Алматы облысында мектеп оқушысын зорлаған полицейлер қамауға алынды. Оларға кәмелеттік жасқа толмаған қызға қатысты қылмыс жасады деген айып тағылған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Қос полицейді өздерінің әріптестері ұстаған.
«Биылғы 7 қарашада полицияға Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған қызына қатысты екі белгісіз адамның жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны туралы арызданды. Сол күні қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша облыстық полицияда тіркелді», — деп хабарлады Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 2000 және 2001 жылдары туған күдіктілердің жеке басын анықтап, «ізін суытпай» ұстаған. Тергеу нәтижелері бойынша олар қамауқа алынды.
«Жақын арада сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу аяқталып, қылмыстық істің материалдары мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілетін болады. ҚР ҚІЖК 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — делінген ведомство таратқан ақпаратта.