”Тірі болсам, арабқа қызмет етпей қоймаймын”: Журналист неге араб болғысы келетінін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 516.13
  • 538.01
-7 °C
Алматы
2025 Жыл
28 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
”Тірі болсам, арабқа қызмет етпей қоймаймын”: Журналист неге араб болғысы келетінін айтты

”Тірі болсам, арабқа қызмет етпей қоймаймын”: Журналист неге араб болғысы келетінін айтты

Журналист Арман Әбубәкір араб мәдениетіне еліктеп жүрген қазақ қоғамын сынап тастады.

  • 27 Қаңтар
  • 241
Фото - Caravan.kz

Ол сарказм үлгісіндегі жазбасын Facebook желісінде жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

“Араб болғым келеді, араб болғым,
Салт-дәстүрден хабарсыз, жаңа туған

Осы күндері неге ғана араб болып тумадым екен деп қатты өкініп жүрмін. Оллахи, рас сөзім. Өкініштен күнде бармағымды шайнап, тіпті тырнағымды жұлым-жұлым еттім.


Құдай-ау, қазақтың бүкіл сөзі арабтан шығыпты ғой. Біз үшін соншама сөз ойлап тауыпты. Сонда да дым рахметіміз жоқ. Тіліміз бай халықпыз деп келіп күпсінеміз. Сөйтіп Алланың ең сүйікті ұлты арапқа тіл тигізіп қойып, күпірлік айтқанымызды аңдамаймыз. Өзімізге де обал жоқ.


Бүкіл-бүкіл салт-дәстүріміз де арабтардан екен ғой, құрысын. Сенбесеңіз, әлгі салт-дәстүр туралы сары кітаптарды оқыңыз. Пайғамбарлар мен сахабалар жол жүріп бара жатып, тіпті кейде асығып бір жаққа кетіп бара жатып-ақ қазақтың бір небір дәстүрін шығарып кете беріпті ғой, айналайын жарықтықтар. Аллаға шүкір, салт-дәстүрлеріміздің авторлары арабтар, оның арғы жағында олардың жебірей жұрағаты екенін біліп, төбем көкке бір елі жетпей мақтаныыып отырмын. Қазақ ата-бабаларымыз құр мал бағып жүре бермей өздері бір “авторлық” салт-дәстүр ойлап тапса, қайтеді, ей?


Мал-бағып демекші, жылқыны да ең алғаш қолға үйреткен арабтар екен. Ол туралы сенімді хадистер де бар. Жылқыны алғаш қолға үйреткен Исмайыл пайғамбарымыз екен. Бұл — факт! Археология, ғылым, Ботай мәдениеті деп біздің басымызды босқа қатырып келіпті ғой. Мұның бәрі саясат! Әрі-беріден соң қазақты араб бабаларына қарсы қою саясаты! Енді келіп көшпелі мәдениет, ұлы дала мәдениеті деп бөсеміз. Мүлде дұрыс емес. Ұлы араб мәдениетінің өкіліміз десек, қандай жарасымды, иә?! Араб аталарымыз біз үшін тағы не істемеді?


Қасиетті жерде тұратын қасиетті ұлт арабтарға жиі-жиі барып тұру керек! “Араб болмасаң да ұқсап бақ” дейді атам қазақ. Өз басым жақында Меккеге 100 мәрте барып келіп соны жұлыздардың бәрін шақырып той жасадым. Бұл әлі де аз. 1000 мәрте барып дүбірлетіп ұлан-асыр той жасаймын әлі. Арабтың жылқыларымен мына даланы шаңдатып бәйге де өткіземін.


Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Қасиетті арабтың суын әкеліп ішемін. Меккеде ағатын зәм-зәм су ғой. Оған шамалы білетін шала-шарпы арабша дұғаларымды айтып жіберсем, құрамы да таза “арабскийге” айналады.
Арабтың киімін киіп, мисуағымен тіс тазалап, шәйін ішіп, құрмасымен ауыз ашып, барымды-жанымды салып қызмет етемін. “Тірі болсам, арабқа қызмет етпей қоймаймын” депті ғой бір атам. Мен де соған 200 пайыз қосыламын. Жатсам-тұрсам, қасиетті араб ұлтын қайтсем байытамын деп, ой кешіріңіз, Мекке мен Мединеде Алла жолында құрбандық шалып (электронды) қызмет етуді ойлаймын. Ол жолда қандай кемшіліктер мен қателіктер болсын кешіріледі дейді ғой. Күнәһар қазақ болғанша мінсіз араб болғаным мың мәртебе артық емес пе?!


“Араб болғым келеді, араб болғым,
Салт-дәстүрден хабарсыз, жаңа туған…”
Ал қане, бүкіл ел, жамағат болып осылай әндетейікші. Мүмкін біз де құдайдың сүйікті ұлтына айналармыз. Арабтар құдайдың сүйікті ұлты емей немене, ешнәрсе ойлап таппай, кейбір ұлттардай ғылым-білімді дамытпай-ақ шылқып байып отыр. Ендеше, не тұрыс? Тезірек араб болудың қамына кірісейік!”, — деп жазды ол.