Жақын уақыттары АҚШ доллары қазақстандық валютаға шаққанда көтеріле бермек, алайда теңгенің күрт төмендеуі болмайды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Альпари компаниясының бас сарапшысы Анна Бодрова мәлім етті.
«Қазақстандық теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы наурыз айының алғашқы аптасында аздап төмен түсті. Америкалық валюта теңгеге қарағанда 0,5 пайызға көтерілген. АҚШ долларының орташа бағамы 318,20 теңге деңгейінде тіркелді. Федералдық резервтік жүйенің наурыздағы отырысынан жақсы нәтиже күтіліп отырғандықтан, теңге бағамы одан әрі түсе бермек. Оның үстіне шикізаттық валюта болғандықтан, теңгеге мұнай құнының түсуі де әсер етіп жатыр», — деп атап өтті ол. Brent баррелінің құны үш айда ең аз деңгейінен асып түскен және $51,28 құрады. Анна Бодрованың айтуынша, мұнай бағасы мұндай деңгейде ОПЕК елдерінің мұнай өндірісін қысқарту жөніндегі шешіміне дейін болған. Соған қарағанда, мұнай өндірісінің қысқартылуы бағаға әсер етуін доғарды. Бұл фактінің теңгеге ықпал етіп жатқаны да сондықтан. «Нарық АҚШ Федералдық қор жүйесінің пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылауын күтіп отыр. Америкалық регулятордың отырысы ертең ашылады және сәрсенбі күні кешке аяқталады. Инвесторлар аталмыш мөлшерлеме көтерілетініне 100 пайыз сенімді. Бұл болжам биржалық котировкаларға да салынып отыр. Мөлшерлеме өсетін болса, АҚШ доллары қолдауға ие болады, бұл өз кезегінде теңгенің біршама төмендеуіне ықпал етеді. Қалай дегенмен де осы апта қобалжуларға толы болмақ. Доллар 321,0 теңгеге дейін өсуі бек мүмкін. Еуро 336,50-338,50 теңге аралығында саудаланады», — деп аяқтады сөзін А. Бодрова.