Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды,
"9 ақпанда Бейсен хабарласқан. Даусы әлсіреген, өксік қысып, ызаға булығып сөйлеп тұр. "Дана, мені онкологиялық ауруханаға жатқызбай жатыр. Неге? Менің осыдан бұрын жатқан палатама жібермей жатыр. Неге? Мен де қазақтың бір керегіне жараймын ғой", — деді. Мен бұрын-соңды мұндай Бейсенді естіген жоқпын, көрген жоқпын, білмеймін. Осыншама шарасыз жағдайға түскен Бейсен "қазақтың керегіне әлі жараймын ғой!" деп тұрған Бейсен, менің жүрегім қарс айырылды. Кейін келіншегі Гүлмира хабарласты. "Дана, мүмкіндік болса келіп кетсеңіз" деді. Жаным аласұрып бірден әуежай кассасына хабарласып, Алматыға билет алдым", — деді Дана Нұржігіт.
Дана Нұржігіт бастығы жібермесе де Бейсен үшін Алматыға келген.
"Мен Парламентте жұмыс істеймін. Содан бастыққа барып сұранып едім, рұқсат бермеді. "Ет жақын туысқандарыңыз болса мақұл, бірақ бұл әріптесіңіз ғой" деген жауап алдым. Не де болса жолға шықтым. Алматыға жеткенде ғана Гүлмираға хабарластым. "Гүлмира, мен әуежайда тұрмын" дедім. "Қай әуежайда, Астанадасыз ба? Алматыдасыз ба?" деді. Жоқ, мен Алматыда тұрмын дедім. Гүлмира көлік жіберіп, Бейсеннің үйіне келдім. Бейсен қала сыртына қарай орналасқан екіқабатты үлкен үйдің екінші қабатында жалғыз өзі төсек тартып жатыр. Әрине, қатты жүдеген. Бірақ көзі бұрынғы Бейсеннің көзі. Мені көріп қуанып кетті. Екеуіміз құшақтасып амандастық. Арқамнан қағып, "азаматсың, Дана, азаматсың" деді. Екеуіміз біраз әңгімелестік", — деді журналист.
Бейсен терең күрсініп, мойнын терезеге қарай бұрды. "Шаршадың ба, Бейсен?" дедім. "Иә, шаршадым, әлсіреп қалдым, Дана" деді. Олай болса мен жүрейін, сені көріп кетейін деп едім, сенің кешегі даусың ұнамады маған, өзіңді қолға ал, бәрі жақсы болады дедім. Сол күні кешке әуежайға қайтып оралдым. Рейс кешігіп келесі күні таңғы 4-ке қойылды. Ертең жұмыстан қалсам не істеймін? Пленарлық отырыс емес пе. Рейс таңғы төртте әрең ұшты. Астанаға жете сала көмекшіме хабарласып, кабинетте бәрін дайындап қой, пленарлық отырысқа баратын папкам, бәрі дайын тұрсын дедім. Жиналыстың басына әрең үлгердім. Сол күні менің алдымда таңдау тұрды: досымның алдындағы соңғы парызды орындау керек пе, әлде мемлекеттік қызметтегі міндетті орындау. Мен біріншісін таңдадым. Досымды соңғы рет көріп қалдым. Соңғы сөзін естідім. Науқастың халін сұрап барып, досымның алдындағы парызымды орындадым", — дейді Дана Нұржігіт.
Еске салайық, танымал тележүргізуші, қазіргі "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек 2020 жылдың 18 мамырында қайтыс болды.