Теңге тағы құнсызданып жатыр: Нарық заңы ма, әлде қолдан ұйымдастырылған ойын ба? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
7 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Теңге тағы құнсызданып жатыр: Нарық заңы ма, әлде қолдан ұйымдастырылған ойын ба?

Теңге тағы құнсызданып жатыр: Нарық заңы ма, әлде қолдан ұйымдастырылған ойын ба?

2025 жылдың жазында теңге бағамы қайта құлдырап, қоғамда алаңдаушылық туғызды. Сарапшылар бұл жолғы құбылыстың табиғи емес екенін, теңгенің әлсіреуі қолдан ұйымдастырылған әрекеттердің салдары болуы мүмкін екенін алға тартады.

  • 24 Шiлде
  • 20
Фото: digitalbusiness.kz

Ұлттық қордың табысы артып жатқанымен, ондағы қаражаттың іс жүзінде азайып бара жатқаны да бөлек алаңдатарлық мәселе. Сaravan.kz медиа порталы теңге бағамының құбылу себептерін, сарапшылардың пікірін және Ұлттық қор қаржысының қайда кетіп жатқанын талдайды.

Бүгін доллар бағамы тағы да өсті. Айырбастау орындарында шетел валютасы 538 теңгеден сатылып жатыр. Үкімет пен Ұлттық банк алаңдауға негіз жоқ деп мәлімдегенімен, нарықтағы жағдай мүлде басқа екенін көрсетіп отыр.

Бюджеттегі межелі бағам — нарыққа белгі берді

Сарапшылардың айтуынша, теңге бағамының күрт өзгеруіне себеп болған негізгі фактор бар. Ол премьер-министр жариялаған 540 теңгелік бағдар. Бұл сома биылғы республикалық бюджетте есептік бағам ретінде қарастырылған.

Үкімет бұл тек шартты есеп екенін, ол мұнай бағасы 60 доллар болған жағдайда ғана негіз болатынын айтқан, десе де нарық қатысушылары бұл санды іс жүзінде белгі ретінде қабылдады.

Ұлттық банк теңгенің әлсіреуін маусымдық себептермен түсіндіреді: импорт көлемінің артуы, демалыс маусымындағы сұраныстың көбеюі, шетел валютасына деген қажеттіліктің өсуі және биржадағы ұсыныстың азаюы. Олардың айтуынша, сыртқы экономикалық жағдай тұрақты, ал теңгенің күрт құнсыздануына нақты негіз жоқ.

Дегенмен, аптаның басынан бері теңге 2,3 пайызға арзандап, доллар жаңа межелерді бағындырып жатыр. Қоғамды сабырға шақырған ресми мәлімдемелердің өзінен кейін де ұлттық валюта одан әрі әлсірей түсті.

«Бұл экономика емес, режиссура»

Экономист Нұржан Биахаев теңгенің бұл жолғы әлсіреуін табиғи құбылыс деп есептемейді. Оның айтуынша, біз шынайы экономикалық үдерістерді емес, қолдан ұйымдастырылған сценарийді көріп отырмыз.

«Теңгенің құлдырауы объективті себептерге емес, биржадағы ірі ойыншылардың өзара келісіміне байланысты жүріп жатыр», – дейді сарапшы.

Оның пайымдауынша, биржада белгілі бір топтар белгілі уақытқа белсенділікті күшейтіп, бағамды қолдан көтеріп отыр.

«Қазір белгілі бір топ бір-екі апта бойы биржада қарқынды сауда жасап, доллардың өсуін көрсетеді. Сосын сұраныс азайғанда теңге сәл нығаяды. Сол кезде “теңге қайта қалпына келді” дейді. Ал шын мәнінде бұл қолдан жасалған әрекет», – деп түсіндіреді Биахаев.

Сарапшының болжамынша, егер жағдай осылай жалғаса берсе, келесі жылдың ақпан айында доллар бағамы 560 теңгеден де асып кетуі мүмкін.

«Бұл экономика емес, жүйелі түрде жүргізілетін саясат», — деп қорытындылайды ол.

Ұлттық қор табыс тапқанымен, қордағы қаражат азайып жатыр

2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қор 4,5 миллиард доллардан астам табыс тапқан. Ұлттық банктің ресми есебіне сәйкес, қордың инвестициялық табысы жылдық есепте 8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш жаңа инвестициялық стратегияның нәтижесі. Соңғы жылдары қор жоғары кіріс әкелетін құралдарға көбірек қаржы сала бастаған. Екі есеге артқан бұл үлес алтынға салынған инвестициялардан да көрінді.

Жыл соңында Ұлттық қордың жалпы активтері 66 миллиард доллардан асты. Оның 59 миллиардқа жуығы шетел валютасында, қалғаны теңгемен сақталған.

Қаражат түскеннен гөрі көбірек жұмсалды

Қор табыс тауып жатыр, алайда, ондағы қаражат көбейіп жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің тапшылығын жабуға көп қаражат алынуда дейді мамандар.

2024 жылы Ұлттық қордан жалпы сомасы 6,3 триллион теңге алынған. Оның ішінде:
• 5,6 триллион теңге – тікелей трансферт ретінде республикалық бюджетке берілген;
• 705 миллиард теңге – қазақстандық компаниялардың қаржы құралдарын сатып алуға жұмсалған;
• 467 миллиард теңге – «Қазатомпром» акцияларын сатып алуға;
• 238 миллиард теңге – «Самұрық-Қазына» қорының облигацияларын сатып алуға бөлінген. Бұл қаражат ұлттық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Ал осы жылы мұнай секторынан түскен табыс 3,8 триллион теңгені ғана құрады, ал бұл қордан алынған шығын көлемінен айтарлықтай аз. Яғни қордың табысы тек қағаз жүзінде ғана бар. Іс жүзінде оның активтері азайып келеді. Қордан үнемі ақша алу мұның басты себебі болып отыр.

Перейти к новостям спорта