Қоғамның психоэмоционалды факторы, жастар тәрбиесі және оған тик-токтың әсері бойынша осыған қатысы бар мамандар, қоғамдық институттар өз экспертизасын бере жатар. Және шешім қабылдауда дәл осы аргументтер басты рөл ойнайды. Біздікі тек экономикалық тұсын саралау. Тик-токтың Қазақстан экономикасына тигізетін әсері жайлы экономист Айбар Олжаев пікір білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
2023 жылы шетелдік әлеуметтік желілер, IT-платформалар, маркетплейстер Қазақстан бюджетіне 25,1 миллиард теңге салық төледі. Тізімде 73 компания бар. Оның ішінде Тик-Ток 1,16 миллиард теңге салық аударған. Бұл әрине IHerb, Гугл, Мета сияқты алпауыттарға жетпейді. Бірақ Тик-Ток осы 73 шетелдік компания тізімінде алғашқы ондыққа ілініп тұрғаны рас. Салықтан бөлек, Тик-Ток экономикаға қандай жанама әсер береді, ол эффектіні анықтау және ақшамен есептеу өте қиын. Оны үлкен аудиторлық, консалтингтік компаниялар ғана жасай алады.
Жарнама секторы бойынша құрылымына келсек, бір байқағаным тик-ток тікелей тауар жарнамасы емес, жеке адам көрсететін қызмет бойынша көбірек жұмыс істейді. Демек тик-ток экономиканың нақты секторына, яғни өндіріске еш әсер етпейді деген сөз. Алайда креативті экономика (музыка, кинотуындыларды жарнамалау), және жеке қызметке негізделген шағын бизнеске – психология, астрология, сюцай, хэндмейд, т.б қатысы бар. Бірақ бұл ретте дәл осы қызметтердің кезінде инстаграм арқылы жүргенін ескерсек, Тик-Ток жалғыз құрал емес, бұған дейін болған құралға балама, яғни оны толықтырушы ретінде рөл атқарып отырғанын байқаймыз. Яғни, Тик-Ток болмаса рилс дегендей, шағын бизнестің инстаграмға қайта оралу мүмкіндігі бар. Бұдан бір парадокс пайда болады. Тик-Ток бұғатталып, тура осы контенттер инстаграм рилстеріне көшсе, онда Мета корпорациясымен не істейміз деген сұрақ туатыны анық.
Біздегі креативті экономика көлемі шамамен 30 миллиард теңгеден асады. Тик-Ток бұғатталса, осы көлем қысқара ма? Менің ойымша дым да болмайды. Құрылымдық түрде алып қарасақ Тик-Ток тек құрал ғана. Ол өз бетінше контент жасамайды. Контентті жасайтын адамдар. Сондықтан олар бәрібір балама басқа құрал тауып алатыны заңды.
Бірақ Тик-Ток бұғатталуының экономикалық әсері бар. Және ол әсер біз мүлде күтпеген жақтан – геосаясаттан келмек.
Тик-Токқа қатысты саясиланған дау кезінде АҚШ пен Қытай арасынан шыққан болатын. Бір қызығы, Тик-Ток Қытайда жоқ. Ол Гонконгта ғана ашық болды да, 2020 жылы Қытай билігінің қысымымен одан да кетуге мәжбүр болды. Бірақ Тик-Ток Қытайдың ByteDance IT-компаниясының өнімі. Оның ең негізгі құнды технологиясы – видеоны таңдап әр адамға үлестіретін алгоритмі. АҚШ осы алгоритмдердің Қытай инженерлерінің қолында болғанын қаламады. Және Тик-Ток АҚШ аумағында бұғатталмас үшін ол АҚШ компанияларына сатылсын деген талап қойды. Яғни, алгоритм, орталық серверлері АҚШ аумағында болуы тиіс. Ал Қытай ByteDance компаниясына Тик-Токты АҚШ-қа сатуға тыйым салды. Сол себепті, тик-ток инженерлері екі оттың ортасында қалып қойды.
Тик-Токқа қатысты Орталық Азиядағы шектеулерге Қытай қалай қарайды? Өткенде ғана осы әлеуметтік желіні бұғаттаған Қырғызстан шешіміне қатысты Қытай елшісі не басқа да өкілетті тұлғалары жария түрде баға берген жоқ. Бірақ позициясын нақтылап, артынан баға беруі де мүмкін. Оған уақыт керек сияқты.
Жалпы, Қытай геосаяси аренада өз позициясын асықпай білдіретін мемлекеттер қатарына жатады. Және Орталық Азияның кез-келген еліне қатысты Қытайдың көңіл-күйі алдымен экономикалық қарым-қатынаста байқалады. 2016 жылы қандасымыз Сайрагүл Сауытбай Қазақстанға келіп, Шыңжаңдағы лагерьлер туралы баспасөз мәслихатын өткізгенде Қытай оны қайтаруды сұраған болатын. Бірақ Қазақстан Сайрагүлді құрықтамай, Швецияға ұшып кетуіне мүмкіндік бергеннен кейін, Қытайға экспортталатын отандық бидай бойынша түсініксіз фитосанитарлық проблемалар басталғаны әлі есімізде.
Қазақстанға қазір арба мен өгіз жағдайында тұр. Ішкі қоғам құндылықтары азып барады. Бірақ Тик-Токты жабумен мәселе шешіле ме? Егер мәселе шешілмей, оның үстіне Қытайды ренжітіп алсақ ше? Үкімет үйіндегілердің басы осы сұрақпен қатуда.
Бұл шынымен де қиын сұрақ. Бірақ уақыт демі де, тик-так деп соғып, қаттырақ естіліп барады.