың көлемін азайту мақсатында газды тазарту жүйелері орнатылды, олар ауаға тастандыларды қатты заттардан (органикалық емес шаң, марганец оксидтері, алюминий оксидтері) 97%-ға тазартады. Мұндай жаңалық ауаға тасталатын органикалық емсес шаңды жылына 257,52 тоннаға, марганец оксидін жылына 15,84 тоннаға, алюминий оксидінің көлемін жылына 14,48 тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Аймақтағы экологиялық жағдайды ескерсек, бұл жоба қолайсыз экологиялық факторлардан халықтың ауру көрсеткішін төмендетуге үлес қосады. «Облыстың индустриалды даму тарихының жаңа «металлургиялық беті» ашылды, және бұл Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығында болды», - деді тұсаукесерде сөз сөйлеген Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев. Оның айтуынша, аймақта аталған жобаны ескере отырып, 2010 жылы ҮИИД бағдарламасы аясында жалпы сомасы Т55,9 млрд болатын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 3 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. «Бұл 2011 жылы облыс бойынша өндіріс қарқыны мен көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Мысалы, үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуірінде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары Т49,5 млрд соманың өнімін өндірді, физикалық көлем индексі 2010 жылдың сәйкес кезеңіне қатысты 119,1% құрады. Соның ішінде, өңдеуші өнеркәсіп саласында Т33,7 млрд өнімі өндіріліп, өсім 21,3% құрады», - деді аймақ басшысы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін