Келіссөздер барысында Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі оған мүше елдердің экономикасына оң әсер етіп отырғаны аталып өткенімен, Беларусь Президенті Александр Лукашенко ТМД ішіндегі дезинтеграциялық үрдістердің күшеюіне алаңдап отырғанын айтты.
"Өкінішке қарай, қазір ТМД-ның интеграциялық құрылым ретінде келешегі жоқ деген пікірді жиі еститін болдық. Достастық елдері ішінде дезинтеграциялық үрдістер күшеюде және бұл да алаңдатпай қоймайды", — деді Лукашенко.
Алайда сол уақытта, оның пікірінше, бүгінгі отырысқа ТМД-ға мүше мемлекет басшыларының барлығы дерлік қатысуы Достастықтың өміршеңдігін көрсетеді.
"Біздің бәрімізге осындай ұйымдастыратын платформа қажет. Достастықтың бұдан кейінгі тағдыры туралы ашық сөйлесетін уақыт жетті", — деді ол.
Соңында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ынтымақтастықты бұдан да жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Алайда, посткеңестік интеграцияның әлеуеті соншалықты үміт шақырарлықтай қуанышты ма?
Caravan.kz ТМД-ның қазіргі жағдайы менен оның болашағы жайлы кішігірім саяси зерттеу жүргізді.
Кеңескезінде, яғни 1980–1990 жылдары жинақталған экономикалық, әлеуметтік, ұлттық және саяси қайшылықтар мен түйінді мәселелердің салдарынан «ХХ ғасырдың ірі геосаяси апаты» – Кеңестер Одағы ыдырады.
Бұрынғы біртұтас державаның аумағында ондаған жаңа мемлекеттер пайда болып, өз саяси тәуелсіздігін жариялаған күннің ертеңіне-ақ олардың алдына бұрындары болмаған экономикалық даму, қоғамның әлеуметтік қажеттіліктерін қамсыздандыру мен саяси аласапыранға жол бермеу секілді аса өзекті мәселелер тұрды.
Жаңа өмірге аяқ басар алдындағы бұрынғы кеңестік республикалардың бастапқы экономикалық жағдайлары барлық жағынан: шикізаттық ресурстармен қамсыздану, оның ішінде жанармай-энергетикалық, азық-түліктік база, ұлттық өндіруші өнеркәсіптың даму және сыртқы әлеммен шаруашылық байланыстардың деңгейіне қарай әр түрлі болды. Сондықтан да, жаңа тәуелсіз елдердің өзара тиімді және өзара қолайлы мемлекеттік байланыстың үлгісінде болу тиімді еді, өйткені посткеңестік кеңістіктегі мүлдем жаңа саяси жағдайды мойындаумен қатар, КСРО-ның біртұтас халықшаруашылық кешені негізінде ұзақ мерзімдік экономикалық өзара ықпалдастық пен өзара толықтырулар арқылы қол жеткізілген тиімді нәтижелерді сақтауға (кейіндері дамытуға) мүмкіндік беретін еді.
Өздерінің посткеңестік дамуының алғашқы кезеңінде осы аталынған қатерлерге жауап ретінде қандай да бір сай келетін жауап табу мақсатында бұрынғы кеңестік республикалардың көпшілігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына бірікті. Жаңа жағдайда өзара біртұтастықты сақтауға бағытталған бұл жүйе өзінің заңдық қатынастардағы енжарлығына байланысты мақсатына жете алмады.
ТМД-ның нәтижелілігі оның құрылған уақытының өзінде-ақ аз мөлшерде еді, ал жылдар өткен сайын ол одан да азайып кетті. Бастапқы кезден-ақ ұлттық деңгейден жоғары өкілеттілігі болмағандықтан, бұл ұйым қазіргі таңда тек өзара келісім алаңы қызметін ғана атқарып отыр, оның үстіне жыл өткен сайын оның мүшелер саны да азайып келеді. Мысалы, Өзбекстан соңғы кездерде өзінің ТМД қызметіне және де оның бұрындары қызығушылық танытқан жобаларына деген (мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ) қызығушылығының төмендегенін танытып отыр.
Түркмения өзінің ТМД жұмысына қатысуын қауымдастырылған мүше деңгейінде шектеуін сақтап отырса, Грузия 2008 жылдың тамыз айындағы Кавказда орын алған жағдайдан соң оның құрамынан мүлдем шығып кетті. Ал ТМД басқа мүшелеріне келер болсақ, олардың қабылдаған шешімдері орындалуға міндетті емес шартты мағынадағы ұсыныстар түрінде болып, ал олардың орындалуын бақылайтын ешбір тетіктері нақтыланбаған.
Тек жаңа жүзжылдықтың бірінші онжылдығының басына қарай ғана посткеңестік кеңістіктегі сыртқа тепкіш күштер үдерістері ішке беттелген немесе ортаға тартқыш бағытына ойысты. Бұрынғы кеңестік елдер арасындағы экономика, саясат, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік салалары бойынша екіжақты байланыстар қалпына келтіріліп, орныға бастады.
Бүгінгі күнгі Достастықтың жайы туралы саясаттанушы Расұл Жумалы былай дейді:
«ТМД-ның өміршеңдігі мен өзектілігінің төмендеп бара жатқаны туралы 90-жылдардан бастап айтылып келе жатыр. Менің ойымша, Достастықтың ең негізгі міндеті Кеңес Одағы мен оның тоталитарлық жүйесінен тәуелсіз елдердің бөлініп шығуын өркениетті ,мәдениетті түрде жүргізуінде болды. Сөз жоқ, бұл ретте бұған ол өзінің айтарлықтай ықпалын тигізіп, өзінің ең негізгі жетістігіне қол жеткізе білді.
Бірақ 90-жылдардың екінші жартысынан бастап бұл өлі құрылымға айналып кетті десем артық болмас. Қанша келісімдерге қол қойылды? Білуімше, ТМД шеңберінде мың жарымға жуық құжаттар қабылданған болатын. Біреуі де орындалған жоқ. Ақыры, түсінікті себептермен көңілдері қалғандықтан, біраз ел одан бөлініп кішігірім интеграциялық топтар құруға тырысты: ГУАМ, Бірінші Кедендік Одақ және т.б.
Бұл қандай да бір алға қойған мақсатын іске асыра алмайтын топқа айналып үлгерген Достастықтың жұмыс істемегендігінің айқын көрсеткіші болды», — дейді эксперт.
Оған қоса, Расул Жумалының айтуы бойынша, соңғы 10 жылда ТМД ішінде орын алған айтарлықтай қақтығыстар Достастық саммиттерін дискуссиялық клубқа айналдырып жіберді.
«ТМД шеңберінде қаншама ақпараттық, шикізаттық соғыс әрекеттері болды. Ресей мен Украина, Ресей мен Грузия, Өзбекстан мен Қырғызстан араларында орын алған халықаралық дағдарыс деңгейіндегі жанжалдар Достастықтың өміршеңдігіне одан әрі кері әсерін тигізді.
Ақыры, бұл ТМД саммиттерінің ешқандай саяси немесе экономикалық күші жоқтығына алып келді. Қатысушы мемлекеттер Давос форумына келгендей әңгімелеседі, ой бөліседі, бірақ ешқандай нақты шешімдер қабылданбайды.
Интеграцияға келетін болсақ, бұл жерде баршаға ортақ басты мақсат біреу: посткеңестік елдердің бұрынғы сарынмен жалғасып келе жатқан дискуссиялық клуб ретіндегі кездесу форматы. Алайда Қазақстанға ТМД-ның бары немесе жоғынан ешқандай ықпал жоқ. Тіпті Достастық ертең жойылып кетсе де, бұны ешкім байқамайтын да шығар», — деп ойын түйіндеді саясаттанушы.
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, саясаттанушы Фарход Аминжонов та осы оймен келіседі.
«ТМД ешқашан да тиімді ұйым болған емес. Оның бастапқы міндеті — мемлекеттер арасындағы қатынасты сақтау болып қала береді. Ал Беларусь Президентінің кешегі мәлімдемесі жайлы айтарым, егер осындай мәнердегі сөз Путиннің немесе Назарбаевтың тарапынан шыққанда, бұл айтарлықтай түйткілдердің бар екендігінің айғағы болар еді.
Ал Лукашенконың сын пікірге толы мәлімдемелері – үйреншікті нәрсе. Кезінде Құрманбек Бакиев (Қырғызстанның экс-президенті — автор) одан саяси баспана сұраған кезінде, Беларусь Президенті «ол менен адамгершілікпен сұрады, сондықтан мен оған сұрағанын бердім» деп, оны да қалың жұртшылыққа жариялаған болатын.
Сондықтан, оның айтқан сөздері үйреншікті нәрсеге айналып отыр. Ислам Кәрімов те (Өзбекстанның бірінші президенті — автор) кезінде ТМД-ның жағдайы мүшкіл екенін бірнеше рет айтқан. Бірақ оның мәлімдемелері көбінесе күлкі мен әзілдеп айтқан сөздеріңің астарында жатқан» , — дейді Аминжонов.
Жоғарыда аталынған интеграциялық қайшылықтарды және осы уақытқа дейін қалыптасып қойған топтық шаруашылықтық мүдделердегі қайшылықтарды жою – өте күрделі мәселе, бұл сұрақтың шешімін шығаруда асығыстық жасауға болмайды және де оны өз бетінше де жіберу де дұрыс емес.
Сондықтан да оның мүшелері арасындағы ұстанымдардың өзара тиімді түрде үйлестірілуіне және барынша тиімді шешімдер қабылдауға қол жеткізу өте маңызды деп білеміз.
Мақала авторы: Сырым Иткулов