Таза ауа үшін төлем: Алматы орталығына кіру ақылы болуы мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
0 °C
Алматы
2025 Жыл
6 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Таза ауа үшін төлем: Алматы орталығына кіру ақылы болуы мүмкін

Таза ауа үшін төлем: Алматы орталығына кіру ақылы болуы мүмкін

Алматы орталығын ақылы ету мәселесі талқыланып жатыр.

  • 18 Тамыз
  • 10
Фото: dzen.ru

Алматы қалалық мәслихатында ауаны қорғауға бағытталған ерекше экологиялық талаптарды енгізу жөніндегі жоба қаралуда. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 20 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды. Бұл құжатта не қаралып жатыр? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.

Жобада Алматының ең ірі мегаполис ретіндегі ерекшелігін ескере отырып, ауаны қорғау үшін арнайы экологиялық нормалар мен құқықтық негіздерді қалыптастыру көзделген. Ең басты талаптардың бірі – төмен ластану аймақтарына кіретін көліктерге шектеу қою. Мұндай аймаққа кіру үшін төлем «Таза қала» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілмек.

Көлік аулада немесе автотұрақта қанша уақыт тұрса да, төлем мөлшері өзгермейді. Ол тек көліктің экологиялық класына байланысты есептеледі. Ал төтенше және жедел қызметтердің арнайы автокөліктері бұл төлемнен босатылады.

Төлем бірнеше тәсілмен жасалуы мүмкін: депозиттік шоттан ай сайынғы шегеру арқылы, күнделікті есептеу негізінде (7 күн ішінде төлеу шартымен), немесе техникалық байқаудан өткеннен кейін айлық абонемент сатып алу арқылы. Қала тұрғындары «Таза қала» жүйесіне тіркеліп, техникалық байқаудан сәтті өткен жағдайда айлық абонементке қол жеткізе алады.

Алматыдан тыс жерде тұрып, қалада жұмыс істейтіндер үшін де абонемент алу мүмкіндігі қарастырылған, бірақ ол үшін еңбек немесе кәсіпкерлік қызметпен заңды түрде айналысып жүргенін растайтын құжаттарды тапсыру қажет болады. Жүйеге тіркелу үшін жеке кабинет ашылып, ең төменгі жарна енгізілуі тиіс. Ал егер тұрғындар үш айға алдын ала төлем жасаса, 10 пайыздық жеңілдік беріледі.

Бұрынғы бастамалар

Экологияны жақсартуға байланысты мұндай идеялар бұрын да көтерілген. Мәселен, 2020 жылы Қоғамдық кеңесте айына бір рет, яғни әр айдың алғашқы жексенбісін «автокөліксіз күн» деп жариялау ұсынылған еді. Бұл бастама бастапқыда тарихи орталықпен ғана шектеліп, кейін әр апта сайын өткізу мәселесі қарастырылды. Алайда ұсыныс тек талқылау деңгейінде қалып, іс жүзінде жүзеге асқан жоқ.

Әлемдік тәжірибе

Әлем елдерінде қала орталығына ақылы кіру тәжірибесі кең таралмаған. Тек бірнеше ірі қалада ғана мұндай жүйе бар.

Мәселен, Лондонда 2003 жылдан бастап орталыққа кіру ақылы. Автокөлік нөмірін бейнекамералар тіркеп, төлем автоматты түрде есептеледі. Дүйсенбі–жұма аралығында таңғы жетіден кешкі алтыға дейін төлем мөлшері 10,5 фунттан 14 фунтқа дейін жетеді. Бұл аймақта тұратындарға 90 пайыздық жеңілдік қарастырылған.

Сан-Францискода қалаға «Алтын қақпа» көпірі арқылы кіру құны жеңіл көліктер үшін 6 доллар, жүк көліктері үшін 42 долларды құрайды. Төлем арнайы электронды белгі немесе банк картасы арқылы алынады.

Стокгольмде 2007 жылдан бері қала орталығына кіру уақытына қарай 10–20 крона аралығында төленеді. Күні бойғы шектеусіз тариф – 60 крона. Жүйе тек жұмыс күндері таңғы 6:30-дан кешкі 18:30-ға дейін қолданылады.

Ал Миланда 2012 жылдан бастап орталыққа кіру құны 5 еуро болып бекітілген. Жүк көліктеріне кіруге тыйым салынған. Төлем камера арқылы нөмірді тіркеу негізінде автоматты түрде алынады.

Көптеген елдерде төлем мөлшері әдейі жоғары қойылады, себебі жүргізушілерді орталыққа сирек кіруге ынталандыру көзделген. Дегенмен, мұндай бастамаларды қоғам қабылдай бермейді. Мысалы, Стокгольмде жүйені енгізер алдында референдум өткізген, сондай-ақ, қоғамдық көлікті дамытуға 500 миллион еуро бөлінген. Миланда ақылы жүйені енгізу үшін бірнеше рет қоғамдық талқылау өткізген.

Мүмкін салдар

Мұндай жүйе автокөлік ағынын азайтып қана қоймай, экологияны жақсартуға, қаланың инфрақұрылымын дамытуға және абаттандыруға қосымша қаржы жинауға мүмкіндік береді. Алматыда да дәл осындай мақсаттар көзделіп отыр.

Алайда салықтар мен коммуналдық төлемдердің қымбаттауын күтіп отырған халық, аталмыщ бастаманы қалай қабылдайтыны үлкен сұрақ. Оның үстіне әлемде мұндай тәжірибе кеңінен таралмаған. Тіпті кейбір қалалар енгізген жүйеден кейін тұрғындардың қарсылығына байланысты бас тартқан. Мысалы, Гонконгта жүйе 1985 жылы тоқтатылса, Эдинбургте екі жыл жұмыс істеп, 2005 жылы күшін жойды.

Баламалы тәсілдер

Кейбір елдерде автокөлік қозғалысын шектеудің өзге жолдары қолданылады. Мәселен, Австралия мен Данияда көлік иелері әр шақырым жүрген жолы үшін бірыңғай салық төлейді. Ол GPS-трекер арқылы есептеледі де, көлікке қатысты барлық өзге төлемдердің орнын басады.

Перейти к новостям спорта