«Жыл сайын Қазақстан жерінде қаламдастар форумын өткізу ізгі дәстүрге айналды.Бүкіл әлемнің беделді саясаткерлері, сарапшылары мен журналистері бас қосқан бұл халықаралық форум бүгінгі заманның ең көкейкесті мәселелері бойынша кең отырып келісу, тіл қатысу, пікір алмасу алаңы болары анық. Сондықтан мұндай кездесулердің маңызы өте зор деп санаймын»,- деді Елбасы.
Еліміздің өткен мерзімдегі жетістіктеріне қысқаша тоқталып өткен президент бұдан кейін отандық БАҚ-тар жүріп өткен даму жолы туралы әңгімеледі.
«Осыдан небәрі 13 жыл бұрын еліміз өз реформаларын «ақ парақтан» бастады.
Қазір есіме түсіріп тұрмын, 1991 жылы Қазақстан газеттерінің бас редакторларымен болған бір кездесуде біз журналистиканың сол кезде өзімізге сыры әлі беймәлімдеу нарықтық экономика жағдайындағы проблемаларын талқылаған едік. Өйткені қағаздың, байланыс қызметі бағасының өсуі, салық мөлшерінің жоғарылығы Қазақстан баспасөзін шала-жансар күйге түсірген болатын»,- деді ол.
Н.Назарбаевтың айтуынша, «өзі де қиын жағдайды бастан кешіріп жатқан мемлекет сол кездің өзінде баспасөздің аман қалуына, бойын жазып, еңсесін көтеріп қолынан келгеннің бәрін жасады. Біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) үшін бірқатар экономикалық артықшылықтар мен салықтық жеңілдіктер енгіздік. Бұдан кейінгі кездерде де біз БАҚ-қа үнемі қолдау көрсетіп отырдық».
«Тіпті күні бүгінге дейін Қазақстан БАҚ-тары қосылған құнға салықтан босатылып келді»,- деді Елбасы.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда 2 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді, олардың 80 пайызы тәуелсіз ақпарат құралдары.
Олардың саяси бағыт-бағдары да әртүрлі, іштерінде радикалды оппозициялық бағыт ұстанатындары да бар».
«Қазақстан халқы 130 ұлт пен ұлыстардан тұратыны сіздерге мәлім болар. Сондықтан тілдік саналуандық Қазақстанның медиакеңістігінде ғана қалыптасқан ерекше құбылыс»,- деді Елбасы.