Жарияланды: 640

Таяуда түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы келісімге қол қойылады деп күтілуде

Астана. 20 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Бүгін Қазақстан парламенті жоғарғы палатасының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Көксал Топтанмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды агенттік тілшісі сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келіссөз барысында қарқынды дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастар, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстардың жанжақты дамуы, сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Қ.Тоқаев мемлекетаралық байланыстардың барлық салалары бойынша тереңдей түсуіне осы сапардың маңыздылығын айта келіп, Түркия Қазақстанның тек экономикалық қатынастар тұрғысында ғана емес, тамыры терең мәдени-тарихи байланыстары бар ең маңызды аймақтық әріптестерінің бірі екенін атап өтті. Қазақстан-Түркия әріптестігін одан әрі кеңейту мәселелеріне тоқтала келіп төраға "жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік Қазақстанның өзінің тәуелсіздігін жария еткеннен бастап жасалған болатын" деді. Қазіргі кезде сауда айналымы мөлшерін елеулі түрде көбейтуге және оны 5 миллиард долларға дейін жеткізуге барлық негіз бар. Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының аумағы бірлескен бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырғанда елеулі түрде артатын болады. Олардың ішінде Түркия аумағы арқылы әртүрлі жүктерді тасымалдау, Еуропа-Кавказ-Азия транскавказ көлік дәлізін пайдалану, сондай-ақ трансазия теміржолын дамыту жөніндегі белгіленген жоспарлар бар. Халықаралық қатынастар жүйесінде парламенттік институттардың рөлі артып келе жатқанын атап өте келіп Қ.Тоқаев түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясын құрудың маңыздылығына тоқталды және түркітілдес елдердің мемлекет басшыларының VIII саммитінде президент Н.Назарбаевтың айтқан ұсыныстарды қолдаған үшін түрік әріптестеріне ризашылығын білдірді. Бұл идеяны жүзеге асыру мақсатында үстіміздегі жылдың ақпан айында Анталья қаласында түркітілдес мемлекеттер парламенттері басшыларының орынбасарлары деңгейінде кездесу болды. Қ.Тоқаев түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының құрылуы екіжақты қарым-қатынастар аясында да, халықаралық ұйымдар тұрғысында да парламентаралық байланыстарды дамытуға қосымша серпін беретінін айтты. К.Топтан сондай-ақ Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға мүдделілігін білдірді. Оның айтуынша, екі парламентте жұмыс істеп келе жатқан достық топтары екі мемлекеттің жан-жақты ынтымақтастығын тереңдетуге қомақты үлес қосады. Бауырлас елдің заң шығару органының басшысы әріптестіктегі басымдықтар қатарында энергетика секторын, көлік және коммуникация салаларын атады. Ол сондай-ақ білім беру, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты табысты ілгерілетуге Түркияның әзірлігін атап өтті. Келіссөз барысында аймақтық және халықаралық саясаттың өзекті мәселелері туралы пікір алмасылды. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін