Таяу Шығыста уақытша бітімге қол жеткізілді, дегенмен қақтығысқа соңғы нүкте қойылған жоқ
Өтіп бара жатқан осы апта ішінде халықаралық қоғамдастықтың ерекше назарын аудартқан оқиғалардың қатарында ХАМАС пен Израильдің арасындағы жан-жалды тоқтату туралы бітімге қол жеткізуі болғандығы сөзсіз. |
Газа секторында Израиль мен палестиндік ұйымның арасында ушығып тұрған соғыстың жалынын басу туралы келісім 21 қараша, сәрсенбінің сәтінде Мысыр мен АҚШ-тың араласуымен өз күшіне енді. Мысыр Сыртқы істер министрі Мұхаммед Амр АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен бірлесіп, Израиль мен Газа секторының билеушісі ХАМАС қозғалысы татуласу туралы келісімге келгендігін жария етті. Аталған келісім сол күні жергілікті уақыт бойынша 21:00-де өз күшіне енді.
Бітімгерлік шартына сәйкес израильдіктердің «Бұлтты тірек» операциясы тоқтатылды, ал өз кезегінде ХАМАС қозғалысы Израильге қарата шабуылын қайта жандандырмауға міндеттеме алды. Аталған келісім «бітімге бітім» ұстанымына негізделеді және бұл бұған дейін күтілгендей ұзақмерзімді (ұзақжылдық) жаулықты тоқтау үшін жаңа шарттарға бастама болмайды. Осылайша, Палестина тарабынан Израильге қарсы зымыран шабуылдары қайта басталатын болса, онда келесі тарапта әскери іс-қимылдарын қайта жандандыру құқығына ие.
Бұл оқиғаға халықаралық қоғамдастықтың реакциясы да оң болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша жанжалдасушы тараптарды оның ережесін орындау үшін уағдаластықты қалыптастыруға және байсалды іс-қимылдар қабылдауға шақыру қарастырылған мәлімдеме дайындалды. Құжатта Израильге Газа секторындағы блокадаға шектеу қою туралы талап қарастырылмаған. Мұны бірқатар араб елдері талап еткен болатын. Дегенмен онда Газа секторына гуманитарлық көмектің жеткізілуіне мүмкіншілік жасау аталып өтілген.
Айта кетерлігі, екі ел арасындағы текетірес басталғаннан бергі уақытта шабуылдар салдарынан Палестинада 162 адам қаза тауып, 1200-ден астамы жарақаттар алды. Ал Израильде осы күндері 6 дам қаза тауып, бірнеше ондаған адам жарақаттанды.
Екі ел арасында уақытша бітімгершілік орнағанымен, соңғы күндері палестиндіктер тарабынан бірнеше зымыранның ұшырылғандығы туралы ақпарат та жарық көрді. Бұған қоса израильдік әскерилер Газа секторымен арадағы шекарада адамдар тобына оқ атты.
Газа секторының әкімшілігі 22 қараша күнін палестина халқының «Ұлттық жеңіс күні» деп жариялап, ресми демалыс күні ретінде бекітті. Палестинада бітімгерлікті Израильді жеңу ретінде қабылдауда. Газа секторында жергілікті тұрғындар қала көшелеріне шығып, өз жеңістерін тойлады.
Қазіргі уақытта әлемдік қоғамдастық тараптардың соғыс отын тұтандыруға және зорлық-зомбылықты ушықтыруға жол бермеу бағытында қабылдаған міндеттемелерін қатаң сақтауы үшін барлық жағдаймен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бірқатар елдер таяушығыстық төрттік аясындағы жұмыстарды тезірек жандандыруға және халықаралық ұйымдар базасында қосымша келіссөздер алаңын құруға шақыруда.
Дегенмен де бірқатар болжамдарға қарағанда, бұл бітімгершілік жаңа жанжалдың алдындағы бір сәттік тыныштық қана. Егерде БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаның 1949-1967 жылдардағы шекарасын тану арқылы палестиндік өкілдіктен «бақылаушы мемлекет» мәртебесіне дейін көтеру мәселесін қарар болса, онда соғыс оты қайта тұтануы да мүмкін.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін