"Үкіметтің 2020 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарына сәйкес, "бұқаралық спортты дамыту мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу" бойынша Заңның және "Бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Дене шынықтыру мен спортты дамыту, сондай-ақ дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында бірқатар іс-шараны іске асыру көзделген. Осы орайда балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің желісін кеңейтуді, білім берудің барлық деңгейлерінде дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонентті енгізуді іске асыру ескерілген,"— дейді Ақтоты Райымқұлова.
Оның айтуынша, өңірлер ұсынған статистикалық мәліметтерге сәйкес, мектеп оқушыларының ішінде 1 миллион 365 мың бала дене шынықтыру және спортпен шұғылданады.
"Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша 2019 жылы 5428 мектеп спорт залдарымен қамтамасыз етілген. Бұл ретте Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында мектептерді спорт залдармен қамтамасыз етудің ең жоғары деңгейі байқалады. Іс жүзінде мектептердің 37 пайызында оқу бағдарламалары аясында қажет спорттық құрал жабдықтарға деген тапшылық сезіледі. 1970 мектепте спорт залдар жоқ. Ауылдағы спорттық сауықтыру кешендерінің желісі ауыл тұрғындарының тек 30 пайызын ғана қанағаттандырады. Бұл жағдай спорт секцияларының жұмысы мен жастардың спорттық клубтарын құру, бұлай тұрсын, дене шынықтыру пәні бойынша міндетті сабақтарды толық өткізуге мүмкіндік бермейді," — дейді Ақтоты Райымқұлова.