Жарияланды: 640

Тәртіп сақшылары 19 жастағы азаматты атып өлтірді деген шағым түсті

Тәртіп сақшылары 19 жастағы азаматты атып өлтірді! Астанадағы редакциямызға осындай арыз-шағыммен марқұм болған жігіттің туыстары келді. Олардың айтуынша, жол полициясының өкілдері қызмет  бабын асыра пайдаланып, жазықсыз адамға оқ атқан.

Аталмыш оқиға өткен аптада орын алған. Сол күні Сержан Айнабеков достарымен бірге мейрамханада қыдырған. Алайда  көңілді кештің  қайғылы аяқталатынын ешкім сезген де жоқ. Тойдан шыға сала, алты жігіт көлікке мінген. Жүргізушіден басқасы бәрі ішімдік ішкен. Орта жолда полиция қызметкерлері күдікті көрінген темір тұлпарды тоқтатпақ болады. Алайда тәртіп сақшыларын байқамаған жүргізуші әрі қарай жүре берген. Оларды әрең тоқтатқан полиция қызметкерлері жолаушыларға «күш қолданды»  дейді куәгерлер.

Өркен Болысбаев, куәгер:

- Терезені тепкілеп сындырмақ болды, сынбай қалды, тапаншамен ұрып сындырды.  Қолын ішке тығып, сосын  атылған дыбыс естідік, түтін шықты. Сол кезде менің жанымда отырған Сержан алға құлайды. Тәртіп сақшылары артқы есікті ашып, бізді  далаға шығарып, ұрып, тепкілеп, кісеңдеп тастады.

Болат Омаров, куәгер:

-  Оларды тергеп, қан алды. Ал  МАИ  қызметкерлері қазір жүр,тірліктерін жасап,  ал өздері адам өлтірді.  Төрт МАИ қызметкері, қазір келсін, түсіндірсін бізге, мүмкін сол кезде бірдеңе ішкен, не шегіп алған шығар.

Ауыр жарақат алған Сержан оқиға орнында көз жұмды. 19 жастағы азамат елордаға Шымкенттен жақсы жұмыс тауып, отбасын құру мақсатымен келген. Енді туыстары погон таққандарды жауапқа тартуды талап етеді. 

Әділхан Айнабеков, С.Айнабековтың әкесі:

- Мен ізденем, басқа ештеңе жоқ. Заңмен жазалансын. Басқа ештеңе талап етпеймін. Телеарна арқылы бүкіл халық көрсін,заң қызметкерлері қандай жауыздық жасағанын, сонда бізге заң бар да,олар үшін жоқ па?!Парламентке дейін барам!

Бұл адамдардың айтуынша, бейбіт тұрғындарға қарсы қару қолданған полицейлер ештеңе болмағандай жұмыстарын жалғастыруда. Бүгін Айнабековтар арыз-шағымдарын прокуратураға жолдады. Ал Ішкі істер органдары әзірге қандай да бір түсініктеме беруге асығар емес.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін