«Қазақстан өнерін дамытудың стратегиялық бағыттары мен перспективалары» (театр өнерінің негізінде) деген тақырыпты арқау еткен халықаралық форумға қатысушылар жиынның қорытындысында Мемлекет басшысының атына үндеу қабылдады.
«Біз, көптеген көрсеткіштер бойынша аймақ елдерінің алдына шығып отырған Қазақстанымызды және халқының игілігі үшін тынбай еңбек етіп келе жатқан Сізді мақтан етеміз.
Біз, мәдениет және өнер қайраткерлері, халықпен болған кездесулерде Сіздің тарихи табыстарыңызды насихаттауды өз борышымыз деп санаймыз. Еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы қадамдарынан бастап қазақ өнерінің гүлденуі, оның ішінде театрдың гүлденуі тікелей Сіздің есіміңізбен байланысты. Келесі жылы ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған еліміздің Тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Біз, бүгінгі форумға қатысушылар, осынау атаулы мерейтойдың қарсаңында Сіздің осы жылдары атқарған ерен еңбегіңізді сахна өнері арқылы баян етпекпіз»,- делінген үндеуде.
Біз театр өнерін ұлттық идеяның өзегіне айналдыруға талпынатын боламыз, — дейді халықаралық форумға қатысушылар Елбасына жолдаған үндеуінде.
Бұл форумды Қазақтың Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы мен Қазақстан Республикасы Театр қайраткерлерінің одағы ұйымдастырды.