Бұл жаңалық халықтың көңілінен шықпады. Бағалар жыл ішінде бірнеше рет өскеніне қарамастан, байланыс сапасы жақсарған жоқ, ал операторлар «шығындардың өсуін» негізге алып отыр. Сарапшылар мұндай себептерге сенбейді. Олардың айтуынша, тарифтердің күрт қымбаттауы салықтың көтерілуімен ғана байналысты емес. Ал бағаның шынайы өсімі неге байланысты? Нарықта бәсеке бар ма, әлде операторлар арасында үнсіз келісім орнаған ба? Caravan.kz медиа порталы тақырыпты саралап көрді.
Ең ірі ұялы байланыс операторлары Beeline, Tele2 және Altel тарифтерін көтеретінін хабарлады. Олардың айтуынша, шығындардың өсуі мен ҚҚС-ның көтерілуі басты себеп. Бағалардың жыл сайын өсетінін ескерсек, қоғамның ашулануы орынды. Баға көтерілсе де, қызмет сапасы көңіл көншітпейді. Бұл қымбатшылық халықтың шығындарын барынша азайту туралы президент пен үкіметтің мәлімдемелеріне қарамастан орын алғалы жатыр.
«Операторлардың сұранысы шектен тыс»: тариф өсімі қаншалықты негізді?
Тарифтердің 15-30%-ға өсуі халық арасында үлкен дау тудырып жатыр. Сарапшылардың есебінше, ҚҚС 12%-дан 16%-ға өсуі қосымша 5-7% салмақ салуы мүмкін. Бірақ 20-30% мүлде негізсіз.
Республикалық тұтынушылар ассоциациясының орынбасары Тұрсын Жағпарованың айтуыша, мемлекет тарифтерді тежеуді тапсырғанымен, операторлар бұл талапқа құлақ аспаған.
«Президент тарифтерді ұстап тұруды тапсырды. Премьер-министр де халыққа салмақ салмау керегін айтты. Бірақ операторлар бәрібір бағасын көтереміз дейді. Бұл өте алаңдатарлық жағдай», – дейді ол.
Экономист Жанат Нұрғалиев та келіседі. Айтуынша, операторлар расымен де ашықтық танытпайды.
«Шығындары өсті дейді, бірақ қандай өңірге қандай инфрақұрылым салып жатыр? Ешқандай нақты мәлімет жоқ. Ал «Қазақтелекомның» таза табысы 77,3 млрд теңге болғанын ескерсек, олардың қиын жағдайда екенін айту ақылға сыймайды», — дейді экономист.
Ірі мегаполис тұрғындары да байланыс сапасының тым нашар екеніне наразы. Интернет жылдамдығы келісімшарттағы көрсеткіштерге сай келмейді. Ауылдардағы жағдай тіпті сұмдық. Операторлар еліміздің түпкірлеріне инвестиция салу тиімсіз деп санайды.
«Алыс ауылдарды Starlink арқылы қосады. Ал өзіміздің операторлар жылдар бойы базалық станциялар салудан бас тартып келеді», — дейді сарапшылар.
Нарық емес — олигополия
Халықта таңдау жоқ. Ауысатын басқа оператор жоқ. Сондықтан операторлар тарфитерін қалағанынша өсіре береді.
«Нарықта шын бәсеке жоқ. Негізгі инфрақұрылымның көп бөлігі Samruk-Kazyna құрамындағы «Қазақтелекомның» қолында. Бұл — олигополия. Мұндай жағдайда тарифтердің өсуі табиғи процесс емес, монополиялық әрекет», — дейді экономист.
Экономистің айтуынша, Қазақтелеком соңғы кеңес заманынан қалған кабельдік желілерді, инфрақұрылымды өзіне қаратып, жаңа ойыншыларға мүлде мүмкіндік бермейді.
«Тіпті бұрынғы «Транстелеком»-ға да жол жабылды. Жаңа ойыншылар кіре алмайды. Бәсеке болмаған жерде баға да еркін өседі», — деп қосты ол.
Жаза жоқ, заңдағы олқылықтар
Қазіргі заңнама операторларға тарифті біржақты көтеруге мүмкіндік береді, яғни абонентке бір ай бұрын ескерту жеткілікті. Ал қызмет сапасы нашарлаған жағдайда оператордың материалдық өтем беру міндеті жоқ.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай әдіс ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы мен Азаматтық кодекстің нормаларына қайшы. Ал «Байланыс туралы» Заңда операторға қызмет сапасының нашар екені үшін өтеу беру міндеті қарастырылмаған.
«Интернет 120 Мбит деп көрсетіп, 48 Мбит береді. Байланыс үзіледі. Бірақ Қазақстанда мұндай зиян үшін оператор жауап бермейді. Қазақстан заңында мұндай зиян үшін компенсация жоқ», — дейді Тұрсын Жағпарова.
Сарапшылар депутаттарға үндеу жолдады.
«Байланыс туралы» және «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңдарға өзгеріс енгізу керек. Операторлар абоненттерге зиян тигізсе, өтемақы беруі тиіс. Әйтпесе олардың сұранысы тоқтамайды», — дейді сарапшылар.
Тұтынушылар ассоциациясы басты мәселеге тоқталды. Айтуынша, үш мемлекеттік орган, атап айтқанда Цифрландыру министрлігі, Бәсекелестікті қорғау агенттігі мен Сауда министрлігі үйлеспей жұмыс істейді.
«Бірлескен іс-әрекет жоқ. Халықты қорғаудың алгоритмі жоқ», — дейді Жағпарова.
Ассоциация аталған органдарға ресми шағым жолдап, тарифтердің негізділігін тексеруді талап еткен.
«Нарық емес — бассыздық»: халықтың да пікірі осындай
Халықты онсыз да қымбатшылық қысып барады. Оған қоса енді байланыс қызметі мен интернет үшін баға көтерілмек. Халықтың пікірінше, сапасын жақсартып бағасын көтерсе орынды болар еді. Алайда сапа жоқ, баға өсіп жатыр.
«Бізде бірнеше оператор болса, бәсеке болу керек еді. Бәсеке болғанда, баға төмендеу керек. Ал бәрінің тарифі бір уақытта өсіп жатса, бұл келісім, бассыздық, бақылаудың жоқтығы», — дейді халық.
«Сапасын жақсартса, интернеттің жылдамдығы артса, біз төлеуге дайынбыз. Ал қазір не үшін төлейміз?», — деп жазып жатыр наразы халық.
Сарапшылар бұл мәселені шешудің бірнеше жолдарын атап өтті.
1. Заңды күшейту
— Тарифті біржақты көтеруге тыйым салу.
— Қызмет сапасы сапасыз болса — операторға өтем беру міндетін енгізу.
— Тариф көтергенде шығын калькуляциясын ашық жариялау.
2. Мемлекеттік органдарды үйлестіріп, біріккен жұмыс ұйымдастыру
Құзырлы мекемелер тариф саясатын бақылауда бір тетікпен әрекет етуі тиіс.
3. Шынайы бәсекені қамтамасыз ету
Нарықты жаңа ойыншыларға ашу қажет. Бұл тарифтердің өсуін автоматты түрде тежеуге мүмкіндік береді.