Ғалымдардың ақпаратына сүйенсек, алда-жалда көршілес Ауғанстанда қуатты жер сілкінісі бола қалған күнде бұл зілзала көлдің табиғи қоршауын бұзып кетуі мүмкін. Соның салдарынан Пянджа және Амудария өзендерінен басталған қуатты су тасқыны тек Тәжікстанды ғана емес, Өзбекстан мен Түрікменстанды да басып қалуы ықтимал. Су тасқыны Памирден 1 мың шақырымда орналасқан Арал теңізіне дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.
Сарез көлі 1911-жылғы қуатты жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болған. Көл суын Мургаб өзенінің ағысына тосқауыл қойған биіктігі 60 метрлік табиғи тас қоршаулар ұстап тұр. Ғалымдардың пайымдауынша, көл қалай тез пайда болса, сол қарқынмен құрып кетуі мүмкін.
Сарапшылар сондай-ақ, Усой тосқауылының жағдайына да зерттеу жүргізді. Олардың мәліметі бойынша, Ауғанстандағы жер сілкінісі ошағы көлге қарай лай мен топырақтан тасқын түсуіне түрткі болуы мүмкін. Соның салдарынан биіктігі 250 метрлік асау толқындар пайда болуы ықтимал. Осындай жағдайда көлдің қоршауы бұзылса, су тасқыны төменгі аңғарға қарай лап қоймақ. Тәжік-Ресей аралық бірлескен экспедицияның ақырғы қорытындысы 2003-жылдың 29-тамызында жарық көреді деп күтілуде.