Тарихи мұраны сақтау – болашаққа аманат - kaz.caravan.kz
  • $ 482.53
  • 555.44
+10 °C
Алматы
2026 Жыл
30 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тарихи мұраны сақтау – болашаққа аманат

Тарихи мұраны сақтау – болашаққа аманат

Тарих – ұлттың жады. Ал, сол жадыны сақтап тұрған құндылықтардың бірі – тарихи мұра. Көне ескерткіштер, археологиялық қазбалар, мәдени нысандар – барлығы да өткеннің үнін бүгінге жеткізетін баға жетпес қазына.

  • 27 Наурыз
  • 25
Фото: Айбар Қасенәлі

Қазіргі таңда тарихи мұраны сақтау мәселесі — тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені, бүгін қорғалмаған құндылық – ертең ұмытылған тарих.

Осы орайда археолог, философия докторы (PhD) Айбар Қасенәлі мырзамен Caravan.kz медиа порталының тілшісі сұхбаттасты.

-Еліміздегі тарихи-мәдени мұралардың қазіргі қоғамдағы рөлі қандай? Олар ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда нақты қалай әсер етеді?

-Шыны керек, біз үшін тарихи ескерткіштер тек қана ескі тастар немесе үйінділер емес. Тарихи-мәдени мұра бұрын да, қазір де, тіпті болашақта да қоғамда маңызды әлеуметтік, рухани және институционалдық рөл атқарады. Олар тек қана өткен дәуірдің жәдігері ғана емес, бүгінгі ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын факторлардың бірі. Археологиялық нысандар, архитектуралық ескерткіштер мен қасиетті орындар арқылы қоғам өз тарихының терең тамырын танып, уақыт пен ұрпақ арасындағы сабақтастықты зерделейді.

Мәдени мұраның ұлттық бірегейлікті сақтаудағы әсері, ең алдымен, халықтың тарихи жады арқылы көрініс табады. Бұл ескерткіштер халықтың ортақ тарихын айқындайды, ұлт ретінде өзін-өзі тануына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тарихи-мәдени мұралар арқылы ата-бабаға құрмет, жерге деген сүйіспеншілік пен дәстүрлі құндылықтар жүйесі қазіргі қоғамда жаңа мазмұнға ие болады. Бұл үдеріс заманауи білім беру, іргелі ғылыми зерттеулер және цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асырылуда. Яғни, тарихи-мәдени мұралар «ұлттық кодтың» ажырамас бөлігіне айналып, қоғамның ішкі тұтастығын нығайтуға және патриоттық сананы қалыптастыруға тікелей ықпал етеді

Елімізде тарихи ескерткіштерді қорғау және сақтау бағытында қандай нақты мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр?

-Әрине, кез-келген ескерткіш ол мемлекеттің, сол жердегі тұрып жатқан халықтың мұрасы. Мемлекеттің басты мақсаты осы ескерткіштерді сақтау, оларды зерттеу мен насихаттау. Осы уақытқа дейін бірнеше іргелі зерттеу бағдарламалары болды. Олардың ішінде маңыздылары «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» және т.б. Бұл бағдарламалар аясындағы жұмыстардың нәтижесінде өткеніміз біршама түгенделді. Жаңа ғылыми пайымдалулар жасалды.

Мәселен, бұл бағдарламалардан бөлек тарихи-мәдени мұраны сақтау мен қорғау, пайдалану саласында заңдық нормалар да заман талабына сай жетілдіріліп келеді. Яғни, Қазақстанда тарихи-мәдени мұраны қорғау тек мемлекеттік бағдарламалармен ғана емес, сонымен қатар, заңнамалық негіз арқылы да реттеледі. Соңғы жылдары осы саладағы құқықтық базаны жетілдіру мақсатында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңға жаңа редакцияда өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл жаңартулар ескерткіштерді есепке алу, қорғау аймақтарын белгілеу, реставрация және пайдалану тәртібін нақтылауға бағытталған.

Әрине, бұдан бөлек еліміздің әрбір өңірінде тарихи-мәдени мұраны сақтау және зерттеу бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар көбіне жергілікті ерекшеліктерге негізделіп, нақты аймақтың тарихи әлеуетін ашуға бағытталған. Облыстық деңгейде археологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, жаңа ескерткіштер анықталып, оларды есепке алу және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар бірқатар нысандарда реставрация және консервация жұмыстары қолға алынып, тарихи орындардың инфрақұрылымы жақсартылуда.

Мәселен, 2026 жылы Ұлытау облысында Бесобалы және Ақшоқы қорымдарында ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жобалар өңірдегі маңызды археологиялық нысандарды сақтауға, олардың құрылымдық ерекшеліктерін қалпына келтіруге және ғылыми тұрғыдан кешенді зерттеуге бағытталған. Аталған жұмыстар барысында ескерткіштердің бастапқы келбетін мүмкіндігінше сақтау, бүлінген бөліктерін консервациялау және олардың тарихи құндылығын ашу басты назарда болады.

Осындай бағыттағы жұмыстар тек Ұлытау өңірімен шектелмей, еліміздің басқа облыстарында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әр аймақта жергілікті тарихи-мәдени ерекшеліктерге сәйкес археологиялық зерттеулер жүргізіліп, ескерткіштерді қалпына келтіру, қорғау және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары атқарылуда. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы тарихи мұраны сақтау ісінің кешенді әрі тұрақты сипат алғанын көрсетеді.

Фото: Айбар Қасенәлі
Фото: Айбар Қасенәлі

-Сіздің байқауыңызша, қазіргі жастар тарихи мұраларға қаншалықты қызығушылық танытады?

-Қазіргі жастардың тарихи мұраларға қызығушылығы біркелкі емес, бірақ жалпы алғанда оң динамика байқалады. Әсіресе соңғы жылдары ұлттық тарихқа, киелі орындарға және мәдени құндылықтарға деген қызығушылықтың артқаны анық көрінеді. Бұл үрдіс ең алдымен, білім беру жүйесіндегі өзгерістермен, медиа кеңістіктің кеңеюімен және цифрлық технологиялардың дамуына байланысты қалыптасып отыр.

Жастардың бір бөлігі тарихи мұраларға саналы түрде қызығушылық танытып, археология, этнография, өлкетану бағыттарында белсенділік көрсетуде. Университеттік жобалар, ғылыми экспедициялар, волонтерлік бастамалар арқылы олар нақты зерттеу жұмыстарына қатысып жүр. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тарихи орындар туралы контенттің көбеюі, деректі фильмдер мен қысқа видеолардың таралуы жастардың назарын аударудың тиімді құралына айналды. Мысалы, киелі жерлерге саяхат, тарихи реконструкциялар, 3D модельдеу сияқты заманауи форматтар қызығушылықты арттыруда.

Алайда, барлық жастар бірдей деңгейде қызығушылық танытады деуге болмайды. Қалалық ортада, әсіресе цифрлық ойын-сауыққа көбірек көңіл бөлетін аудитория арасында тарихи мұраға деген қызығушылық төмен болуы мүмкін. Бұл жағдайда ақпаратты ұсыну форматы үлкен рөл атқарады: дәстүрлі академиялық тәсілдерден гөрі интерактивті, визуалды және қысқа форматтағы контент тиімдірек.

Жалпы алғанда, қазіргі жастар тарихи мұраларға қызығушылық танытады, бірақ бұл қызығушылықты тұрақты әрі терең деңгейге жеткізу үшін оны заманауи тілде, қолжетімді форматта және практикалық тәжірибемен ұштастыра отырып дамыту қажет.

Алматы маңында  ірі мәдени жоба – жаңа музейдің құрылысы басталады. Ол жерде заманауи өнер болатыны айтылған. Осы жөнінде айтарыңыз…

-Ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұраны насихаттауда музейлердің орны ерекше. Олар тек жәдігерлерді сақтайтын мекеме ғана емес, сонымен қатар қоғамға тарихи білім беретін, мәдени құндылықтарды жүйелейтін және көпшілікке қолжетімді ететін негізгі алаң болып табылады. Соңғы жылдары бұл салада жаңа тенденция байқалып отыр: музей ісіне жекелеген тұлғалардың қызығушылығы артып, жеке бастамалар арқылы жаңа музейлер ашу үрдісі күшейе түсуде.

Мұндай тұрғыдағы тенденция еліміздің бірқатар облыстарында байқалады. Соңғы уақыттағы ақпарат бойынша айтып өткеніңіздей, Алматы маңында да болашақта жаңа музей бой көтермек.

Бұл үрдіс музейлердің тек мемлекеттік емес, сонымен қатар жеке сектор арқылы да дамып келе жатқанын дәлелдейді. Нәтижесінде тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттау ісі кеңейіп, жаңа форматтар мен заманауи тәсілдер енгізіле бастады. Мұндай бастамалар мәдени саланың серпінді дамуына және қоғамның тарихи мұраға деген қызығушылығының артуына оң ықпал етеді.

-Еліміздегітарихи мұраларды кеңінен насихаттауда қай бағытқа басымдық беру керек: туризм, медиа контент әлде білім беру жобалары ма?

-Жоғарыда айтып өткенімдей, тарихи мұраларды насихаттауда қазіргі кезеңде телевизиялық жобалар мен әлеуметтік желілердің әсері айрықша жоғары. Себебі, бұл құралдар ақпаратты кең аудиторияға жылдам әрі қолжетімді форматта жеткізуге мүмкіндік береді. Телевизиялық бағдарламалар, деректі фильмдер мен арнайы жобалар тарихи тақырыптарды жүйелі, кәсіби және көрнекі түрде ұсына отырып, көрерменнің қызығушылығын арттырады. Әсіресе, тарихи реконструкциялар, экспедициялық түсірілімдер мен сарапшылар қатысатын бағдарламалар көрерменге ғылыми негізделген әрі тартымды контент ұсынады.

Ал, әлеуметтік желілер бұл үдерісті жаңа деңгейге көтерді. Қысқа видеолар, инфографика, анимация және 3D модельдер арқылы тарихи мұра жеңіл, әрі тез қабылданатын форматта таралады. Жастар аудиториясы үшін дәл осы платформалар негізгі ақпарат көзіне айналғандықтан, тарихи контенттің де осы ортада белсенді болуы аса маңызды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер интерактивтілік мүмкіндігін береді: пікір алмасу, талқылау, блогерлер мен сарапшылардың қатысуы арқылы тарихи тақырыптарға қызығушылық күшейеді.

Осыдан бірер жыл бұрын мемлекеттік арналарда көрсетілген «Жұмбақ жер» бағдарламасын тарихи мұраны насихаттаудың табысты үлгілерінің бірі ретінде ерекше атап өтуге болады. Аталған жоба балалар мен жасөспірімдер аудиториясына бағытталып, тарихи-мәдени нысандарды қызықты әрі қолжетімді форматта таныстырды. Бағдарламада археологиялық орындар, киелі мекендер, аңыздар мен тарихи деректер ойын элементтері мен саяхат форматы арқылы беріліп, жас көрерменнің қызығушылығын арттыруға мүмкіндік жасалды.

«Жұмбақ жердің» басты ерекшелігі – күрделі ғылыми ақпаратты жеңіл тілмен, визуалды және интерактивті тәсілдер арқылы жеткізуінде. Бұл балалардың тарихи танымын ерте жастан қалыптастырып, туған жерге деген қызығушылығын оятуға ықпал етті. Сонымен қатар, мұндай жобалар тек ақпарат беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың тиімді құралына айналады.

Одан кейінгі жылдары «Қазба қазыналары» бағдарламасы да тарихи мұраны насихаттау бағытында оң нәтиже берген жобалардың бірі болды. Бұл жоба археологиялық зерттеулерді, қазба жұмыстарының барысын және табылған тарихи жәдігерлерді кең аудиторияға түсінікті әрі тартымды форматта жеткізе алды. Бағдарлама арқылы көрермендер нақты ғылыми процеспен танысып, археология саласының маңызын тереңірек түсіне бастады.

«Қазба қазыналарының» ерекшелігі – тек дайын нәтижені емес, зерттеу процесінің өзін көрсетуінде. Қазба барысындағы қиындықтар, табылған артефактілердің ғылыми талдауы, мамандардың пікірлері көрерменге тарихи мұраның қалай зерттелетінін нақты көрсетеді. Бұл — өз кезегінде тарихи мұраға деген сенімділік пен қызығушылықты арттырады.

Мұндай жобалар телевизиялық контенттің тек ақпараттық емес, ағартушылық рөлін де айқындайды. Олар ғылыми білімді көпшілікке жақындатып, әсіресе жастар арасында археология мен тарихқа деген қызығушылықтың қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан, «Жұмбақ жер» және «Қазба қазыналары» сияқты бағдарламалар тарихи мұраны насихаттаудың тиімді үлгісі ретінде қарастырылып, болашақта осы бағыттағы жобаларды дамыту қажеттігін көрсетеді.

Фото: Айбар Қасенәлі

Алдағы 1020 жылда Қазақстандағы тарихи мұраларды сақтау және таныту саласында қандай өзгерістер болуы мүмкін деп болжам жасайсыз?

-Алдағы 10-20 жылға қандай өзгерістер болатынын болжау қиындау, әрине. Себебі, қазіргі таңда зерттеу технологиялары қас-қағым сәтте өзгеріп жатқанын көрудеміз. Мәселен, бірнеше жыл бұрын жасанды интеллект туралы ақпарат азғантай көлемде болса, қазір аяқ алып жүре алмайсыз. Осыған қарағанда әлем түбегейлі өзгеру үстінде.

Егер де жалпы алдағы уақыт туралы айтатын болсақ, келесі 5-жылдық «Қазақстан археологиясындағы трансформация кезеңі» деуге болады. Мұндағы өзгерістер ең алдымен технологиялық даму, басқару жүйесінің жетілдірілуі және қоғам сұранысының өзгеруімен байланысты болады.

Яғни, цифрландыру үдерісі негізгі бағытқа айналады. Археологиялық нысандар мен тарихи ескерткіштерді 3D модельдеу, лазерлік сканерлеу, GIS-технологиялар арқылы толық цифрлық базаға енгізу кеңінен жүзеге асады. Нәтижесінде «цифрлық мұра» қалыптасып, зерттеушілер мен қоғам үшін ашық әрі қолжетімді деректер қоры пайда болады.

Екіншіден, ғылыми тәсілдер күшейеді. Болашақта археология, антропология, генетика, геофизика сияқты салалардың тоғысында кешенді зерттеулер артады. Радиокөміртектік мерзімдеу, ДНҚ талдауы, изотоптық зерттеулер кеңінен қолданылып, тарихи процестерді бұрынғыдан да нақты реконструкциялауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан тарихының жаңа ғылыми интерпретацияларын қалыптастыруға әкеледі.

Үшіншіден, басқару және құқықтық жүйе одан әрі жетілдіріледі. Тарихи-мәдени мұраларды қорғау саласында халықаралық стандарттарға жақындау, бақылау тетіктерін күшейту және жеке секторды тарту үрдісі байқалады. Мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестік негізінде ескерткіштерді сақтау мен пайдалану тәжірибесі кеңеюі мүмкін.

Қорытындылай келе, алдағы онжылдықтарда Қазақстандағы тарихи мұраны сақтау мен таныту саласы дәстүрлі тәсілдерден цифрлық, ғылыми және интерактивті модельге өтеді. Бұл өзгерістер тарихи мұраны тек сақтап қана қоймай, оны қоғам өмірінің белсенді және заманауи бөлігіне айналдыруға мүмкіндік береді.

-Айбар мырза, сұхбат үшін көп рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін