Тәжірибе мен тәртіпке сүйенген кәсіби жол - kaz.caravan.kz
  • $ 495.1
  • 583.72
-3 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тәжірибе мен тәртіпке сүйенген кәсіби жол

Тәжірибе мен тәртіпке сүйенген кәсіби жол

Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елеулі еңбегімен ерекшеленетін, білімі мен біліктілігі мол тәжірибелі мамандардың баршылық екенін байқадық.

  • 22 Желтоқсан 2025
  • 4251
Фото - Caravan.kz

Ісіне адал сондай жандардың бірі — «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС «Кеңқияқ» нысанындағы мұнай есептеу инженері Әділхан Бөкенбаев. Ол мұнай-газ саласында ұзақ жыл бойы жемісті қызмет атқарып келеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Әділхан Октябрятұлы 1966 жылғы 27 ақпанда Қызылорда облысы Арал ауданы Бөген ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі математика пәнінен сабақ берсе, анасы шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңінен түсіндірді. Осындай өнегелі отбасында 10 бала өмір есігін ашты. Олар еңбек пен білімнің қадірін біліп өсті. Барлығы жоғары білім алып, бүгінде әрқайсысы өз саласының өркендеуіне үлес қосуда.

Әділхан Бөкенбаев та бауырлары сияқты білімге деген ұмтылысымен көзге түсті. 1973–1983 жылдары Аралқұм станциясындағы орта мектепте білім алды. Мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсті. 1988 жылы осы жоғары оқу орнын «Автоматика және телемеханика» мамандығы бойынша бітіріп, инженер-электрик біліктілігін алды.

Сол жылы еңбек жолын Атырау қаласындағы «Гурьевэнерго» мекемесінде инженер болып бастады. Кейін Алматы қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында, коммерциялық өндірісте, телекоммуникация бағытында жұмыс істеді. 2010 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС құрамында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда «Кеңқияқ» нысанында мұнай есептеу инженері ретінде жауапты қызмет атқарады.

«Мұнай саласын таңдауым — саналы шешім мен өмірлік жағдайлардың үйлесімі. Бала кезден техникалық бағытқа қызығушылығым, аталмыш саланың тұрақтылығы мұнайшы атануыма әсер еткен болуы керек. Бастысы, еңбекке деген құлшыныс. Кейін ол жетістікке жетелейді«, — дейді инженер.

Бүгінде Әділхан Октябрятұлы мұнайды есепке алу процестерін бақылау, технологиялық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету, жабдықтардың қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қадағалау, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету сынды маңызды міндеттерді атқарады. Мұндай қызметте техникалық ойлау, ұжыммен үйлесімді жұмыс істей білудің орны ерекше. Білікті маман осы қырынан көрініп,  бар білім-біліктілігін кейінгі буынмен де бөліседі.  

Әділхан Бөкенбаевтың елеулі еңбегі еленіп келеді. Әр жылдары Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі, жоғары кәсібилігі мен адал еңбегі үшін бірқатар ведомстволық, корпоративтік марапаттарға ие болды. 2024 жылы Қазақстан мұнайының 125 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, «Қазақстан–Қытай Құбыр желісі» ЖШС мен «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығы Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттарды табыстады. Өз ісін жетік білетін білікті инженердің қызметі жас буынға үлгі боларлық.