Теректі ауданында Президент күніне орай төрт бірдей нысан іске қосылды
Тұңғыш Президент күніне орай 30 қараша күні Батыс Қазақстанның Теректі ауданында төрт бірдей нысан пайдалануға берілді. |
Аудан орталығы Федоров ауылындағы мәдени-демалыс саябағында Тәуелсіздік монументі салтанатты жағдайда ашылды. Биіктігі 9 метр болатын монументтің басына қыран құстың мүсіні бейнеленіп, тұғыры мәрмәрмен қапталған. Ал аталған нысанның сол жағында су бұрқақ орналасқан. Сондай-ақ саябақтың іші де жаңартылды. Құны 35 млн. теңгеге бағаланған құрылыс жұмыстарын теректілік «Луч» МКҚ жүргізді.
Аудан тұрғындарының қуанышын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов, облыстық мәслихаттың депутаты Ақсерік Әйтімов, аудан әкімі Арман Өтеғұлов қатысып, тұңғыш рет тойланғалы отырған мерекенің мән-маңызына тоқталды. «Тұңғыш Президент күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде осындай бой көтерген ғимараттар, нысандар ашылып, мерекені айшықтай түсуде. Баршаңызды осы қуаныштарыңызбен, мейрамдарыңызбен құттықтаймын», - деді Ербол Ғұмарұлы.
Бұл күні аудан орталығындағы жаңғыртылған стадион да іске қосылды. Спорттық нысанның ішінде уақыт талабына сай жүгіру жолы, шағын футбол, баскетбол, волейбол ойындарына арналған алаңдар жасалып, көрермен орындықтары жаңартылды. Мұндағы құрылыс жұмыстарын мердігер «ТасқалаТрансГаз» кәсіпорны жүргізген.
Мереке қарсаңында ауданда теннис корты ашылды. Жасанды жамылғымен көмкерілген спорттық алаңда балалардың алаңсыз тенниспен шұғылдануына мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ меймандар Федоровтағы тамыз айында басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының барысымен танысты. 102,4 млн. теңге бөлінген аталған кешеннің құрылысын «КМТ -СитиСтрой» ЖШС жүргізуде. Мұнда бассейн, жаттығу орны, күрес, волейбол залдары орналасатын болады.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов ауданға келген сапарында Долинный ауылдық округі тұрғындарының да қуанышын бөлісті. Күрделі жөндеуден өткен ауылдағы мәдениет үйі мейрам қарсаңында ел игілігіне тапсырылды. 13,362 млн. теңгеге жөндеу жұмыстарын «Андас» оқу орталығы» ЖШС жүргізген. Салтанатты рәсімнен соң ауыл тұрғындары жаңа ғимарат ішінде жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін