«Токомак» термоядролық реакторын жасау жөніндегі жобаға теориялық негіздеме беретін «ИТЭР» жобасына қатысушылар арасындағы келіссөздер нәтижесінде бұрынғыдай біреудің орнына Франция мен Жапонияда екі бірдей реактор салу туралы байлам жасалды, деді Е.Велихов. Өз тарапынан «ИТЭР» жобасына қатысушы Ресей мен Қазақстан Курчатов қаласында материалтану бағытындағы реактор салумен шұғылдануда. «Бұл реактор алдағы екі жылда пайдалануға беріледі», деді жобаның жетекшісі.
Сонымен бірге Е.Велихов Қазақстан мемлекет басшысына Скиф К-1000 деп аталатын суперкомпьютерді бірлесе пайдалану орталығының іргетасын қалауға атсалысуға шақырды. Оны одақтас Ресей және Беларусь мемлекеттерінің «Скиф» бағдарламасы аясында Беларусь Ұлттық ғылым академиясының информатика проблемалары жөніндегі бірлескен институты, Ресей ғылым академиясы бағдарламалық жүйелер институты, Т-Платформалар және AMD компаниялары бірлесе отырып жасап шығарған. Бұл компьютер дүниежүзіндегі ең өнімділігі жоғары компьютерлердің жүздігіне кіреді. Оның мүмкіндіктерін энергетикалық қондырғылардың моделін жасау, дәрі-дәрмектер шығару, әлеуметтік құбылыстарды модельдеу, Жер динамикасына қатысты құбылыстардың моделін жасау, пайдалы қазбаларды іздестіруде пайдалануға болады, деді академик.
Сонымен қатар ғылыми және жоғары білім беруші институттар үшін оптикалық талшықты арнайы коммуникациялық жүйе құру проблемасын шешу қажет, деді Е.Велихов. «Өз басым алға қарыштай жылжыған Қазақстан Ресейге осынау инновациялық саясатты қарқындандыра дамытуға қол ұшын береді деп сенемін»,- деді академик.