Тәуелсіз ұлттың лидері - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тәуелсіз ұлттың лидері

Тәуелсіз ұлттың лидері

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріне «ТӘУЕЛСІЗ ҰЛТТЫҢ ЛИДЕРІ» атты мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

  • 8 Шiлде 2011
  • 1073
Фото - Caravan.kz

***

Биылғы жылды біздің Отанымыз — Қазақстан Республикасы тарихындағы биік бір белесті жыл деп айтсақ, еш артық емес. Тәуелсіздіктің 20 жылы экономикалық өрлеу мен қоғамдық-саяси тұрақтылықтың кезеңіне айналып, қазақстандық ұлттың орасан жетістігін паш етіп отыр.

Бұл жетістік — біздің өз таңдауымыз. Қазақстандықтар өз таңдауын тәуелсіздік таңы енді ғана ата бастаған 1991 жылы жасап, барша халық өз тағдырын, өз елінің болашағын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сеніп тапсырған. Халық қалауының дұрыс шыққанын қазір уақыттың өзі-ақ көрсетіп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлына түскен таңдау — тәуелсіз жас мемлекет үшін шын мәнінде тарихи шешім болды.
Бірінші Президент барша қазақстандықтар үшін тек Конституцияның кепілі мен Мемлекет басшысы ғана болған жоқ. Ол ұлттың бүгінгі және ертеңгі күндегі нағыз Көшбасшысы, Тәуелсіздіктің атасы және Қазақстан жетістігінің символына айналды.
Қазір Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев — өз өмір жолын енді бастаған жас қазақстандықтар — тәуелсіздіктің құрдастары үшін де, халықаралық деңгейдегі тәжірибелі саясаткерлер үшін де үлгі болып отырған тұлға. Сол себепті де біздің жалпыұлттық көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аты адамзат тарихындағы ең ұлы мемлекеттік қайраткерлердің әлемдік шежіресіне алтын әріптермен жазылды.
Дәл осындай салтанатты сәттерде, Президенттің төл перзенті, ортақ мақсат, ортақ ұмтылыс, жетістіктер мен үміттеріміздің үйі болып табылатын Елордамыз — Астананың туған күнінде біз өз Отанымыздың тарихына ортақтастығымызды сезінеміз, бірлігіміз бен тұтастығымызды сезіп, өз күшімізге, болашаққа деген сеніміміз артады. Қазір де миллиондаған қазақстандықтардың кеудесін өз еліне, өзінің жалпыұлттық Көшбасшысына деген мақтаныш сезімі кернейді.

МЕМЛЕКЕТТІЛІК НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

Кеңес Одағының ыдырауы тәуелсіз өмір сүруге ғасырлардан бері талпынып келген халқымыздың арманын жүзеге асыруға бірегей мүмкіндік берді. Өйткені тәуелсіздік — абстрактілі түсінік емес еді. Бұл өзіндік ұлттық рухты жандандыру мүмкіндігі, өзіміздің тәуелсіз жолымызды жаңғырту мен жалғастыру мүмкіндігі.
Дәл осындай тарихи кезеңде қазақстандық қоғам жаңа тәуелсіз елдің сара жолын айқындау құқығын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сеніп тапсырды. Ұлы державаның күйреуінен кейін туған аласапыран кезеңдегі қауіптерге қарсы тұру үшін оған сенім артты. Қазақстандық лидер сол кездің өзінде-ақ мол басқарушылық тәжірибе жинақтаған беделді мемлекеттік басшы болатын. Оның көшбасшылық қасиеттері саяси қызметке енді кірісе бастаған кезінен байқалған. Қарметкомбинат парткомының жас хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары жақтарға бірнеше рет хабарласып, қырын қарағандардың қабағына қарамастан, ЦК КПСС Секретариатының отырысында Қазақстандық Магнитканың әлеуметтік жағдайын қарастыру мәселесін қойып, өз дегеніне жетті. Ақыры қазақстандық металлургтер отбасыларының өмірінде оң өзгерістер жасалды: Теміртауда жыл сайын 80 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріле бастады, балабақшалар, мектептер, Мәдениет сарайы, стадион, жүзу бассейні, санаторийлер мен демалыс үйлері салынды.
Әрине, жасы отыздан енді ғана асқан адамның мұндай тым батыл қадамдарға баруы үшін мықты мінез, мықты рух қажет. Ол кезде шешім қабылдау жүйесінің қалай орталықтанғаны мен қалай істейтіні белгілі. Одақ орталығынан Теміртау халқының әлеуметтік мәселелерін шешуді талап ету жауапкершілігін жоғарыда тұрған облыстық және республикалық басшылықтан ешкім де өз мойнына алуға дауалаған.
Ал Нұрсұлтан Әбішұлы бұл мәселені өткір тұсынан қойып қана қоймай, оның ең жоғары саяси деңгейде қарастырылуын ұйымдастыра білді, халықтың өмірін жақсартуға бағытталған нақты шешімдердің қабылдануына қол жеткізді. Осымен-ақ оның көшбасшылығы сол кезде байқалған. Нұрсұлтан Әбішұлының бойындағы сол кездегі қажырлы қайрат, қайсарлық, мәселені қоя білу мен оны жүйелі түрде шешу жолдарын ұсыну сияқты қасиеттері әлі де толысқан үстіне толысып келеді. Оның бұл қасиеттері, әсіресе, жалпыұлттық және халықаралық деңгейдегі мәселелерді шешу кезінде, тіпті қолына алған барлық істе байқалады. Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық тарихында оған тең келетін балама да болған емес. Өйткені оның Тәуелсіз Қазақстан құру жолындағы қызметі шын мәнінде жалпыұлттық жобаға айналды.
Бірінші Президент Қазақстанның алдында тұрған мемлекеттік міндеттерді терең түсініп, қоғамдық өмірдің барлық салаларын жаңартуға бағытталған ауқымды реформаларды қолға алды. Қоғамдық өмір мен қоғамдық қарым-қатынастағы түбегейлі трансформациялар да осы кісінің атымен байланысты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты тек елдің экономикалық қырын ғана өзгертіп қойған жоқ, ең бастысы — бірлік, тұрақты даму, бейбітшілік пен келісім сияқты құндылықтардан құрылған жаңа қазақстандық менталитеттің негіздері қаланды. Осы құндылықтардың барлығы да қоғамдық идеологияның іргетасына айналды. Қоғам мұны өзіне сіңіріп алды, осы құндылықтармен өмір сүре бастады. Дәл осы құндылықтарды бағалайтын қасиетіміз — қазақстандық қоғамды біріктіретін факторға айналды.
Нұрсұлтан Әбішұлына тән мемлекеттік ойлау қабілеті — қазақстандық жалпыұлттық жетістіктердің кепілі болып отыр. Президенттің ойшылдығы ең бірінші кезекте стратегиялық мақсаттар мен болашақтағы даму міндеттеріне негізделеді. Идеализм мен прагматизм арасындағы мінсіз тепе-теңдікті сақтай отырып, оптимизм мен реализмді керемет үйлестіре білетін Мемлекет басшысы барша азаматтардың тәуелсіз және гүлденген Қазақстан туралы армандарын жүзеге асырды.

РЕФОРМАЛАРДЫҢ СӘУЛЕТШІСІ

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдаған батыл да жүйелі шаралардың арқасында қазір біздер мақтаныш тұтатын әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізілді. Бастысы, өзге де жаңа тәуелсіз мемлекеттер дәл сол кездегі ұсақ-түйек мәселелерді шешуге бас қатырып отырғанда, біздің еліміз реформалардың ұзақ мерзімді стратегиясы бойынша даму жолын таңдады. Сонымен бірге, сол кездері тым алыс көрінген 2030 жылға дейінгі өз мақсаттарын айқындаған.
Тоқсаныншы жылдар ел экономикасының өрлеу феноменін дайындау мен қалыптастырумен өткен онжылдық болды. Дамуының алғашқы кезеңінде Қазақстан өз көшбасшысының басшылығымен қысқа мерзім ішінде посткеңестік транзиттен өтіп, түбегейлі құрылымдық өзгерістер жасай білді.
Ал жаңа мыңжылдыққа Қазақстан бұрынғы кеңестік елдердің ішіндегі алғашқылардың бірі болып қысқа мерзім ішінде экономикасын тұрақтандырып, өз ресурстарын белсенді түрде көбейтуге кіріскен ел ретінде кірді.
Екінші кезең — күш жинау онжылдығы болды. 2000 жылдары бар жұмыс күш біріктіруге бағытталды. Көшбасшымыздың осындай көрегендігінің арқасында осы онжылдықтың аяғында келген жаһандық экономикалық дағдарыстың салдары мен салқыны Қазақстан үшін қатты тиген жоқ.
Жалпыұлттық жетістігіміздің жарқын мысалы — біздің жаңа Астанамыз. Халықтың гүлденуін, бар қуаты мен күшін бойына жиған Астана — жаңа Қазақстанның символына, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Бұл — біздің қабілетіміздің, мүмкіндіктеріміздің, халқымыздың талпыныстары мен еңбекқорлығының үздік дәлелі.
Міне, бүгін де біз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытымен алға жылжи отырып, өз дамуымыздың үшінші кезеңіне, — жедел модернизацияның онжылдығына аяқ бастық. «Қазақстан — 2020» бағдарламасына енгізілген мақсаттар барша Қазақстанның дамуына тың серпіліс береді.
Осылайша тарихи өлшемдер бойынша тым қысқа мерзім ішінде 90-шы жылдардың басындағы экономикалық және саяси күйзелістен — жылдам дамып келе жатқан нарықтық экономикасы, саяси тұрақтылығы, ұлттар мен діндер арасындағы келісімі және халықаралық беделі бар қазіргі заманауи әлеуметтік мемлекетке дейін бірақ секірдік. Ал біздің Көшбасшымыз — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандық қарқынды дамудың» сәулетшісі атанды.
Ол ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізді, көпұлтты халық үшін Ортақ Үйге айналған, бүкіл әлем мойындап, құрмет тұтатын, жетістіктері мол Қазақстан мемлекетін құрды. Тәуелсіз Қазақстанның бар тарихы оның есімімен, Негіз қалаушы мен Көшбасшының атымен — Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты. Қазіргі Қазақстанның бар жетістіктері Президенттің оның саяси еркі, ерлігі мен батылдығының арқасында келді. Халықтың да Ұлт Көшбасшысымен бірге екенін бірнеше рет дәлелдегені тегін емес, халық көшбасшысымен бірге Тәуелсіз әрі гүлденген Қазақстанын ары қарай бірге көркейтуге ұмтылады.

БАРША ХАЛЫҚ СЕНІМ АРТҚАН ФЕНОМЕН

Расында да, қазақстандықтардың Нұрсұлтан Назарбаевты сөзсіз қолдайтыны осыдан 20 жыл бұрын басталған реформалардың сәттілігімен-ақ айқындалады. 20 жыл бұрын өзінің Көшбасшысына ерген жас республика ел мен қоғамның келбетін түбегейлі өзгерткен жойқын өзгерістерді бастап кетті. Ал халық сенімі мандатының жаңаруы үнемі ел үшін тарихи кезеңдерде болып тұрды. 1991 жылы — Қазақстанның тәуелсіздік алуы мен мемлекеттілігінің қалыптасуы, 1995 жылы — түбегейлі экономикалық және әлеуметтік реформалардың басталуы, 1999 жылы — азиялық қаржы дағдарысының салдарымен күресу.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз көптеген қиындықтармен бетпе-бет келіп, расында да құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрған. Өнеркәсіп өндірісі тең жартыға қысқарды, ауыл шаруашылығының өндірісі тіпті құруға айналған. Цехтар қаңырап бос қалды, станоктар металлға өткізіліп жатты. Өндірістік кәсіпорындар тоқтап қалды, жұмыссыздар саны жаппай өскен. Қазақстандықтардың күйі әбден кеткен. Халық, тіпті айлықтың, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақының не екенін ұмыта бастаған.
Еріксіз 80-ші жылдардың соңындағы Қарағандыны еске аламын. «Қарағандыкөмір» бірлестігі ғимаратының алдында митингке жиналған 20 мың адам шахтадағы жұмысын жалғастырудан бас тартқан еді. Кокс жеткізілмей қалғаннан кейін Қарметкомбинаттың пештері де тоқтай жаздады. Өңір индустриясының жүйелі түрде тоқтап қалуы қаупі туды. Шахтерлер алаңда бірнеше күн бойы тұрып, облыстық, мекемелік, тіпті кеңестік басшылықтың уәделерін қабылдамай тұрып алды. Жағдай тым ушыға бастаған. Міне, міне, жағдай уыстан шығып кететіндей көрінген сонда. Дәл сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының келуі ғана жағдайды өзгертті. Ол әуежайдан түсе сала алаңды бетке алып, ереуілге шыққан шахтерлермен кездесті. Әлі есімде, Нұрсұлтан Әбішұлы бізге өзіміздей, бір еркекше кеңес беріп, тынышталып, келіссөздерге кірісуге шақырды. Бір қызығы, ереуілге шыққан қалың топ та оның еркіне оңай бағынып, оған бірден сенді. Бірден бейне бір өз адамындай қабылдады.
Келіссөздер тым ұзаққа созылды. Бұл бір аса күрделі, қатаң, бәрімізді қыспаққа салған келіссөздер болды. Таңға жуық бірақ бітті өзі. Нұрсұлтан Назарбаев күтіп тұрған шахтерлерге шығып, келіссөздер нәтижесін хабарлады. Сонымен бірге, «болды, енді бәріміз жұмысқа кірісейік» деді. Бұл да халықтың сеніміне негізделген шынайы көшбасшылықтың көрінісі еді.
Сол себепті халық Нұрсұлтан Әбішұлына бірден сенді, ал Назарбаев осы барша халықтың сенімін үнемі ақтап келді. Президент әрқашан шындықты айтып келді. Зауыттар, цехтер болсын, ауыл болсын, сөз сөйлеген жұмысшылар алдында жалған сөйлемеді. Бірақ ең бастысы — ол әрқашан да ең дұрыс шешім ұсына алады — белгілі бір өндіріс үшін де, бүкіл ел, барша Ұлт үшін де ең оңтайлы шешім ұсынады.
Мұндай кездесулерден әрбір азаматтың кеудесінде үміт оты оянып, олар шынында да өзінің, өз елінің ертеңіне сенімді болып шығады. Осындай ұлттық Көшбасшымыз тұрғанда Тәуелсіз Қазақстанның тағдырдың небір тезіне төтеп беріп, гүлденіп кетеріне шүбә қалмайды. Ал Нұрсұлтан Әбішұлына бұрынғы кеңес елдері кеңістігінде стратегиялық ойлау қабілеті жағынан тең келетін мемлекеттік қайраткер некен-саяқ екеніне де халық әуел бастан сенген еді. Бір қызығы, мұндай кездесулер туралы әңгімелер халық аузында көптеп тараған, менің ойымша, қазақстандықтардың көпшілігі сол кезде-ақ өзінің — Тәуелсіз Қазақстан және оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев деген тарихи таңдауын жасаған болса керек.
Биылғы сайлау да еліміздің әлемдік қаржы дағдарысының салдарын жеңіп, кең ауқымды жан-жақта модернизацияға кіріскелі тұрған шағында өтті.
Шынтуайтына келгенде, қазақстандықтар өз өміріндегі басты таңдауды 2011 жылдың 3 сәуірінде емес, осыдан 20 жыл бұрын, тәуелсіздіктің таңы енді ата бастаған 1991 жылы-ақ жасапты. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі алғашқы күндерінен бастап Бірінші Президент өзінің әрекеттерімен күн сайын өз елі мен өз халқына деген адалдығын көрсетіп келді. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де өзінің сайлауалды шарасының құр сөздер емес, — ел мен әрбір қазақстандықтың мүддесіне бағытталған саясат бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл жерде саяси феномен жайында емес, адам, азамат феномені жайында, Президенттің Ерлігі туралы айтқан жөн болар. Ия, ерлік. Өйткені Қазақстанның әрбір азаматының өміріндегі оң өзгерістер біздің Көшбасшымыздың еркінің арқасында жасалды. Дәл осы себепті қазақстандықтар Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақ мақсаттарға жету үшін өз айналасына қоғамды ұйыта алатындай мықты күшке ие екенін тағы да дәлелдеді.
Бүкіл ұлт өзінің Көшбасшысына дауыс берді, өйткені Нұрсұлтан Әбішұлы тек өткен жетістіктеріміздің ғана емес, ең алдымен болашақ жеңістеріміздің де белгісі іспеттес.
Біздер, Президенттің жақтастары мен үзеңгілестері биыл көктемде сайлауалды шаралары барысында демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы құрамында бүкіл елді аралап шығып, барлық облыстар, қалалар мен ауылдарға барып, өндіріс алаңдарында, студенттер аудиториялары мен көптеген мыңдық митингтерде кездесулер өткіздік. Барлық жерде де қазақстандықтардың өз Көшбасшысына қандай шынайы махаббат пен сыйлы көзқараспен қарайтынын көрдік. Халық Президентке жылы тілектерін, мықты денсаулық пен өмірлік қуат, ісіне сәттілік пен алдағы жоспарларының орындалуын тілеп жатты. Біз барлық қазақстандықтардың өз Көшбасшысына деген мықты сеніміне куә болдық, өйткені біздің елімізді әлемдегі алғашқы қатарларға шығарға осы бағытқа балама жоқ, әлі болған да емес. Елдің әрбір азаматы өз тағдырының қожайынына айналды.
Сөзі ісінен ешқашан да алшақ кетпеген мемлекеттік қайраткерге, бар өмірін елі мен халқына арнаған ұлы саясаткерге балама жоқ. Әрине, халықпен жаны бір болған Көшбасшыға да ешқандай балама жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігінің сәулетшісі ғана болып қоймай, өз елінің символына айналды.
«…Мен Мемлекет басшысының еңбегі қандай болатынын білемін — бұл өте ауыр жүк, — деді Нұрсұлтан Әбішұлы ұлықтау рәсімінде, — осы жылдардың ішінде мен бүкіл Қазақстанды шарлап шықтым, мен болмаған ауылдар мен аудандар аз, — шаруаның, жұмысшының, әйелдің, жігіттің, студенттің, ғалымның, бәрінің жанын түсінуге тырысамын. Конфуций айтқандай: халықты басқарғың келсе, оның соңынан ер».

БҮГІНГІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ — ЕРТЕҢГЕ ДЕГЕН СЕНІМ

Қазір біз әлеуметтік-экономикалық өмірді жетілдіру мен Қазақстанның гүлденуіне жағдай туғызу бағытымен сенімді түрде келеміз. Біздің Көшбасшымыздың барлық жоспарлары қазақстандықтардың белсенді қолдауына негізделеді. Меніңше, мұндай сөзсіз сенімнің сыры тек Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған мақсаттары мен міндеттерінің ылғи да толығымен және дер кезінде орындалатынында ғана емес. Мұның ең басты сыры — Бірінші Президенттің барлық реформалары мен бастамалары бірінші кезекте елдің әрбір қарапайым азаматының мүддесіне, еліміздің әрбір болашақ азаматының мүддесіне бағытталғанын барлық қазақстандықтар біледі.
Көшбасшы өзінің барлық стратегиялық жоспарларында «бірлік», «тұрақтылық» және «даму» деген түсініктерді мықты үйлестіре алады. Осы құндылықтар Қазақстандағы барлық жалпыұлттық жобалардың өзегіне айналып, біздің ортақ жетістіктеріміздің негізі болып табылады. Ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім қазақстандықтар үшін баға жетпес құндылық қана емес, күнделікті өміріміздің бір ажырамас бөлшегіне айналды, біздің менталитетіміздің ажырамас категориясы болып отыр.
Күнде келіп тұратын әлемдік жаңалықтар кейде жағамызды ұстатып, өзге елдердегі адамдарға жанымыз ашып қана қоймай, кейде бір сәт бізді ойландырып та тастайды. Қазақстандық қоғамдағы халық бірлігі мен келісімінің кепіліне айналған Ұлт Көшбасшысының көрегендігін пайымдаймыз.
Қазір Батыста, тіпті ең дамыған деген демократиялық мемлекеттер мен қоғамдардың өзінде мультикультуризм саясаты қайта қарастырылуда, ал біздің елімізде әлі күнге дейін көптеген этностар қатар бейбіт тірлік кешуде, мешіт, храм, костел, синагогалар мен мінәжат үйлері көрші тұр. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді. Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және Ислам ынтымақтастығы ұйымы сияқты халықаралық беделді институттарға төрағалық етуі-қазақстандық модельді өзгелердің мойындағанының белгісі.
2010 жылдың желтоқсан айында өткен Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитін шын мәнінде Қазақстан мен ең алдымен Ел Президентінің, «Нұр Отан» партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңісі деп бағалауға болады. Дәл біздің мемлекетіміздің басшысы аймақтық қауіпсіздікті күшейтуде маңызды рөл атқара білді.
Саммиттің қорытынды декларациясын талқылаудағы күрделі келіссөздерді бүкіл ел демін ішіне тартып бақылап отырды. Біздер, ресми делегацияның мүшелері осынау аса маңызды құжаттың қандай күрделі жағдайда талқыланғанына куә болдық. Осы жағдайдың өзінде Нұрсұлтан Әбішұлы ондаған жылдар бойы келіссөздер үстеліне отырмаған бітіспес тараптардың арасын жалғайтын жолдар тапты. Ол келіссөздерді нақты, сенімді жүргізді. Кейде жағдай талабына сәйкес қатаң мінез де байқатты. Көшбасшымыздың ерен еңбегінің нәтижесінде жалпыеуропалық жетекші ұйымның болашаққа бағытталған жаңа басымдықтарын айқындаған тарихи Астана декларациясы қабылданды.
Осымен-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия кеңістігіндегі бір мемлекеттің басшысы ретіндегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі саясаткер ретіндегі феномені ашылды.
ЕҚЫҰ Саммиті, ШЫҰ мерейтойлық Саммиті, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің өткендегі отырысы біздің еліміздің беделінің артқанын көрсетеді, Көшбасшымыздың әлемдік саяси аренадағы салмағын, Астананың жаһандық және аймақтық саясаттағы маңызды орталыққа айналғанын айғақтайды.
Бірақ ең бастысы, — біздің барлық жетістіктеріміз артқа шегінбейді, Нұрсұлтан Назарбаевтың реформалар саясаты да кері жүрмейді. Көшбасшының саясатын қазақстандықтардың басым бөлігі қолдайды. Сол себепті де біз болашаққа сеніммен қараймыз, Қазақстан өзінің жаңа тарихында тұңғыш рет үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қабылдаса да, мұндай реформаға халық сеніммен қарайды. Өйткені бізде жалпыхалықтық бірлік бар — барша қазақстандық өз Президентінің жанына шоғырланған, халықтың жағында ең ықпалды да ең ірі партия — «Нұр Отан» партиясы бар. Президенттің партиясының қатарында белсенді де саналы қазақстандықтар бар. Олар өздерінің күнделікті жұмысында бар күш-қуатын Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағыттайды, ел алдында тұрған әлеуметтік экономикалық міндеттерді шешуге барынша атсалысады.
Қазір Қазақстан халқының патриоттық, прогрессивтік күштері Қазақстанның гүлденуі жолында бірігіп, елдегі жалпыұлттық қозғалысқа айналды.
Біздің 2020 жылға дейінгі партиялық бағдарламамыз елімізді одан әрі көркейтуге, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған халықтық жоспарға айналды.
Көшбасшымыз бізге жаңа онжылдықта жұмыс істейтін жаңа нақты бағыттарды беріп қана қоймай, біз үшін аса күшті біріктіретін күш болып табылады.
Біз жетістіктерімізге сенеміз, өйткені оның кепілі Мемлекет басшысы, оның маңайына адамдарды жинай алатын қасиеті, халыққа сенім ұялату мен қуат беретін қабілеті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының саяси бағыты әрқашан да болашаққа негізделген, әрқашан да бүге-шігесіне дейін ойластырылған, жүзеге әрқашан да асырылады. Оның саясатында үнемі жаңашыл идеялар бар, Қазақстанның бар өмірін модернизациялау мен ескі әдістерге тойтарыс бар. Осы ресурстар Қазақстанды дамушы елдерден дамыған елдердің қатарына шығаратын алдағы онжылдықтың стратегиясына да қаланған.
Қазақстандықтар өз Президентінің көшбасшылығымен өз елін әлем алдында экономикалық дамыған, саяси тұрақты мемлекет ретінде таныта білді. Осы жетістігімізбен біз мақтана аламыз. Біздің халқымыз қазіргідей бүкіл әлем үшін қауырт кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбасшылығы қажет екенін түсінеді. Бірақ оның болашақтағы президенттігі де өмірдей қажет екенін түсіну одан да маңыздырақ. Өйткені Елбасының ойлайтын ең басты қамы әрқашан да халықтың мүддесі болған.

Соңғы жаңалықтар