Өзбекстанда 2015 жылы тиісті заңға өзгерту енгізілген еді. Соған сай, елде биыл тұңғыш рет сайлау алдындағы үгіт-насихатқа тыйым салатын «тыныштық күні» болып жатыр.
Заң бойынша, насихат материалдары бүгін таңғы сағат 6-да алынып бітті, деп хабарлайды «РИА Новости». «Тыныштық күні» үміткерлер тек халықты сайлау учаскелеріне келуге шақырумен шектеледі.
Президент сайлауына үміткер ретінде Либерал-демократиялық партиядан Шавкат Мирзияев, «Миллий тикланиш» («Ұлттық өрлеу») Ұлттық демократиялық партиясынан парламент төменгі палатасының вице-спикері Сарвар Отамурадов, «Адолат» («Әділет») Социал-демократиялық партиясынан осы ұйым басшысы Наримон Умаров және Халық-демократиялық партиясынан осы ұйым басшысы Хотамжон Кетмонов қатысады.
Айта кетейік, Өзбекстанның тұңғыш президенті биыл 2 қыркүйекте 78 жасында инсульттен қайтыс болған еді. Ал мемлекет басшысы қызметін уақытша атқарушы болып Шавкат Мирзияев сайланды.