Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 4-қаңтарда мұз бөгеттер түзілу салдарынан Сырдарияның сағасын бойлай Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандары аумағында жағалауды су алып кетті.
Облыстың төрт ауданы аумағында жағалауды нығайту және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қармақшы ауданында «Қызылтам», «Тойымбет», «Қурайлы жармасы» учаскелерінде, «Жосалы-Жалағаш» автожолын бойлай, сондай-ақ, № 518 және № 606 гидроқұрылғыларында, Жалағаш ауданында «Қорғанша» учаскесінде қорғаныс бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, жағалау нығайтылуда. Қазалы ауданында «Абай», «Бірлік», «Кенесары» және «Жаңақұрылыс» учаскелерінде қорғаныс бөгеттерді нығайту жұмыстары жүзеге асырылуда. Сырдария ауданының «Соркөл» учаскесінде бөгетіт қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қызылорда-Тереңөзек автожолының 37 шақырымында су жол полотносына 500 метрге дейін тақады. 70 см-лік су деңгейі жолдың биіктігінен асып кетті. Бірақ бұрынырақта салынған 1 шақырымдық бөгет суды жол үстіне жібермей тұр.
Бөгеттер бұзылған бөліктерде судың деңгейі 15 см-ге төмендеді. Тереңөзек ауылын су батып кету қаупі жоқ. Тереңөзек-Шаған қалқымалы өткелі маңында «Оңтүстікжарылысөнеркәсібі» филиалының мамандары жарылыстар жасауда. Мұз бөгеттерді бұзу үшін 11 жарылыс жасалды. Барлығы 19 жарылыс жасалып, бұл мақсатта 4 тонна жарылғыш зат пайдаланылды.