Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші нормалар енгізіледі, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ел президенті Тоқаев биыл Атырауда өткен Құрылтай кезінде де «Лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» деп айтқан болатын.
Енді көптен күткен заңға қол қойылды. «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес енді букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды.
Атап айтқанда, олардың сыртқы жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино-, видео-және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады.
Енді тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері де жаңартылған екен. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде, яғни білім беру, денсаулық сақтау нысандарында, сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Осындай нақты шаралар қабылданып, заңмен бекітіліп жатқаны дұрыс. Себебі қазір лудомания деген кесел жастар арасында да кең белең алып кетті. Ал ес кіріп, ақыл тоқтата қоймаған жасөспірімдер өз өмірлерін өз қолдарымен құртып жатқанын түсінбеуі де мүмкін.
Сондай-ақ түсіндірме жұмыстарын жүрзігу, түрлі ақпараттық арналар арқылы лудоманияның салдары жайлы кеңінен ақпарат тарату да маңызды. Соңғы жылдары бұл туралы жиі әрі қатты айтыла бастады. Түрлі деректі фильмдер түсіріліп, өз өздеріне ор қазған адамдар оқиғаларымен бөлісіп, басқаларды ойынқұмарлықтан аулақ жүруге шақырды. Мұндай кейстер де керек. Себебі біреудің басынан өткен сабаққа қарап, ненің ақ, ненің қара екенін көре аламыз.
«Қазір «жұқпалы» дерт сияқты тарап кеткен ойынқұмарлықтың жолын заң арқылы кесіп жатқандары дұрыс», — деп жазды журналист Оңғар Қабден.
Бейресми деректерге сүйенсек, ажырасқан отбасылардың 40%-ының шаңырағының шайқалуына осы лудомания себеп болған. Өз-өзіне қол салғандардың 20%-ы да ойынқұмарлықтың келтірген салдарын көтере алмай, өмірімен қош айтысқан. Бұл іске бас сұққандардың орташа қарызы шамемен 10 млн теңгені құрайды.
Ойынқұмарлық тек жеке адам мен оның отбасы үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де қауіпті. Мысалы, Ішкі істер министрілігнің мәліметтеріне сәйкес былтыр лудоманияға шалдыққан адамдар 300-ге жуық қылмыс жасаған. Оның ішінде тіпті кісі өлтіру де бар, бір емес, екі рет, бұдан бөлек 25 рет тонау факті тіркелген. Бұдан бөлек, алаяқтық, ұрлық секілді қылмыстық әрекеттер де бар. Биылдың өзінде құмар ойынның құрбанына айналғандар 16 мәрте заң бұзып үлгерген.
Тағы бірі көңіл қынжылтатын құбылыс — букмекерлік кеңселер мен лотоматтардың тұрақты клиенттерінің арасында жасөспірімдер мен балалардың да болуы. Құқық қорғау органдарының ақпаратына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған ойыншылардың саны 200 мыңға жеткен. Шағын бір қаланың саны десе де болады.