Бұл қазақтың қара домбырасымен әуелете күй шертіп отырған 85 жастағы Сәнен Әжиева. Мәдениет қайраткері қазақ қыздары арасынан алғашқы болып консерваторияны бітірген. Домбырашы ұлттық өнерді насихаттау үшін аз тер төкпеген. Көргені көп кейуананың жастарға айтар өсиеті де бар.
Сәнен Әжиева, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:
– Жастарға ең алдымен айтарым, адал, әділ, шыншыл болуы керек. Алған мамандықтарын жалғастыра білсін. Ол үшін көп дайындық керек. Үнемі ізденісте жүруі керек. Үлкендер «Өркенің өссін, қатарыңның алды бол!» дейді. Сол үшін күніге еңбектену керек.
Шараға жиналғандардың арасында түрлі салада қызмет еткен ақсақалдар бен әжелер болды. Солардың бірі – құрметті ұшқыш Шмидт Сабыров кез келгеннің жүрегі дауалай бермейтін мамандығы туралы айтып берді.
Шмидт Сабыров, ардагер ұшқыш:
– Азаматтық авиацияда 40 жыл ұштым. 40 жылда 20 мың сағаттай уақыт бар. Өзімнің жұмысымды өте жақсы көремін. Неге десеңіз, + қазақ болғансын жер бетін аралағанды жақсы көремін.
Осы бір ғанибет отырыста кезінде ел болашағы үшін ерен еңбек еткен ардагерлерге дастархан жайылып, мерекелік сыйлықтар үлестірілді. Мұнда сонымен қатар, Елбасының ұстазы мен сыныптастары да болды. Өнер майталмандары ән шырқап, би билеп, қонақтар бір серпіліп қалды.