Тау-кен метталлургия конгресі Қазақстанның дамуына оң ықпал ететін болады - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тау-кен метталлургия конгресі Қазақстанның дамуына оң ықпал ететін болады

Тау-кен метталлургия конгресі Қазақстанның дамуына оң ықпал ететін болады

Астана күні мерекесі қарсаңында ASTANA MINING & METALLURGY атты 2-ші халықаралық тау-кен металлургия конгресі болып өткен еді.

  • 8 Шiлде 2011
  • 663
Фото - Caravan.kz

Халықаралық форум жұмысына 25 елден 250 компанияның 900 делегаты қатысты. Қазақстан, Ресей, АҚШ, Жапония, Италия, Беларус, Австрия, Швейцария, Испания, Үндістан сынды елдердің тау-кен метталлургия саласы өкілдерінің арасында ашық пікір алаңы қалыптасып, өзара тиімді меморандумдар мен келісім-шарттарға қол қойылды. Әлемнің алпауыт тау-кен компанияларының қолдауымен шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, қатысушылар өзекті мәселелерді бірлесе талқылады. Алдағы уақытта тәжірибелер алмасу үшін қолайлы жағдайларға жол ашу мәселелері де әңгіменің өзегіне айналған болатын. Осыған орай, конгресске қатысушы Стамбұл техникалық университетінің математика профессоры Орхан Куралмен сұхбаттасып, мәртебелі мейманды Қазақстанның тау-кен саласының дамуы жайында да әңгімеге тартқан едік.

-Профессор мырза, Қазақстан тау-кен металлургиясының екінші конгресіне қатысудағы мақсатыңызды айтып өтсеңіз?

— Мен Қазақстанның елордасы Астанада өткен осынау форумда көмір технологиясы тақырыбы төңірігінде баяндама жасаған едім. Жалпы, адамзат дамуында көмір пайдалы қазбасының алар орны ерекше. Көмір — қазіргі заманғы энергияның аса маңызды көздерінің бірі болып қала береді. Өйткені, мұнай да, газ да белгілі бір уақытта түгесіледі, ал көмірдің қоры мол. Ең бастысы, оны тазартып пайдалана білген абзал. Бұл ретте Қазақстан пайдалы қазбалар мен минералды ресурстарға аса бай мемлекеттің бірі. Қазақстанның аумағының өзі Түркиядан 3,5 есеге үлкен. Ендеше оның ресурстары да, қоры да аса мол деп ойлаймын. Оның ішінде көмір кен орындарының Қазақстанда орналасуы да жағымды әрі бұл — елдің экономикалық дамуындағы орны ерекше қазба байлығы болып табылады. Түркияда көмір бар, бірақ металл қорытпасы үшін аса қажетті болып табылатын коксты көмір өте аз. Сондықтан да Қазақстан осындай көмір ресурстарын тиімді пайдаланса, бұл бағытта әлі де ұтары мол болмақ.

— Сіз Қазақстанның жалпылама металлургиялық саласының даму деңгейін қалай бағалар едіңіз?

— Қазақстан өзін өткен жылдар ішінде экономикада оң даму даңғылына түскен мемлекеттің бірі ретінде көрсете алды. Қазіргі ұстанған бетбұрысы да құптарлық. Өйткені Қазақстанға рынокқа шикізатты шығарып қана қоймай, өндіріске жоғары технологияларды енгізуді және қосылған құн салығы жоғары болып табылатын түпкі өнімді шығаруды жүзеге асыра түскені абзал. Бұл ретте Қазақстан Үкіметінің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудағы ұмтылысын жоғары бағалауға болады. Бұндай секіріссіз салада серпіліс те болмайтыны белгілі. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға билік жан-жақты қолдау жасап, оған бизнес құрылымдарын тартуды да қарастырып жатыр. Ендеше, түпкі нәтиже де жақсы көрсеткішке жеткізетініне сенім бар. Яғни, Қазақстанда индустриялық-инновациялық даму бойынша жақсы қадам жасалды. Ал алдағы уақытта атқарылуы тиіс шараларға келетін болсақ, келешекте елдің ірі кен орындарының басым бөлігінде қазақстандық компаниялар жұмыс жасауы шарт деп ойлаймын. Біліктілікті арттыра отырып, жастарды әлемнің озық үлгілерімен тәжірибеден алмастырып, оқытып отырса бұндай деңгейге жететін күн де алыс емес. Түркия тарихында кезінде осындай үдеріс болған еді. Мәселен, алтын кен орындарында көбінесе шетелдік компаниялар жұмыс істейтін еді. Бірақ біз біртіндеп өз кадрларымызды оқыттық, олардың іскерлік қабілеті шетелдіктен еш кем болмады, сондықтан Үкімет те отандық мамандарға, солар басқаратын компанияларға арқа сүйеп, шетелдіктер компаниялар ішкі нарықтан біртіндеп ығысып қалды. Ал кадр мәселесінде ең алдымен салалық білім беру жүйесін қалыптастырған абзалырақ. Түркияда мәселен, қазіргі күні техникалық жоғары оқу орындары жеткілікті және олардың бәрі нарық сұранысына қарай салаларға қажетті мамандар даярлаумен айналысады. Егер, мәселен, Ыстамбұл техникалық университетін алып қарасақ, оқу орнының негізі 1773 жылы қаланған, тәжірибеге, материалдық базаға аса бай. Мінеки, Қазақстан мен Түркия осы бағыттағы ерекшеліктерді ескере келе, ортақ ынтымақтастық тетіктерін табуына болады деп есептеймін. Бұл ретте қазақстандық студенттерді Түркияның техникалық жоғары оқу орындарына қабылдауға болады .

— Ал тау-кен металлургиясының форумы туралы не айтар едіңіз?

— Халықаралық ауқымдағы мұндай шараларды өткізудің сөзсіз маңызы зор болады. Бұл, әсіресе, Қазақстан үшін көп пайда әкеледі. Өйткені диалог алаңында бір-біріне жақын саланың мамандары кездеседі, бірі іздегенін екіншісінен табады. Кездесулер өткізеді, келісімшарттар жасасады, қажетті мәселелерді ортаға салып талқылайды, сосын сол бойынша қорытындылар жасайды. Сондықтан да, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан үшін мұндай алаңдар құрудың, соған мұрындық болудың пайдасы зор. Әсіресе озық технологияларды пайдалануға, оны енгізуге көп мүмкіндіктер туары анық. Сондықтан да, бұл жолғы Астанада өткен әлемнің тау-кен саласы өкілдерінің форумы Қазақстанның тау-кен металлургиясының одан әрі дамуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Ал жеке өз басыма келетін болсам, мен өз жұмысым үшін көптеген қажетті ақпараттар жинақтадым. Оның ішінде Астана туралы да көптеген мағлұмат алып отырмын.

-Бұл Сіздің Астанаға алғаш келуіңіз бе?

— Иә, мен Астанаға алғаш рет келдім және қаланың көркемдігі мені таңғалдырды. Мен бұған дейін оңтүстіктегі Алматы шаһарында болған едім, жаңа астанаға биыл ғана жолым түсті. Жалпы Түркиядағы қарапайым жұрт апортымен аты шыққан атақты Алматыны білгенімен, Қазақстанның жаңа астанасы туралы көп біле бермейді. Сондықтан да, мен елге оралғанда Астана туралы мақала жазсам деген ойға қалдым әрі қазір соның нобайын жоспарлап та жүрмін. Маған Астананың көріктеніп, көгалдана бастағаны қатты ұнады. Бұл аса игілікті іс. Сосын Астананың ауасы — нағыз даланың саф ауасы және оның Ыстамбұлдың ауасына қарағанда біршама таза екендігі білінеді. Оның үстіне Ыстамбұлда көгалды бөлік аздау, көшелері тар, көлік кептеліп, ауаны ластау деңгейі жоғары. Ал Қазақстанның Астанасында өзіңді еркін сезінесің, көшеде, таза ауада қыдырғанды ұнаттым. Көгалға ерекше көңіл бөлінетіні жаныңды да жадыратады екен. Сонымен қатар, Астана — жас қала. Соған қарамастан, ҚР Президентінің бас шаһарды ауыстыру туралы шешімін дана шешім деп қабылдаймын. Бір кездері біздің ұлы Президентіміз Ата Түрк те астананы Ыстамбұлдан Анкараға көшіру туралы шешім қабылдаған болатын. Онда да ең алдымен астананың елдің орталығында болуы тиістігі назарға алынып еді. Ал қазіргі Қазақ елінің Астанасы да ұлы даланың дәл ортасында орналасты. Тура Астана тарихы секілді бір кездері Анкараның да орнында шағын әрі жұпыны ғана қала болған еді, ал қазір бұл қала алып мегополиске айналды. Маған да Астана ауысқанға дейін осы жерде шағын қала болғанын айтқан еді, ал қазір жаңа, заманауи ғимараттармен қала көмкеріліп, ажарланып тұр. Осы тұрғыдан алғанда біздің астаналарымызда ұқсастық баршылық. Ал түбі бір түркі халықтарының одан да бөлек ұқсастықтары өз алдына. Бұндай түркілер арасындағы ортақтық пен ұқсастық алдағы уақытта мемлекетаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне жетелейді деп сенемін.

Соңғы жаңалықтар