Жарияланды: 560

Теңіздегі мұнай операцияларын жүзеге асыру үшін "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ ұлттық мамандар дайындауды қолға алмақшы

Теңіздегі мұнай операцияларын жүзеге асыру үшін "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ ұлттық мамандар дайындауға баса назар аударады. Бұл туралы Түпқараған және Аташ жобалары бойынша теңіздегі мұнай операцияларының қоршаған ортаға әсерін алдын-ала бағалауға арналған қоғамдық тыңдауда айтылды ,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Ұлттық компания өкілінің атап көрсетуінше, ұлттық мамандар халықаралық жетекші білім беру орталықтары мен мұнай компанияларына оқуға және мамандық жетілдіруге жіберіледі. "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ "ҚазМұнайТеңіз мұнай компаниясы" ЖАҚ-мен бірлесе отырып ұлттық компанияның салалық құрылымдарында, Ембімұнайгаз, Өзенмұнайгаз, ҚМГ-бұрғылау, Қазақмұнайгаз ғылыми-зерттеу-жобалау институты тәрізді бөлімшелерінде теңіздегі мұнай операцияларын жүзеге асыратын мамандарды іріктеп алды. Арнайы тестілеу шарасының қорытындысы бойынша халықаралық оқыту орталықтарында теңіздегі мұнай операцияларын жүзеге асыруға қажетті арнаулы кәсіптік білім игеріп, мамандық жетілдіріп қайтатын мұнайшы-мамандар тобы жасақталды. Сондай-ақ, "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ мен "ҚазМұнайТеңіз мұнай компаниясы" ЖАҚ Каспийдегі жобаларды бірлесе жүзеге асыратын шетелдік стратегиялық әріптестер іздестіру шарасын да жүзеге асыруда. Стратегиялық әріптесті таңдауда оның тек қаржылық мүмкіндіктері ғана емес, сонымен бірге компанияның теңіздегі мұнай операцияларын жүзеге асыру тәжірибесі мен қоршаған ортаны қорғау саласында озық технологияларды пайдалану жағдайды да ескеріледі. Сондай-ақ, теңіздегі жобаларды игеру Маңғыстау облысының жалпы дамуына, аймақтағы әлеуметтік ахуалға оңды ықпалын тигізетіндігі айтылды. Импорт алмастыру бағдарламасы аясында ҚазМұнайТеңіз жергілікті жұмыс күші мен мердігерлерді жұмысқа тартуға, жергілікті тауар, материал және қызмет түрлерін кеңінен қолдануға баса назар аудармақшы. Ұлттық компания өкілінің атап көрсетуінше, теңіздегі мұнай операциясын тікелей жүзеге асыруға қатысты бір жаңа жұмыс орнын құру - құрылыс, сервистік сала, ғылым және даяшылық қызметі тәрізді жанама салаларда қосымша 10 жаңа жұмыс орнын құруға түрткі болмақ. Сол себепті аймақтағы потенциалды сарқа пайдалану мүмкіндігі көзделіп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін