Тәулігіне 13 мың қоңырау шалынған кездер болды - «109» қызметінің басшысы - kaz.caravan.kz
  • $ 448.81
  • 476.82
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
16 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тәулігіне 13 мың қоңырау шалынған кездер болды - «109» қызметінің басшысы

Тәулігіне 13 мың қоңырау шалынған кездер болды - «109» қызметінің басшысы

Астана қаласындағы «109 кезекші қызметі» ММ-нің директоры Мұрат Аманшиев «109» нөміріне қоңырау шалғандар жыл санап артып келе жатқанын атап өтті.

  • 26 Желтоқсан 2017
  • 162
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі мәлімдеді.

«Біздің мекеме тәулігіне 24 сағат тікелей халықпен жұмыс істейді. Тәулік бойы 15 оператор коммуналдық және тұрмыстық сұрақтарға жауап береді. 109 қызметі 300 бағыт бойынша жұмыс атқарады. Астана қаласының әкіміне де өтініші мен шағымдар 109 нөмірі арқылы жолданып жатады. Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде де жұмысымыз қызу», — деді Мұрат Аманшиев «Смарт Астана» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан тың жобаларды таныстыру кезінде.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 1 қаңтарынан күні кешеге дейін (25 желтоқсан) 109 нөміріне 440 мың қоңырау мен өтініш келіп түскен. Өткен жылмен салыстырғанда 109 нөміріне хабарласушылардың саны 110 мың адамға артқан.

«Жалғыз статистикаға ғана емес, сапаға да жұмыс істейміз. Әр қоңырау бойынша тексеру, сараптау жұмыстары жүргізіледі. 1000-ға жуық қоңырау бақылауға алынды. Жалпы, жұмыс өте қарқынды. Себебі, кез келген сұраққа жауап берудің белгілі бір регламенті бар. Келіп түскен өтінімдерді біз соңына дейін жеткізіп, ең бастысы өтінім берушінің келісімімен ғана қоңырауларда көтерілген мәселені күн тәртібінен сызып тастаймыз», — дейді ол.

Мұрат Аманшиев сонымен бірге, түстен кейін мектептерде сабақ болмайтыны туралы бүгін ғана барша халыққа бірінші болып хабар таратқан 109 қызметі екенін атап өтті.

«Халық үшін барлық мобильді телефондарда қоңырау шалу тегін. Астана қаласының білім басқармасы таңертеңгі ауысымға таңғы алтыда бір ақпарат береді. Түскі 11:00-ге қарай қайтадан екінші ауысымға сабақтың болатыны немесе болмайтыны туралы мәлімет береді. Біздің қызметте 60 оператор бар. Тәулігіне әрқилы — 800-ден 2000-ға дейін қоңырау шалынады. Қоңыраулар мен өтінімдердің саны әсіресе көктемде көбейеді. Мәселен, биылғы жылдың көктемінде біздің 109 қызметіне бір тәулікте 12-13 мыңнан қоңырау түскен күндер болды», — дейді Мұрат Аманшиев.


Ол сондай-ақ, 109 нөмірі халыққа өте ыңғайлы болғандықтан, көпшілік осы қызметке үйреніп қалғанын айтады.

«Халық көбінесе су немесе жарықтың жоқтығы, сабақтың болатыны немесе болмайтыны туралы хабарласады. Көшеде құдықтың беті ашық тұрып, сол туралы шағым келсе біз сол құдықты регламент бойынша 3 сағаттың ішінде жауып тастауымыз керек. Осыдан 10 жыл бұрын бар-жоғы қызметтің 10-15 түрімен ғана жұмыс атқарсақ, биыл қызметтің саны айтып кеткенімдей, 300-ге дейін артып отыр. Қызметтердің санын арттыру жоспары бар. Астана халқының саны өсіп бара жатқандықтан, тиісінше хабарласушылардың саны артып барады», — деп түйді ол.

 

Соңғы жаңалықтар