Жарияланды: 480

Ташкенттегі ұшақ апатынан 36 адам қаза тапты

Ташкенттегі ұшақ апатынан барлығы 36 адам, соның ішінде 32 жолаушы мен экипаждың 4 мүшесі қаза тапты. Бұл туралы "Узбекистон хаво-йуллари" ("Өзбекстан әуе жолдары") әуе компаниясының Мәскеудегі бас өкілі Эдуард Мирзоянның мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып Ресейдің "Новости" ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, Өзбекстан Ұлттық әуе компаниясына қарасты Як-40 ұшағы Ташкент әуежайына қонуға бет алған сәтте апатқа ұшырады. Ұшақ Термез-Ташкент бағытынан оралған болатын. Ташкент түбінде қона беріп жарылып кеткен Як-40 ұшағының бортындағы жолаушылардың арасында шетелдік екі азамат болды деген мәлімет бар. Ұшу қауіпсіздігін қадағалау жөніндегі Өзбекстан мемлекеттік инспекциясының оперативті кезекшісінің телефон арқылы хабарлауынша, "ұшақ бортында алыс шетелдерден екі азамат болған". "Узбекистон хаво-йуллари" әуе компаниясы" КСРО ыдырағаннан кейін құрылған ТМД аумағындағы ең қуатты әуе компанияларының бірі ,- деді РФ Мемлекеттік азаматтық авиация қызметінің өкілі Владимир Масенков Ресейдің "Новости" ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында. Қазір Як-40 ұшағының апатына қатысты барлық мәліметтер Мемлекетаралық авиациялық комитетке (МАК) жолдануда. "Узбекистон хаво-йуллари" әуе компаниясы"-ның Ташкенттегі өкілінің "Новости" ақпараттық агенттігіне хабарлауынша, Ташкентте болған ұшақ апатының себеп-салдарын МАК зерттейді. МАК құрамына барлық ТМД елдерінің өкілдері қамтылады. Балтық жағалауы елдерінің өкілдері комитетке бақылаушы ретінде қатысады. Як-40 ұшағы жергілікті әуе жолдары арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдауға арналған. Ұшақ жобасы 1965-жылдың сәуір айында жасала бастаған. Алғашқы ұшақ 1966-жылдың 21-қазанында сапарға шықты. Як-40 жергілікті әуе желілеріне арналған дүниежүзіндегі тұңғыш реактивтік ұшақ болумен бірге Кеңес Одағында жасалған ұшақтардың арасынан бірінші болып ГФР мен Италияның ұшуға жарамдылық туралы сертификатына ие болды. Як-40 үш бірдей қозғалтқышпен қамтамасыз етілген, жерден көтерілу қуаты үлкен, ұшақ қанатына түсетін сыбағалы салмағы төмен көлік. Ұшақ асфальт төселмеген, құм немесе топырақ төсенішті жерлерден ұшып- қона береді. Отын қорын алып ұшқан жағдайда ұшу қашықтығы 700 шақырымға жетеді. Як-40 1968-1981-жылдар аралығында сериялы өндірілді. Барлығы 1011 ұшақ жасалып, оның 125-і экспортқа шығарылды. Қазір дүниежүзінде 300-ге жуық Як-40 ұшағы пайдаланылуда.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін