Жарияланды: 1400

Тікенектен жұлынған мақта

Тікенектен жұлынған мақта

Ысқырып қатты жел соғып тұр. Желдің екпінімен түбірімен жұлынып кетердей болып қатты шайқалып тұрған бір түп тікенектен басқа ештеме көрінбейді. Меңіреу түнек. Тікенекке жырым-жырым болып жабысып қалған кірлеуіт мақтаны жел кеулеген сайын мұның көзі қарауыта береді. Жанын қоярға жер таппай аласұрады...

Қара терге малшыныпты. Тұр-тұрлап төніп тұрған сығыр кемпірін көзін ашқан кезде ұрып жібере жаздады. Жаулығының сыртына шығып бұрқырап тұрған самай шаштары әлгі мақтаға ұқсайды. Сынықтан әрі болып ұйып қалған қолдарын көтере алмады. Соңғы кезде денесі ауырлап, қол-аяғы ұйып қалатын болып жүр. Дәрменсіз қалпына ызаланып тісін шықыр еткізді. Е, бұл сығырдың жазығы не деді сосын. Соңғы кезде әлгі түсті ылғи көреді. Сырын түсінбейді. Кәрілік осылай меңдей ме, әлде. Азды-көпті ғұмырында ешкімнің ала жібін аттамауға тырысқан. Өзі дұрыс деп санаған бағытынан тайған емес. Молданың алдын көрмесе де, құдай деп жүріпті, аруақтан аспапты. Бірақ кәрі қойдың жасындай ғұмыры қалғанда жүрегі әлденеге аласұрып, жаны тағат таппайтын болып жүр. Кемпірінің күңгірлеп шыққаны үні құлағына енді жетті. - Өй, байғұс, не болды ыңқылдап. Тұрсаңшы деймін. Көккемпірдің Жақауы келіпті... Көккемпір бұл ауыл ғана емес, төңіректегі жұрт түгел білетін шайпау, долы кемпір. Кеше ғана жұрт болып қара жердің қойнына тапсырған. Келін болып түскеннен бастап ел оның Қарғаш деген атын ұмытып, Көксоққан десті. Сыртынан. Бетіне айтуға ешкім батпайды. Иманды елдің ибалы қыздарына ұқсамайтын төтен, дойыр мінезінен бәрі тіксінетін. Аталары үріп ішіп, шайқап төккен бар жердің қызы. Бай байға құяды. Ақылы шолақ Торсықбай үлкен ұлына оны тоқ жердің қызы болған соң айттырған. Әулетіне құт емес, жұт болып қонды. Алтайды айнала көшіп жүрген аз үйлі ауылдың соры еді. Кедей байғұсқа ит төгетін сарысудың өзін иттерісін басына қаптап әзер береді. Бұл келін болып түскеннен кейін Торсықбайдың Кенжесі жүйрік Құланың шылбырына сүйретіліп өлді. Құлын күнінен өзі мәпелеп өсірген Құланың неден үріккені, тақымы атқа жабысып туған Кенженің одан қалай құлап қалғаны беймәлім. Торсықбайдың ендігі бар тілеуі үлкен ұлы мен Қарғаш келінінің үстінде. Қырсыққанда келіннің көпке дейін пұшпағы қанамады. Амалы құрыған Торсықбай атағы жер жарған Қожа әулиенің басына барып қайтуы үшін ұлы мен келінін айшылық алыс сапарға аттандырды. Бұл Көккемпірмен сол сапарда біліс болған. Бұлар да бір перзентке зар еді. Үйленгелі он жыл зулап өте шығыпты. Соңғы кезде әулиеге баруға аңсары ауған. Құлағының түбінен әлдекім бар-барлап тұрады. Оның үстіне өткен-кеткеннен Қожа әулие туралы жиі естиді. Қатынымен ақылдасып жиған-тергенін бір перзенттің жолына құрбан етуге бел байлады. Осы кезде Тосықбайдың ұлы мен келіні әулиеге аттанғалы жатыр деген хабар жетті. Іздегенге сұраған болып бұлар жолға бірге шыққан. Тұрмаққа икемделіп оң жамбасына аунап түсіп есік жаққа көз тастап ыңырсып сәл жатты. Кесіліп қалғыр қол-аяғы жазылар емес. Тізе бойы түріліп қойған іргеден қолындағы қамшымен қонышын сарт-сұрт ұрып мұның тұруын күтіп сыртта мазасызданып тұрған Жақаудың жез нәлді саптама етігі көрінді. Бүкшеңдей басып үйден шыққан кемпірді жақтырмай жөткірініп шырт түкірді. Кемпірі қолына іле шыққан ала сырмақты көлеңке қуалап үйдің сол жақ босағасына жақындау төсеп жатыр. Көлеңкені бажайлап барып күн екінтіге ауғанын түсінді. Бастау басына жусатып кеткен отарын ойлап орнынан мықшыңдай тұрды. Жақауға ақ құйып бермекке үйге қайта кірген кемпірі мұның уайымын көзінен түсінді. - Қойға Аңсаған кетті. Сені ауырып қалған шығар деп едік. Жүзің тым сынық көрінеді. Саумысың әйтеуір, - деген кемпірі мұның жауабын күтпестен торсығын көтеріп қайта сыртқа беттеді. Аңсаған мына Жақаумен түйдей құрдас. Сол сапардан құдай оңдап, Қожа әулие қолдап бұлар олжалы оралған. Келген соң Қарғаш та, мұның қатыны да жүкті болып, екеуі де ұл тапты. Торсықбайдың ұлының түсіне әулиенің өзі кіріп балаңның атын Жақау қой деп аян беріпті. Бұған олай аян бермеді, бірақ таң атар алдында құлағына «ұлды боласың, үйіңе қайт» деген үн келді. Аңсап көрген перзенті болған соң атын Аңсаған қойды. Әулиеге арнап апарған дүние-малдарын шырақшыға тапсырып, қайта-қайта құран оқытып, Қожа әулиенің бейітін сылап-сипап көздеріне сүрме қылып тартып, «әруағыңнан айналдым, әулие ата» десіп жылай-жылай қайтып еді. Беу, дәурен. Жастықтың жігері ғой. Бұл күнде ондай айшылық алысты қойып, қозы көш жерге барып-қайту мұң болды емес пе. - Ыстапыралла, ыстапыралла!... Жақаудың келген себебін естігенде Ақпанның көзі тастөбесіне шықты. Ауызына басқа сөз түпеді. Кемпір алдындағы торсық қисайып айраны төгіліп жатқанын байқаған жоқ. Алақ-жұлақ етіп естері шыққан шал мен кемпіріге түнере қараған Жақау: - Жәнділда молда сізді шақырады. Шешемнің сіздер ғана білетін күнәсі болуы мүмкін дейді. Ілгеріде марқұм әкеммен бірге әулие аралаған екенсіздер. Сол сапарда артық сөйлеп, ағат кеткен тұсы болса сіз білетін шығарсыз. Ал, енді, жүрейік. Жетекке ат ала келгемін. Асығайық, - деп дегбірін ала орнынан тұрды. Кемпір үйдегі жалғыз бүтін кесеге құйған шалапты ерніне де тигізген жоқ. Кермеге қарай екі аттап қалт тоқтады да артына бұрылып кемпірге: - Бұл сөз осы үйдің іргесінен алыстамайтын болсын!.. – деп ескертті. Е, жаратқан ием, сақтай гөр!.. Мұндай да болады екен-ау! Көккемпір көрінен шығып қалыпты. Бүлардың Жақаудың сөзінен ұққаны сол. Бай ауыл екі белдің астында. Шоқытып отырса сүт пісірім уақытта жетіп барады. Жол бойы Ақпанның қорқыныштан тілі сөйлеуге келмеді. Мұншама жасқа келгенше естімеген сұмдығы. Малшы-жалшыны көп ұстайтын Жақаудың мұны ертіп кетуге өзінің келуі де көп жайттан хабар бермей ме?! Тірісінде ел-жұртқа тым сүйкімсіз болған Көккемпірді қара жер қабылдамай жатыр. Құдай-ау, әулие аралағанда ол нендей ағаттық жасап еді? Есіне түсер емес. Бәрі бірге жүрді... Қожа әулиенің басында құран оқылып қол жайғанда... Бейітінің топырағымен беттерін сүрткенде... Жалынып, жалбаранып тілектерін сұрағанда... Әлде, апарған дүние-малдарын шырақшыға тапсырғанда тарлық қылды ма... Ондайын да байқамапты... Бірақ құдайды көп қарғайтын еді ғой... Әлде... *** Жанділда молда Жақаудың үйінде төртінші күн жатыр. Көккемпір қатты қиналып қалғанда Жақау ат жіберіп арнайы алғызған. Кәлимаға тілін келтіріп, атаукере ішкізсін деп еді. Алайда молда келген кезде Көккемпір тілден мүлдем қалған болатын. Ол ауық-ауық дем салып, күбірлеп дұға оқып кемпірдің тамырын ұстап қояды. Күні кешеге дейін тірі жанды бетіне қаратпай, марқұм күйеуін де билеп-төстеп әбден жүндей түткен, жақын төңіректе тілі тимеген адам қалмаған долы кемпір бейшара күйге түсіп, арасында қатты қырылдып-сырылдап алқымынан алған ажалдан қашып құтыла алмай жатқан. Түнімен-күнімен дем салып отырған Жанділда молда екінші күні түнде кемпірдің басында отырып қалғып кеткен еді. Бір кезде оның ышқынған дауысынан селт етіп көзін ашты. Сол кезде кемпір де сылқ ете түсті. Жалма жан тамырын ұстап еді жүрегі соғуын тоқтатыпты. Молда күрсініп салды. Құдай тағала күнәһар пендесінің кәлимамен жан тапсыруын қаламағаны ма!? Жанділданың көзі ілінген сәтте Әзірейіл оны алып-ақ жөнеліпті. Марқұмның алды-артынан бірдей жіберіп қойғанын көргенде оның ендігі жерде жағдайы мәз болмайтынын түсінді. Алайда, кемпірді қара жер қабылдамай қояды деп тіпті ойлағаған жоқ. Ілгеріде мұндай жағдайлар болғанын киіз кітаптардан оқығаны бар еді. Өз көзімен көріп отырғаны осы. Кеше кемпірді жерлеп келген соң Жақау бұған Құран-хатым түсіріп беріп бірақ қайтыңыз деп қолқа салған. Байдың сөзін жерге тастамаған еді. Кетіп қалмаппын деп өкінді. Көккемпірдің құдайсүйер қылығы аз еді. Бірақ дәл қай ісі оны осынша күнәһар етті екен? Есіне ертеректе олардың әулиеге барғаны сап ете түсті. Сол жолы бір сорақы іс жасады әлде? Жақауға Ақпанды алып кел деген себебі сол еді. Суға кеткен тал қармайдының кері ғой әйтеуір. Ал өзі олар келгенше киіз кітаптан мұндайда не істеуге болатынын оқи бермекші. *** Хубайыс миығынан күледі. Түк жолы болмай жүрген. Соңғы жүз жылда тындырған мардымды ісі жоқ еді. Бүгін де отқа күйіп кете жаздады. Бірақ, тапқан олжасына Әзәзілдің қатты риза болары анық. Миығынан күлетін себебі сол. Қазақ даласында шыр етіп дүниеге келген бір сәбидің тағдырына қатысты үкімді толық біліп алды. Аты Ақпан болады. 72 жас жасайды. Үйленгенге дейін оған күш, уақыт шығындаудың қажеті жоқ. Бірақ үйленген соң Хубайыстың айтқанына көніп, айдағанына жүруі үшін бұл бар өнерін салатын болады. Ібіліс атасының атымен ант етеді! Тозақта Ақпанды құшақтап жанады! Оған тура жолда жүрсің деп сыбырлап қойып Алланың қаһарына ұшырайтын соқпаққа салады әлі. Иә, иә... *** Жақаулар келгенде Жанділда молда да киіз кітапты адақтап бітіпті. Үшеуі үйде оңаша қалды. Ақпан жол бойы ойланып келген. Молданың алдына жүрелеп көзімен жер шұқып сәл отырды, дауысы тарғылданып құмыға шықты. - Есіме ештеме түсіре алмадым. Жарықтық әруақтарды, Қожа әулие атаның әруағын ашындырып, ашуландыратындай іс қылмап еді. Ол күндері бәріміз бір шикіөкпеге зар болдық... Бар үмітіміз сол кісіде еді. Әруағыңнан айналайын жарықтық, қолымызды қақпады ғой... - деп, Жақауға қарады. Сөзіме дәлел міне, мында отыр дейтіндей. Ақпан замандасының асырып ештеме айпайтынын түсінген Жәнділдә молда мол пішілген денесімен сол жағында жүкке арқасын беріп түнеріп отырған Жақауға бұрылды. - Кітап былай дейді... Алла Тағаланың кәріне ілінген жанды қара жер қабылдамайтын көрінеді... Өйткені, жер, топырақ тек Алланың бұйрығына бағынады-мыс. Кәпірлер қауымында мұндай нәрсе ылғи болады... Сондықтан олар өлген адамдарын жерлемей өртеп жібереді екен... - Ей, молдеке, не деп отырсың? Сен маған шешемнің мүрдесін отқа өртеп жібер деймісің?! Жақаудың онсыз да түнеріп отырған қабағы одан әрі түксие түсті. - Сұбханалла, Алла сақтасын. Бұл қазақтың қанында, салтында жоқ дүние... Иә, құдай сақтасын... Кітап... - Кітабың тағы не дейді? Басқа амалын тап! - Кітап... Бұған менің жалғыз шамам келмейді... Білімді, медресе көрген, Бұхар барған ишандарды жинау керек. Солар ғана оқып анаңызды жер қойнына кіргізе алады. Әзірге албаты сырт көзге шалдырмай бейітін айналдыра кереге ұстап, тасалап қояйық. Сенімді жігіттерден қарауыл болсын. Қара ишанға хабаршы жіберіңіз. Өзге молдаларды ол өзі ертіп келеді. Жақау қасына Жанділда молданың өзін ертіп, Ақпан үшеуі сары атанға қара қостың керегесін өңгеріп зиратқа келді. Ақпан жолай иманын үйірумен болды. Қорымның күнгей тұсына қарай көмілген Көккемпір беліне дейін көрден шығып тұр екен. Жырым-жырым болып жыртылған кебіннен шығып екі емшегі салбырап, екі көзі ашылып ақиып қалыпты. Ерінін шүйіріп, жұдырығы түйіліп екі қолының да бармақтарын саусақтарының арасынан шығарып саптап алға созып тұр. Бұл өзінің тірлігінде көп қылған ісі еді. Елдің бәріне шылп еткізіп ерінін шүйіріп, күні түскен кедей-кепшікке, жалынып келген жоқ-жітікке осылай қолын шығарып қоя беретін. Үшеуі көздерінің астымен бір-біріне қарады. Кемпірдің көрден неге шығып қалғанын түйсіктерімен түсініп тұр. Көздерін көтеріп тік қарамастан, үн-түнсіз сары атанға тиеп әкелген үш қанат керегені демеп түсіріп бейітті қоршай жайып жіберді. Оның сыртынан ши ұстап, шиді басқұр арқанмен қатты таңып қойды. *** Хубайыс Ақпанның жүрегіне рәсуа салуды бастап жіберген. Бұл күнге дейін оны бір сәт назарынан тыс қалдырған емес. Ұсақ-түйек күнәнің талайына жетеледі. Балалық дегізді, жастық дегізді. Әйтеуір өзін ақтап алатын сан сылтауды санасында жаңғыртып қояды. Ақпан қашан да өзін арым таза деп санайтын. Құдай алдында күнәм жоқ, не жазып едім деп таңды таңға ұрып ойға кетеді. Бұл кезде ол үйленгелі он жылға жуықтап қалған. Сүйіп қосылған келіншегі, үстіне әйел алуға шамасы жоқ. Бар жазығы бала таппады демесең, көрікті, ақылды. Кейінгі кезде Қожа әулие туралы жиі еститін болып жүр. Ойы сол жақта. Алдына салған аз малы бар. Соны бір шикіөкпе үшін жұмсағысы келеді. Құлағының түбінен біреу солай істе деп сыбырлайды да тұрады. Әулиенің алдына жетіп жылай-жылай сұраса бір шикіөкпені бұған да қиятын шығар. Ақпан осы ойға ергелі Хубайыс та қимылдайтын кез келгенін түсінді. Ол Ақпан дүниеге келгенде оған қатысты үкімді естіп алған. Келер жылы бұл балалы болады. Тағдырына солай жазылған. Ақпан өзі сәтті күн деп санайтын сәрсенбінің түнінде аппақ сақалы бар ақ шапанды шал болып түсіне енді. «Бар, бұл не жатыс. Қожа әулиеге жет. Сен бұл өмірден осылай ұрпақсыз өтпекпісің. Бар, Қожа әулиеге бар, ол сені күтуде». Сол түсті көрген күні Ақпан әдеттегіден ерте оянды. Әйелін түртіп қалды, сергек ұйықтайтын ол бірден көзін ашып алды. - Кетеміз, - деді, - әулиеге барамыз. Мен бүгін Торсықбайдың ауылына барып келейін. Ол ұлы мен келінін әулие аралауға аттандырғалы жатыр деп естігемін кеше. Енді бөгелудің реті жоқ. Біздің басқа амалымыз бар ма. Егер Қожа әулиеден қайран болмаса тірлігімізде мағына қалмайды. Бұл менің соңғы үмітім. Сен қамдан. Сөз осы болды. Бір жұмадан соң төртеуіне даланың ой-шұңқырын жақсы білетін екі ұрысын жолбасшы қылып қосып Торсықбай өзі көш жерге дейін еріп келіп әулиеге аттандырып салды. *** Жақау жіберген шабарман Қара ишанмен бірге тағы үш молда ертіп қайтты. Бай бұларға арнап жеке үй тікті. Қара ишан: - Жеті күн дұға оқимыз, құдай қабыл алса мәйіт көрге өзі түседі. Бұл Алланың хикметі. Марқұмның күнәсіз адамдар ғана емес, жаратқан Иеміздің өзіне тілі көп тиген. Көзін жұмарда тілі кәлимаға келмеген екен. Мына Жанділданың көзі ілініп кеткен сәтте Әзірейіл жанын алып жөнелген көрінеді. Ол да Алланың қалауы. Дұғамыз қабыл болса қара жерге қайта кірер, болмаса жалғыз амал мәйітті өртеп жіберу. Марқұмның күнәсінің кешірілуі тек Құдайдың еншісіндегі іс. Біз дұға қыламыз, - деді. *** Ақпан анық естіді. Дауыс дәл құлағының түбінен шықты. «...Мен сенің тілегіңді қабыл алдым. Енді үйіңе қайт. Жазға салым ұлды боласың. Қабыл еттім, қабыл еттім....». Дауыс дыңылдап құлағында көпке дейін тұрды. Таң азаннан Торсықбайдың ұлының екі езуі құлағына жете ыржиып көңілді жүрді. Мұны ымдап оңаша шақырды. - Түсіме әулие кірді. Ұлды боласың, атын Жақау қой деді. Әруағыңнан айналайын Қожа әулием, тілегімізді қабыл етті, - деді сыбырлап. Құлағына естілген дауыстың рас-өтірігін айыра алмай екіойлы болып тұрған Ақпан абдырап қалды. - Менің де бүгін түнде басымнан бір керемет өтті. Құлағыма әлдекім жазға салым ұлды боласың деп сыбырлады. Сене алмай тұр едім, сіздің мына сөзіңізден кейін ол дауыс әулиенікі болғанына күмәнім қалмады. Қожа әулие менің де тілегімді қабыл етті, шүкір! – деді қуанып. Оңашаланған екеудің қасында тағы екеу тұр еді. Бірі Хубайыс болатын, екіншісі Торсықбайдың ұлының тағдыры туралы үкімді ұрлаған шайтан. Бұлардың да қуаныштарында шек жоқ. Екі адамды жолдан тайдырды. Оларды жоқтан бар қылып, барлық қажеттіліктерін өтеп, аса мейірімділік танытқан, ерекше қамқорлығына алған Иелерін ұмыттырды. Бірінің түсіне кіріп, бірінің құлағына сыбырлап ешкімге жақсылық та, жамандық та қыла алмайтын өлікке құдайдай табындырды. Бұдан артық қуаныш бола ма? Осы тұрған екеуін екеуі құшақтап тозақта бірге жанатын болады. Қазір бұлар мына өлікке арнап құрбандық шалады, бейітінің топырағын көздеріне сүртіп, тәу етеді. Ертең еліне барған соң Қожа әулиенің кереметі туралы ауыздарынан тастамай айтады. Бұларға сенген талай адам табанынан таусылып Қожа әулиеге келері анық. Әзәзілдің мол шапағатына, мақтауына ие болатынын ойлап екі шайтан алақандарын ысқылады. *** Қара ишан бастаған бес молда арнайы тігілген киіз үйден тек дәрет алуға ғана сыртқа шығады. Қалған уақытта күңірентіп құран, азынатып дұға оқып жатқандарына жеті күн болған. Бұл күндері аспанда шөкімдей бұлт болмады, ми қайнайтын ыстық, аптап. Ара-тұра оңтүстіктен жел тұрса ауылды өліктің иісі алып кетеді. Бір мәйіттің бүлінген иісі жер-дүниеге мұншама жайылады деп кім ойлаған. Ондай кезде ауылдағылар мұрындарын ала қашып, беттерін жастыққа басып, қолдарына ілінген шүберекпен ауыздарын тұмшалап әуреге түседі. Лоқсып құсып жүргендер бар. Жетінші күн осылай өтіп жатқан. Тал түстің шамасы. Кенет шайдай ашық аспан қатты күркіреп, жарқ-жұрқ найзағай ойнады да бейіт жақта қара түтін бұрқ етті. - Ойпырымай, бейітке жай түсті. Құдай өзің сақтай көр! Жаппаның астында жүн түтіп отырған кемпірдің ащы дауысын ашық күнде ойнаған найзағайдан кейін құлаққа ұрған танадай тынши қалған ауыл түгел естіді. Іркес-тіркес үйден шыққан молдалар тізіліп бейітті бетке алды. Арттарынан Жақау ерді. Өзгелер үйден шығуға қорықты. Бірен-саран керекқұмар кемпір-шал, кейбір сыпсың келіншектер ғана далаға жүгіре шығып состиып тұрып қалды. - Сұбханалла! Иә, Алла, кеше гөр! Аллам, егер сен кешірмейтін пендеңе өзіңнен рахым, пайғамбардан шапағат сұрап мазаңды алған болсақ кешіре гөр. Қара ишан бейітке дейін іштей жалбарынып келді. Жасын Көккемпірдің көріне түсіпті. Ыстыққа шыдамай іріп-шіріп құрттай бастаған мәйіттің түгі қалмай жанып кеткен екен. Көр опырылып ортасына түсіп қап-қара күйе болып қалыпты. Қара ишан бұлардың дұғасы қабыл болмағанын ұқты. Жердің бір шетінде тұратын көпқұдайшылдардың өлген адамдары осылай өртеледі деуші еді. Құлақ естігенді көз көреді деген осы-ау. Пенденің қолынан не келсін? Дәл қасына түскен жасын еш зардабын тигізбеген кереге мен шиді алып тастаған молдалар көрді айналасындағы бос топырақпен тездетіп толтыра бастады. *** Бұл оқиғаның анық-қанығын Жанділда молдадан естігелі Ақпан шалдан маза кеткен. Анау түсі де жиілеп кетті. Жаны шырқырап қара терге түсіп оянады ылғи. - Иә, Көккемпірдің тілі тимеген, ол зәрін төгіп, зәһарын шашпаған кім бар еді бұл маңайда. Қара жер хабар бермесін, марқұм тірі жанға титтей жақсылық жасамаған ғой. Өмірінің соңы міне, не болды. Адамның қалай өмір сүргені емес, өмірді қалай аяқтағаны маңызды. Бір құдайға сыйынып, бір құдайдан сұраған адамның өлімі өкінішсіз. Ондай адамның жаны майдан суырған қылдай болып денені тастап шығады. Ал күнәсі көп болып, Аллаға серік қосқан пенденің жаны тікенекке оралған мақтаны жұлып алғандай жырым-жырым болып жыртылып шығады. Күнәсіз пенде жоқ, бірақ тәубаға келгенді құдай жақсы көреді, кешіреді, жарылқайды. Ақпанның бойы тітіркеніп, ылғи көретін түсі есіне түсті. Молданың айтып отырғаны сол тікенек, сол мақта емес пе? Жанділда молда замандасы Ақпанға бұлай ашылып уағыз айтып көрмеген еді. Торсықбайдың ұлымен бірге әулие аралаған сонау бір жылдарды есіне алсын, тәубаға келсін деген шығар. «Кейінірек молдадан бет сипап үйренермін, күнәм болса құдай өзі кешірер, Қожа атам аруағы әруақ қолдай гөр» деді ішінен Ақпан. Бірақ ол қандай күнәсі барын есіне түсіре алмады. Ұрлық қылған емес, адам өлтірмеді, ойнас жасамады, біреудің өміріне зияны тиетіндей өтірік те айтпапты, ешкімнің ала жібін аттамады. «Жазығым не, жазығым?!» деді жанұшырып. *** Көккемпірдің қырқын берген соң үш күннен кейін Ақпан шал қайтыс болыпты деген хабар жетті. Астан ұшынған ба, әруақ ұрған ба, жын соққан ба, әйтеуір бара сала қызуы көтеріліп есі кіріп-шығып есеңгіреп жатыпты десті жұрт. Екінші күні-ақ тілден қалған. Үнемі көретін түсінің мәнін енді түсінді, қай тұстан қателескенін ұқты. Кеш еді. Көзіне Әзірейіл көрінген кезде кіретін тесік таппасын білді. Денесінің әр қуысына тығылып ышқына қашқан жанын қырылдатып кеңірдегінен тартқан Әзірейіл жырым жырым қылып жұлып жатты... ...Босағадан сығалап Хубайыс қарап тұрған. Ақпан соңғы сәтте әруақтан медет сұрамай, Алладан кешірім сұрап айнып кете ме деп қауіптеніп тұр еді... Авторы: Елжан Әуез Материал "Шын.кз" сайтынан алынды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін