Жалпы, елімізде қаражат жинау мүмкін бе, оны сақтап, көбейтудің жолдары бар ма? Caravan.kz медиа порталы тақырыпты зерттеп көрді.
Өкінішке қарай, ел тұрғындарының басым көпшілігінде ондай мүмкіндік жоқтың қасы. Себебі де түсінікті. Табыс аз, шығындар үнемі өсіп келеді, ал теңге тұрақсыз болып, құнсыздануын жалғастыруда.
Барлығы табыс деңгейіне, тұратын өңірге, қаржылық сауаттылыққа және, әрине, экономикалық жағдайға байланысты.
Төмен табыс пен жоғары несие жүктемесі
Бірінші несие бюросының талдау орталығының деректеріне сүйенсек, 9,2 миллионнан астам қазақстандық, яғни экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 80%-дан көбі, жалпы көлемі 24 трлн теңгеден асатын несиесі бар.
Орынды сұрақ туындайды. Бұл адамдар ақша жинай ала ма? Іс жүзінде – жоқ. Күнделікті шығындар мен қарызды өтеу ешқандай жинақ жасауға мүмкіндік бермейді.
Жоғары қарыз жүктемесі тікелей төмен табыспен байланысты. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстандағы орташа жалақы 423 мың теңге. Бірақ сарапшылардың ойынша, көпшілік бұл көрсеткішке сенбейді.
Шын мәнінде орташа жалақы шамамен 150 мың теңге деңгейінде. Мүмкін 15-20 мың теңге айырмашылығы бар. Бұл қаражат адамның тек негізгі қажеттіліктерін ғана өтей алады. Әсіресе ауылды жерлер мен өңірлерде жағдай өте ауыр – табыс аз, ал қосымша табыс табу мүмкіндігі одан да шектеулі.
Сондықтан, қазақстандықтардың басым бөлігінде жинақ жасау мүмкіндігі өте аз немесе мүлде жоқ.
Соған қарамастан – жинақ артуда
Қиындықтарға қарамастан, Қазақстанда аз да болса қаражат жинай алатын адамдар бар. 2025 жылдың басындағы деректер:
-айналымдағы қолма-қол ақша көлемі 4,4 трлн теңгеге (шамамен 8,5 млрд доллар) жетіп, бір жылда 20%-ға артты;
-жан басына шаққанда бұл шамамен 220 мың теңгені құрайды, ал әлемдік өлшеммен алғанда – түкке тұрғысыз көрсеткіш;
-халық банктердегі депозиттерге 24,5 трлн теңге (48 млрд доллар) орналастырды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға көп.
Демек, табыс төмен болғанына қарамастан, ақшаны сақтау және көбейту мәселесі елде әлі де өзекті.
Ақшаны қайда салуға болады?
Көпшілікті мазалайтын басты сұрақ. Ақшаны қалай сақтап қалу керек, әрі мүмкін болса, қалай көбейтуге болады? Сарапшылар бірнеше нұсқаны атап өтеді.
Ең кең тараған тәсіл – депозит.
Артықшылықтары:
-сенімділік;
-қарапайымдылық – арнайы білім қажет емес;
-депозиттерді кепілдендіру жүйесінің қорғауында.
Кемшіліктері:
-табыстылығы төмен;
-ресми және бейресми инфляция арасындағы айырмашылықты ескергенде, әрқашан баға өсімін жаппайды.
Қаржылық сарапшы Расул Расмамбетов қазіргі уақытта базалық мөлшерлеменің салыстырмалы түрде жоғары болуына байланысты депозиттерді тиімді деп санайды. Ал экономист Арман Байғанов аз табысы бар адамдарға да ай сайын кем дегенде 20–30 мың теңге депозитке салып отыруға кеңес береді – бұл ең болмағанда шағын жинақ қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Шетел валютасы
Жинақты сақтаудың екінші тәсілі – валютаны сатып алу. Бұрын доллар мен еуро сатып алу капиталды қорғаудың ең оңай жолы саналатын. Алайда бүгінде жағдай өзгерді. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздықтың салдарынан тіпті доллар мен еуро да бұрынғыдай сенімді құрал бола алмайды.
Қазақстандағы қаржылық шындық мынадай: халықтың көпшілігі үшін жинақ жасау мүмкіндігі теория жүзінде ғана бар. Төмен табыс пен қарыз жүктемесі ақшаны шынайы түрде жинауға мүмкіндік бермейді. Соған қарамастан, белгілі бір топ ақшасын сақтаудың және инвестициялаудың жолдарын іздеуде. Қарапайым азаматтар үшін ең қолжетімді тәсіл – банктік депозиттер. Олар ақшаны толық құнсызданудан қорғап, инфляция мен девальвация әсерін азайтады.
Сарапшылар атап өткендей, жинақты сақтау стратегиясы адамның қаржылық сауаттылығына және тәуекелге дайын болуына тікелей байланысты. Біреулерге консервативті депозит жеткілікті болса, екіншілер үшін қор нарығы мен валютаны әртараптандыру қызығырақ.