Жарияланды: 370

«Таусамалының» тұрғындары ұзаққа созылған құрылыс жұмыстарына наразы

Жарық деп жолдан айырылдық. Алматының «Таусамалы» ықшамауданындағы жұртшылық ұзаққа созылған құрылыс жұмыстарына наразы. Жоспар бойынша қазан айының ортасында аяқталуы тиіс кабель салу жұмысы әлі бітер емес. Ал қыстың келуімен тұрғындар саз-балшыққа батып, жүрер жолдан айырылса, бірнеше көлік тар көшеге сыймай шұңқырға құлаған. 

Алматының «Таусамалы» ықшамауданында жарықпен жарылқаймыз жаз ортасында жолды қопарған мердігер компания қыстың келгеніне қарамастан жұмысты аяқтамаған. Салдарынан онсыз да тар жолда қос көлік симай, жол-көлік апаттары жиілеп кеткен. Сонымен қатар тұрғындар жаяу жүруден қалғанын айтпағанда, мәселеге түрткі болған жарыққа да қол жеткізе алмай отыр.

Бірнеше айға созылған жөндеу жұмыстары бұл ауданның тұрғындары үшін нағыз сынаққа айналған. Себебі тас жол толығымен жойылып, көше бойы қазылып тасталыпты. Тереңдігі 2 метр ор бойымен жүру қауіпті. Сондықтан балаларды мектепке жетектеп апаратын болған ата-аналар.

Владимир Цебенко, «Таусамалы» ықшамауданының тұрғыны:

- Барлығы қирап жатыр. Өз ауламызға шыға алмай қалдық. Жарты метрлік жер қалдырған. Ол жауын-шашыннан кейін езіліп кетеді. Шықсақ кіре алмаймыз, кірсек шыға алмай, қамауда қалдық.

Жөндеу жұмыстары 15 қазанда аяқталуы тиіс еді. Бірақ арнайы техниканың жоқтығынан құрылыс созбаққа салынып, ұзындығы 2 шақырымды құрайтын жерді көмуге бірнеше жұмысшы ғана тартылыпты. Салдарынан мұндағы толығымен қазылып тастаған 4 көшеде көлік апаты әдеттегі жағдайға айналған. 

Алексей Смолев, көлік жүргізушісі:

- Жоғарғы көшеден шыққанмын. Дөңгелегім балшыққа батты, жер де көктайғақ болған. Сол үшін қазылған жерге көлігім аударылып кетті. Маған дейін жүк көлігі де құлаған болатын. Адамдар да жиі жарақат алып жатады.

Ал жұмыс жүргізу міндетін алған компания бар кінәні жұрттың өзіне аударуда. Мердігердің сөзіне қарағанда, жүргізушілер қарапайым сақтық шараларын сақтамаса, тұрғындар жағдайды толық түсінбеген.

Ернұр Исаев,  «Самұрық-Энергострой» ЖШС өкілі:

- Көлікті құлаған жерінен алып шықтық. Бізге жүргізушінің еш шағымы жоқ. Ал жергілікті тұрғындар бізге шағымдана бермей өз көліктерін қысқа қамдауы керек. Қоршау жоқ аймақтарды жақын күндері жабамыз. Бастысы, жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жауаптылардың сөзіне қарағанда ұзаққа созылған кабель салу жұмысы желтоқсан айына дейін толығымен аяқталуы тиіс. Мердігер осылайша жоспарын айтып жобаласа, жергілікті тұрғындарға әлі бірнеше күн балшық кешуге тура келеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін