Қазіргі қоғамды толғандырып тұрған ажырасу, тоқал алу, тернинг сабақтардың шектен тыс көбеюі мәселелеріне қатысты Caravan.kz медиа-порталының тілшісі ҚМДБ РАНТ мүшесі, Кентау қаласы Балаби қарилық орталығының директоры Арман Қуанышбаев мырзамен сұхбаттасты.
— Арман мырза! Қазіргі таңда тренингтер өте көп. Орамал тағатын, яғни, хиджабтағы қыздар арасынан арнайы сексолог мамандар өткізуде. Бұған дінде рұқсат бар ма?
— Тренингтердің түрлері де, өткізуші азаматтар да көбеюде. Діни маман ретінде айтарым, жақсы жағынан пайда тигізетін, адам өзіне керектіні алғаннан ешқандай зияны жоқ. Тренингтің бәрі дұрыс екен деп те бәріне қатыса беруге болмайды. Қатыссам, бәрі өзгеріп жетістікке жете қаламын, бай болып кетемін деуі қателік. Адам өзін өзгертпейінше біреуден бір нәрсе күту, бәрі бола қалады деуі де үлкен қателіктердің бірі. Тренинг адамды оятатын, жол көрсететін карта деп қабылдағаны дұрыс. Ең бастысы осыны түсінген жөн.
— Қазір қоғамдағы үлкен тартыстың бірі — тоқал алу мәселесі. Тоқал алғысы келген ер азаматтың көбі ақшаң болса алуға болады дегенді жалау етеді. Тоқал алу тек ақшамен шешілетін мәселе болғаны ма?
— Тоқал алу мәселесінде ортаға байсалдылық керек деп ойлаймын. Біріншіден, оны мүлдем керек емес деп сызып тастау да қате. Өйткені, жалғызбасты әйелдер де, ерлер де көп. Олардың басын қосу жақсы іс. Екіншіден, көп алу шариғатымызда да, ата-бабамыздың уақытында да түпкі санамызда, менталитетімізде еш қарсылық жоқ еді. Соңғы жылдары қарсы шығып жатқандар бар. Асыра сілтеп жатқан жанұялар да кездеседі. Мысалы, тоқал алып сонымен бірге болып, әуелгісін тастап кетіп жатқандар бар. Немесе, алуын алып, күші жетпей жататындар да кезігеді. Яғни, күші жетпей дегенде, тек бел күш емес, қалтаның күші емес, екі әйелді бірдей, теңдей алып жүретін саясаттың күші жетпей, ер азаматтарымыз қайтадан бәйбішесіне оралып жатқандар да бар. Ол енді қоғам болғаннан кейін түрлі жағдайлар болады. Әйтсе де, осының алдын алу керек шығар деп ойлаймын. Тоқал алуға тек қаражат, белдің күші бар деп тәуекел еткен дұрыс емес. Өйткені,пайғамбарымыз (с.а.с) ондай жағдайда саясатпен, жұмсақтықпен басқар деген. Пайғамбарымыз (с.а.с) өсиеттерінде «Сіздердің ең жақсыларыңыз, әйелдеріңізге ең жақсыларыңыз» деген. Және Сахих Бухариде «Сіздердің ең жақсыларыңыз, әйелдеріңіз көптеріңіз» деген хадистер де бар. Сол үшін көп әйел алуда тұрған ешқандай әбестік болмайды. Бірақ, соны алған адам жауапкершілігін сезінсе екен, осы іске бармай тұрып толыққанды ойланса екен деген ниеттеміз.
— Жалпы біздің қоғам көп әйел алуды қабылдайды деп ойлайсыз ба?
— Көп әйел алуға біріншіден, қоғамымыздың дайын еместігі. Егер ол қоғамға біртіндеп енетін болса, бұл жанұяларда тұрып көрген ұл-қыздар ертең бұны қарапайым қабылдай бастайды. Бұған кемінде 15-20 жыл уақыт керек сияқты.
Екіншіден, әйелдеріміздің тәрбие мәселесі. Әйел затының осы нәрсені, яғни, көп әйел алуды қабылдай алмай жатқандығы. Бұл да үлкен өзгерісті талап ететін дүние.
Арман мырза! Сұхбатыңызға көп рахмет!