Телекоммуникация салаларындағы шетелдік инвесторлар үлесін 49 процентпен шектеудің қажеті шамалы - ҚР үкімет басшысы - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Телекоммуникация салаларындағы шетелдік инвесторлар үлесін 49 процентпен шектеудің қажеті шамалы - ҚР үкімет басшысы

Телекоммуникация салаларындағы шетелдік инвесторлар үлесін 49 процентпен шектеудің қажеті шамалы - ҚР үкімет басшысы

"Телекоммуникация салаларындағы шетелдік инвесторлар үлесін 49 процентпен шектеудің қажеті шамалы". Бүгін, 29-желтоқсанда Астанада өткен үкімет отырысында премьер-министр Даниал Ахметов осындай пікір білдірді.

  • 29 Желтоқсан 2003
  • 436
Фото - Caravan.kz

Оның пікірінше, «бұл мәселеге мейлінше мән бере назар аударған жөн». «ҚР ұлттық қауіпсіздігі туралы мәселеге келсек, бұл орайда магистралдық телекоммуникациялар туралы сөз қозғау қажет, ал телекоммуникацияның басқа салалары бәсекелестікке ашық болуы тиіс»,- деді Д.Ахметов.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, еліміз үкіметі 2004-жылы телекоммуникациялық компаниялардағы шетелдік капитал үлесін 49 процентпен шектегелі отырғаны мәлім. Осыған байланысты үкімет «Байланыс туралы» және «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңдарға енгізілетін түзетулер топтамасын парламентке енгізген болатын. Осындай түзету енгізуді қолдаушы топтың ұстанып отырған басты аргументі — ұлттық қауіпсіздік мүддесін сақтау және байланыс операторларын құқық қорғау мекемелерінің жедел-іздестіру шаралары жүйесіне қатыстыру қажеттігіне саяды.
Өз кезегінде Қазақстанның ұлттық телекоммуникация қауымдастығы Елбасы мен ҚР парламентіне хат жолдап, онда салалық кәсіпорындарға қатысушы шетелдік үлесті шектеуге негіз болғалы отырған «Байланыс туралы» және «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңдарға енгізілетін түзетулер жобасын қабылдамауды өтінген. Қауымдастық өкілдерінің пайымдауынша, мұндай шектеу саланың болашақ дамуына айтарлықтай тежеу болмақ. Сондай-ақ, аталмыш жаңалыққа қарсылардың пайымдауынша, жоғарыдағыдай шектеу енгізу — кәсіпорынға алынған активтердің өтімділігін азайту арқылы болашақ инвестицияларға арналған құралдарды азайту деген сөз. Соның салдарынан Қазақстанның телекоммуникация рыногының жалпы инвестициялық тартымдылығы төмендеп, оның өсу қарқыны бәсеңдейді, отандық кәсіпорындардың жаңа жобаларға тікелей тәуелді техника саласындағы артта қалғандық деңгейі арта түседі. Сондай-ақ, байланыс сапасының төмендеуіне, ал бұған керісінше бағаның қымбаттауына байланысты тұтынушылар да зардап шекпекші.

Соңғы жаңалықтар