ТМД Атқару комитетінің төрағасы «соңғы бірнеше жылда республикада сайлау жүйесін тұтастай және жекелеген сайлау процедураларын жетілдіруге бағытталған демократиялық жаңартулар жалғасын тапты» деп атап өтті. Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қоғамда кең көлемді талқылаудан кейін қабылданғанын еске салды. Қазақстанның сайлау заңнамасына енгізілетін түзетулер жобасы «халықаралық беделді ұйымдардың кеңес-нұсқауын ескеру негізінде жасалғанына» В.Рушайло сенім білдірді. «Түзетулер елдің сайлау жүйесін дамытуға және сайлау тетіктерін жақсартуға бағытталған». ТМД Атқару комитеті төрағасының пайымдауынша, «түптеп келгенде жаңа заң Қазақстандағы сайлауды әжілетті әрі ашық өткізуге септігін тигізуі тиіс».
Сондай-ақ, ол ТМД республикалары арасынан электронды дауыс беру жүйесі бірінші болып Қазақстанда сынақтан өткізілетінін атап көрсетті. Ол бұл жүйені сайлаушыларды тізімге тіркеуден бастап, дауыс беру процессінің өзі мен оның қорытындысын шығаруға дейінгі бүкіл процессті жаппай қамтитын «жетілдірілген жүйе» деп атады. В.Рушайло «ҚР орталық сайлау комиссиясының жаңашылдығы мен батылдығын» жоғары бағалады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ТМД Атқару комитеті Қазақстандағы сайлау науқанына ұзақ мерзімді бақылауды бастап та жіберді. Достастық елдерінен сайлауды 100-120 адам, соның ішінде Парламентаралық ассамблеяның өкілдері, депутаттар, Ресей және Беларусь Одағының парламенттік жиынының өкілдері қадағалайды.