Тараздағы сатушылар жаңа орынға көшуден бас тартып жатқанда, бірнеше контейнер отқа оранды
|
Таразда орталық базар төңірегіндегі айқай-шу басылар емес. Бүгін жаңа орынға көшуі тиіс саудагерлерге берілген соңғы күн. Яғни орталықтағы сауда орны жабылып, барлығы қала сыртындаға базарларға қоныс аударулары тиіс. Бірақ бүгін аяқ асты базарда өрт шығып, бірнеше контейнерді шарпыған. Жылы орындарынан қозғалғысы келмеген саудагерлер бұны да мүдделі топтардың құйтырқы әрекеті деп отыр.
Бүгін «базар өртке оранды» деген дабыра саудагерлерді аяғынан тік тұрғызды. Екі контейнер мен бір кеңсе түгел жанып кетіпті. Кәсіпкерлер миллиондаған шығынға баттық деп зар жылап отыр.
Батырхан Арзуев, кәсіпкер:
- 8 жылдан бері тұрып жатырмыз. Әлі ешкім бізге өрт жасап, не қылған жоқ. Дәл осы базар көшеді дегенде өрт болғаны, мен ойлаймын бұл жерде әдейі істеліп жатыр. Бұл жерден бізді ертерек шығарып жіберудің амалы деп.
Мынау тіршілігі қайнаған қан базардың бүгінгі көрінісі. Абыр-сабыр болған жұрт, жүктерін тиеп, кетіп жатыр. Бірақ көбі баратын жер басатын тау таппай зыр жүгіріп жүр. Тіпті бастапқыда көшіру қызметін мойындарына алған атқарушы билік дегендерінен айнып, жүк тасымалы үшін ақша сұрап жатыр екен.
- Контейнерлерді тасу тегін деп айтқан еді. Енді бүгін очередь, 5 мыңнан әрбір контейнер дейді. Өзіміз жалдадық, 5 мыңнан да таппай қалдық. Ақылы тұр бәрі. Қазір 15 мыңға жалдадық.
Жарнамаланған жаңа базардың да жағдайы мәз емес дейді сатушылар. Олар мұнда үш күннен бері орын таппай табынымыздан таусылдық деп күйінеді.
- Схема дайын емес дейді. Схема қашан дайын болады сол күні бермеймін, келесі күні беремін дейді. Біз сонда айуанбыз ба, бала - шағамызды тастап күнде келіп кетеміз. Азанда келіп кешке қайтамыз. Нақты уақытын айтпай ма?
Орын тапшылығын орталық базар қожайыны да мойындап отыр. Жаңа сауда нысаны 5 жарым мың кісіге ғана шақталған екен. Жұрт далада қалмасын деп тағы 4 мыңнан астам сатушыны қабылдапты.
Алтынбек Садырбаев, базар директоры:
- Орын алған адамның ішінде кейбірі 5-тен, 10-нан орын алған. Бұл жерде алған орындарды 2-3 есеге сатамын деген әркеттер болып жатыр екен. Біз өз күшімізбен сол адамдарды анықтап, өз шартымызды қайтарамыз.
Базар басшысы «кәсіпкерлердің жүктерін ақыға тасып жатыр» деген шудың жай жапсарын анықтаймыз. Сондай-ақ орындарды күні бұрын алып, бағасын асырып сатқандарға да шара қолданамыз деп отыр.Ал, ертеңнен бастап көк базардың қақпасына қара құлып салынады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін