Т.Бекмамбетов: мен дарынды азаматтарды кино әлемінің құпиясына бойлауға көмектесемін - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
21 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Т.Бекмамбетов: мен дарынды азаматтарды кино әлемінің құпиясына бойлауға көмектесемін

Т.Бекмамбетов: мен дарынды азаматтарды кино әлемінің құпиясына бойлауға көмектесемін

Бүгін Астанада экшн-фильмдердің II Халықаралық «ASTANA» кинофестиваліне арналған баспасөз мәслихаты барысында он-лайн арқылы байланысқа шыққан фестиваль президенті, белгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетов осылай айтты.

  • 25 Мамыр 2011
  • 709
Фото - Caravan.kz

Өз сөзінде Т.Бекмамбетов Астанада өткен алғашқы кинофестивальден кейінгі айтылған барлық сын-ескертпелерді мойындайтындығын жеткізіп, осы жолғы іс-шарада бұл кемшіліктерге жол берілмейтіндігін ерекше атап өтті. «Былтыр Астанада өткен экшн-фильмдердің I Халықаралық кинофестивалінен кейін біз тиісті сын-ескертпелерді естіп, кемшін тұстардың болғанын түсіндік. Ең бастысы, біз фестивальдің негізгі мақсаты — қазақстандық кинематографистермен өзара тәжірибе алмасу жұмысына тиісті мән берген жоқпыз. Осы жолы барлығы басқаша болады деп сенемін. Бұл жұмыста Сіздердің де қатысу ниеттеріңіз аса қажет. Мен дарынды әрі нақты мақсаты бар азаматтарға барынша қолдау көрсетіп, кино әлемінің құпиясына бойлауға көмектесемін», — деді Т.Бекмамбетов.

Қазіргі кезде Т.Бекмамбетов АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында өзінің жаңа туындысы — «Авраам Линкольн — вампирлердің аңшысы» экшн-фильмін түсіру жұмысын аяқтауда. Фильмде АҚШ-тың 16 -шы презиенті А.Линкольн өмірінің құпия тұстары ашылады. Оқиға желісі бойынша күндіз ол өзіне жүктелген мемлекеттік жұмысты атқарса, түнде вампирларды өлтіріп, халықтың тыныштығын сақтаған. Бұл фильм 2012 жылдың жазында көрермен қауымға көрсетілмек. «Жалпы, бұл өте қызықты фильм болады деп ойлаймын. Онда жақсы мен жаманның күресі, махаббат пен өкініштің алмасуы бар. Әрине, арнайы құрылғыларды қолданатын тұстар да аз емес», — дейді Т.Бекмамбетов.

Экшн-фильмдердің II Халықаралық кинофестивалі Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бастауы болмақ.

Бүгін елордада экшн-фильмдердің II Халықаралық «ASTANA» кинофестиваліне арналған баспасөз мәслихатында Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов осылай айтты.

Оның хабарлауынша, биыл шілденің 1-5-і күндері экшн-фильмдердің II Халықаралық «ASTANA» кинофестивалінің барлық мерекелік іс-шаралары Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өтеді. «Ал, ең бастысы, бұл фестиваль Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында өтетіндіктен, оны ерекше салатанатпен ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жалпы, шілденің 1-і күні басталатын кинофестиваль Астана күніне арналған барлық мерекелік іс-шаралардың бастауы болмақ», — деп атап көрсетті Б.Мажағұлов.

Кинофестивальдің бас директоры Ирен Ванидовская атап көрсеткендей, шілденің 1-і күні болатын кинофестивальдің ашылу салтанаты Бейбітшілік пен келісім сарайында өтпек. Осыдан бастап бұл жерде күнде әлемдік кинотуындылардың гала-премьералары ұйымдастырылады. Ал фестивальге қатысушы барлық экшн-фильмдердің көрсетілімі «Хан шатырда» болады. Сондай-ақ кинофестиваль барысында сценарийлер конкурсының жеңімпаздары анықталмақ. Фестивальдің қонақтары — Гоша Куценко, Евгений Стычкин, Ольга Сутулова және тағы басқа ресейлік киножұлдыздар. «Голивудтан келетін актерлер де бар. Біз олардың аттарын кейінгі уақытта жариялайтын боламыз. Негізі, былтыр кинофестиваль аясында 26-дан астам сан алуан іс-шаралар ұйымдастырылды. 120 шетелдік қонақ пен 10 мыңнан астам адам осы іс-шараларға қатысты. Биылғы кинофестивальдің деңгейі мен ауқымы одан төмен болмайды деп сенеміз», — дейді И.Ванидовская.

Бүгін елордада баспасөз мәслихатында экшн-фильмдердің II Халықаралық «ASTANA» кинофестиваліне арналған сценарийлер конкурсының ақтық сындарынан өткен жеңімпаздардың есімдері белгілі болды.

Кинофестивальдің бас директоры Ирен Ванидовская атап көрсеткендей, бүгін ғана анықталған жеңімпаздардың ішінен тек он адам ғана финалға өтіп, экшн-фильмдердің II Халықаралық «ASTANA» кинофестиваліне шақырылады. Олардың 5-еуі әлем бойынша таңдалса, 5-еуі Қазақстан бойынша іріктелетін болады. Сонымен, конкурстың ақтық сындарынан өткен жас қазақстандық сценаристердің ішінде Абат Нығмет, Рустам Мұхит, Ғалия Байжанова, Есжан Есімханов, Виталий Кистанов, Дмитрий Чернобай, Бақтияр Қадыров, Элман Сулейманов, Айтуар Нығметалин және Александр Қысымбаев бар. «Осы және әлем бойынша таңдалған қатысушылардың ішінен тек 2 адам — бір адам Қазақстаннан және бір адам шетелден таңдалатын болады. Жеңімпаз белгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетовпен бірге өз фильмін түсіреді», — деді И.Ванидовская.

Айта кетейік, былтыр экшн-фильмдердің I Халықаралық «ASTANA» кинофестивалі аясында өткен сценарийлер конкурсында Брайн Миллер есімді жас өрен жеңіске жеткен болатын. Қазіргі кезде оның «Аполлон-18» сценариі бойынша фильм түсірілуде. Аталған туынды 2012 жылдың қаңтарында жарыққа шығады.

Перейти к новостям спорта