Шара барасында баяндама жасаған Б.Омаров, аталмыш мемлекеттік бағдарламаның «дамыған тіл мәдениеті — зиялы ұлттың күш-қуаты» деп аталатын төрт мақсаттарының біріне тоқталып, ол ең алдымен терминология мен ономастика саласындағы жұмыстарды жақсартуды, қазақ тілінің лексикалық қорын одан әрі жетілдіруді көздейтінін атап өтті.
«Қазір атау сөздеріміз әртүрлі қолданылады. Терминдеріміздің кейбірі төрт аяқтап жатыр. Төңірегіміздің бәрі, тұрпайы сөз кездессе Терминкомнан көреді. Ол бекітілді ме, жоқ па, онда шаруасы жоқ. «Қылтима», «бұлтима», «шаптырма» деген секілді анайы сөздерді тауып, пәлен деген ұғымның баламасы-мыс, ғалымдар солай аударыпты деп аттандап шауып жүргендер бар. Терминком олай аудармайды. Оның құрамында қазақтың ақыл-ойы саналатын азаматтар отыр. Ал ұлттың ақыл-ойы оп-оңай ауысып кете салмайды. Олар мүмкіндігінше халықаралық терминдерді сақтайды. Егер аудару қажет болса, қазақ тіліндегі баламасын дәл табуға тырысады», — деді ол.
Б.Омаровтың сөзіне қарағанда, мәселе, Терминкомның шешімі кеңесшілік сипатта қабылданатындығында болып отыр. Сондықтан тиісті орындар оны жаппай қолдана бермейді. «Енді Терминком мақұлдаған атауларды Үкімет қаулысымен бекітіп, міндетті шешімге айналдыру көзделеді», — деп түйіндеді сөзін Комитет төрағасы.