Телефонмен тұрғындарды қорқытып, ақша бопсалаған алаяқтар құрықталды - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+5 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Телефонмен тұрғындарды қорқытып, ақша бопсалаған алаяқтар құрықталды

Телефонмен тұрғындарды қорқытып, ақша бопсалаған алаяқтар құрықталды

Алматыда телефон арқылы тұрғындарды қорқытып, ақша бопсалап жүрген алаяқтар құрықталды. Өздерін шенді полиция қызметкерлері ретінде таныстырған олар түн ортасында тұрғындарға қоңырау шалып, туыстарың құрықталды, сотталмасын десеңдер ақша әкеліңдер деп талап қойған. Қылмыстық топ жетекшісінің тіпті түрмеде отырғаны анықталды. Әккі алаяқ арам ойын темір тордан шықпай-ақ телефонмен іске асырған.

  • 3 Қараша 2012
  • 398
Фото - Caravan.kz

Аңқау елге арамза молда болғандардың қулыққа келгенде қолдары жүргіш екен. Оңай олжаға дәніккендер Алматының тұрғындарына түн ортасы ауғанда телефон соққан. Есі кіресілі-шығасылы тәтті ұйқыда жатқандарға туыстарың қамауға алынды, егер сотталмасын десең ақша әкел деп әкіреңдепті. Істің барысына бармағандар ақшаны ақ тер-көк тер болып тауып, айтқан жерге жеткізген. Сорақысы сол, жұртқа телефонмен хабарласып үркітіп жүрген темір торда жатқан жан екен.  

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:

Олардың басты кейіпкері Астана қаласындағы жазасын өтеу мекемесінде жазасын өтеп жүр. Жазасын өтеп жүргеніне қарамастан, ол алаяқтық жолмен осылайша нан тауып жүрген көрінеді.

Астана қаласындағы абақтыда отырып ойына келгенін жасаған қылмыскер туралы түрме басшылығы түк білмеді дегенге сенбейді ешкім. Онсыз да темір торға ұрлық жасағаны үшін тоғытылған қостанайлық Евгений есімді азаматтың жазасы енді одан сайын ауырламақ. Соның тапсырмасымен жарты айда 7 адамның ақшасын алып кеткен екі күдікті де енді жерлестерінің жанына барады. Алаяқтар ақшадан бөлек, алтын бұйымдарды да қолды қылған. Тапқан-таянғандарын Қостанайға, туған-туыстарына жіберіпті.


Эдуард, күдікті:

— Евгениймен телефон арқылы таныстым. Ол белгіленген уақытта, белгіленген жерден ақша мен алтындарды алып кетуді тапсырды. Әр істен 15 мыңнан 100 мың теңгеге дейін сыйақы беріп отырды.

Аңқау тұрғындардың ауыздарын аштырған алаяқтар әр адамнан 200 мыңнан 400 мың теңгеге дейін бопсалап келген. Және ақшаны қоғамдық жерлерге, қоқыс жәшіктеріне тастап кетуді талап етіпті. Қазір құрықталған қылмыстық топтың еліміздің өзге қалаларында осындай қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Соңғы жаңалықтар