Жарияланды: 680

Тараздағы ескі базар көшіріліп, оның орнындағы көне қалашық жаңғыртылатын болады

Тараз шаһары бүгінде жаһандық өзгерістердің алдында тұр. Жақын аралықта ежелгі қаланың қақ ортасындағы орталық базарды көшіру жұмыстары басталады.

Сөйтіп, мыңдаған саудагерлер облыс орталығының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан жаңа орынға жайғасады, ал ескі базарда археологиялық қазба жұмыстары басталады. Археологтардың болжамынша, қазба жұмыстары көптеген қызықты дүниелерді табуға, сөйтіп кемінде екі мың жылға дейінгі тарихымызға барынша терең үңілуге, түп-тамырымызды ұғына түсуге мүмкіндік береді. Бұл «көшу» орталық базарға қатысы бар азаматтардың арасында әртүрлі сұрақтарды туындатып отыр. Қазақпарат тілшісіне берген сұхбатында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев базарды көшіруге қатысты егжей-тегжейлі айтып берді. - Қанат Алдабергенұлы! Орталық базардың құрамына кіретін жекелеген базарлардың қожайындарының және облыс әкімдігі қызметкерлерінің қатысуымен өткен мәжілісте базар иелерінің орталықтан, яғни «жылы орындарынан» жылыстағысы келмейтіндері анық байқалғандай болды... - Бұл түсінікті жәйт. Өйткені бизнестегі кез келген өзгерістер жолға қойылған жап-жақсы жүйеге теріс өзгерістер әкелуі мүмкін деген үрей тудырады. Алайда мен кәсіпкерлерге мынаны айтып түсіндіруге тырыстым: жергілікті билік, әкімдік алдағы үш айда жер учаскелері алынатын және жаңа орында жұмыс істеймін деп шешім қабылдаған азаматтардың барлығына барынша қолдау көрсететін болады. Ал ескі базарға келетін болсақ, оны баяғыда-ақ көшіру керек еді. Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бізде қазір өркениеттің барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз етілген заманға лайықты базар салуға толық мүмкіндік бар. Ал қазіргі қаланың қақ ортасында орналасқан базардағы жағдай ешқандай санитарлық нормаларға сәйкес келмейді, базар тым ластанып кеткен. Мен мұндай немқұрайдылыққа жол бермеймін. - Базардың қазіргі қожайындары өздерінің пайымдарын айтып, базарды орталықтан көшіруге болмайтындығына сендіруге тырысып бағуда. Олардың сөздеріне қарағанда, бұл тарихи жер, бұнда VI ғасырдан бері базар болған, ал жаңа базардың орны сәтсіз таңдап алынған, оның үстіне саудагерлер жаңа қонысқа барғысы жоқ, себебі саудасы жүрмей шығынға ұшыраймыз деп қорқады. Сіз бұл жайында не айтасыз? - Біз ескі базарды көшіру туралы шешім қабылдамас бұрын тарихшылармен ақылдастық, кеңестік. Қазіргі базар тұрған жер базар ретінде осыдан 100 жылдай бұрын ғана пайда болған екен. Оған дейін ол жерде Цитадель, Шахристан сияқты көне қалалар болған. Басқаша айтқанда, қаланың орталығы көне қаланың мәдениет орталығы болған. Сондықтан да Тараздағы қазіргі орталық базардың тарихи құндылығы туралы, оның ерекше «мәртебесі» туралы сөз қозғау тіпті күлкілі нәрсе. Бұрынғы базар қаланың қазіргі «Достық» атты орталық алаңы орналасқан жерде орын тепкен екен. Біз тарихи шындық солай екен деп қаланың орталығындағы көпкөрім алаңды ескі базарға айналдыра алмаймыз ғой. Оның үстіне, Тараздағы қазіргі базардың қазба жұмыстары 2007 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізілген болатын. Алайда базар қожайындарының қарсылығы бұл жұмысты жүзеге асыруға кедергі келтірді. Ал жаңа базар үшін таңдап алынған жер учаскесіне келетін болсақ, бұл жұмыс жыл бойы жүргізілді және ықтимал құрылыстың үш нұсқасы болды. Осы үш жерді сарапқа сала келе, біз халықаралық автокөліктер айналып өтетін, қаланың солтүстік-батыс бөлігіндегі Асқаров көшесінің бойында орналасқан 30 гектар жерді таңдадық. Бұл участоктың аумағы қазіргі базардың көлемінен 3 еседей үлкен. Ақпан айында базар құрылысының кестесі бекітілді, топографиялық түсірілімдер мен жобалық-сметалық құжаттарға қажетті 13 миллион теңге бөлінді. Жаңа базардың коммуникациялық жүйесі мен толық инфрақұрылымына 47,3 миллион теңге бөлінді. Осы уақытта 23 жер иеленуші мен пайдаланушының аты-жөндері анықталды, олардың жерлері алдағы 3 айдың көлемінде алынады. Қазан айында жаңа базардың монтаждық жұмыстары басталады. Бізді осы құрылыс жұмыстары барысында толғандырған мәселелердің бірі - базардың инфрақұрылымын пайдалануға беру мерзімі болды. Құрылыс жұмыстары толықтай талапқа сай жүргізілуі үшін бірінші коммуникация, содан кейін өзге құрылыстар дайын болуы керек еді. Жаңа базар болған соң ол - санитарлық, экологиялық, өртке қарсы және өзге де талаптарға сай, біртұтас нысан болуы керек. Оның кіретін және шығатын жолдары мен автобус өтетін жолдары болуы керек. Басқаша айтқанда базар азаматтар үшін де, саудагерлер үшін де, тексеруші- қадағалаушы органдар үшін де ыңғайлы болғаны жөн. Олардың барлығы үшін заманға, өркениетке сай жұмыс жағдайлар жасалатын болады. Құрылыс заттарының болсын, киім-кешектердің болсын, азық-түлік тауарларының болсын барлығының бөлек павильондары болуы керек. Саудагерлер өздерінің өнімдерін сақтап, оны келесі күні де шығынға ұшырамай, тиімді бағамен сата алуы үшін базардың маңында көкөніс сақтайтын қойма болғаны абзал. Бізде көкөніс пен жеміс-жидек алыпсатарлық жолмен саудаланатыны белгілі ғой. Сондықтан, біз олардың бағаларын төмендету үшін түрлі жермеңкелер ұйымдастырып жүрміз. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін заманға сай базар қажет. Кейінірек, инвесторлар табылып жатса, мұнда алыстан келетін саудагерлер үшін арнайы қонақ үйлер де пайда бола бастайды. - Ресми деректер бойынша, Жамбыл облысында 59 базар бар, олардың 30-ы Тараз қаласында орналасқан. Тараздағы базарлардың 20 пайызы жабайы сауда орындары екен. Сондықтан да базардағы саудагерлердің нақты саны белгісіз, төмендетіп көрсетіледі, сөйтіп, қаржының көп бөлігі мемлекет қазынасына емес, базар басшыларының қалталарына кетеді. Осыған тоқтам бола ма? - Жабайы сауда орындарын жыл соңына дейін жабылатын болады. Бізде қазір, мәселен, жақында ғана ашылған «Атакент» сияқты барлық талаптарға жауап беретін жаңа базарлар салынып жатыр. Жалпы базардың көп болғаны шынайы бәсекеге алып келеді, бағаның да тұрақтылығына әсер етеді. - Қанат Алдабергенұлы! Базарды көшіру мәселесіне қайта оралсақ. Басқа мысалды айтпағанның өзінде, бір отбасының бір пәтерден екінші пәтерге көшуінің өзі біршама проблема туғызады. Ал бұл жерде 20 мың саудагер көшкелі отыр ғой. Бұл жұмыс қалай жолға қойылады? - Базардағы әрбір азаматтың көшуіне барлық жағдай жасалуы керек, бірде-бір адам назардан тыс қалмауы тиіс. Қала әкімдігіне осындай міндет қойылып отыр. Біз жаңа салынған базарға көшкісі келетін азаматтардың барлығына көмектесеміз. Ал көшкісі келмейтіндердің еркі білсін. Біз бірінші кезекте ескі базарда жері бар, бірақ оны мемлекет өз иелігіне алатын жерлердің иелері жаңа базардың инвесторлары болса дейміз, соған мүдделіміз. Біз инвесторлардың сырттан келгендер емес, жамбылдық азаматтар болғанын қалаймыз. Яғни, осы уақытқа дейін бизнеспен айналысып келген азаматтар бизнесін жаңа орында да жалғастырса екен дейміз. Меніңше, соңғы 1,5 жылдың көлемінде жамбылдық кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауын сезінді. Біз бизнесмендерге барынша қолдау көрсетудеміз. Зауыт та салып жатырмыз, жаңа өндіріс ошақтарын да ашудамыз. - Базар басшыларымен болған кездесуде олардың бірі, нақтырақ айтқанда «Керуен» базарының басшысы Гафур Қасымов тіпті Сізге базарды көшіру мәселесін шешкеніңіз үшін ризашылығын білдірді. «Ерте ме, кеше пе әйтеуір бір басталуы керек еді ғой»,-деді ол. Осы ретте базар басшылары бір жағынан базарды көшіруге келісімін бере отырып, екінші жағынан саудагерлерді базардың көшпейтіндігіне сендіріп, екі түрлі саясат жүргізіп отыр деп ойламасыз ба ?... - Міне, сол үшін де саудагерлердің өздерімен жеке-жеке кездесіп, базарды көшіру туралы мәселе шешіліп қойғанындығын айтып, енді оларға саудаларын қай базарда жасайтындығын өздері шешулері тиістігін түсіндіру қажет. Ал егер саудагерлер жалған әңгімелерге алданып, «бас көтерер болса» базар иелерінің басшыларын жауапқа тартамыз. Мұндай жағдайда мемлекеттік органдар қолданыстағы заңдарға сәйкес іс-әрекет етеді. Біз тек мемлекет мүддесі үшін жұмыс жасаймыз. - Соңғы сауал. «Ескі базардың» орнын қазған соң не болады ? - Егер мүмкіншілік болып жатса, Шахристан аумағындағы тарихи-архитектуралық ескерткіштерді реставрациядан өткіземіз, егер ондай мүмкіндік болмаса, оның көшірмесін жасап, кішігірім қалашық етеміз. Мен ол қалашықтың туризмнің орталығына айналатынына, Жамбыл облысының, тіпті, Қазақстанның брэндіне айналатынына сенімдімін. Болашақты сенімді қалау үшін өткеніңді білу керек, біліп қана қоймай оны түсіне де білу қажет. - Әңгімеңізге рахмет!

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть