Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Букмекерлік кеңселер Израиль-ХАМАС арасындағы келісімнен кейін оның мүмкіндігін арттырды, алайда лауреат туралы шешім келісім жасасқанға дейін шығарылды
Қыркүйек айында Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Трамп: «Барлығы маған бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алуым тиіс екенімді айтып отыр» деп мәлімдеді.
-Мен жеті соғыстың аяқталуына жол салдым. Бірде-бір президент немесе премьер-министр мұндай әрекет жасаған емес, — деді ол.
Бірқатар әлемдік көшбасшылар да Дональд Трампты бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына лайық деген пікірде.
Олардың арасында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Камбоджа премьері Хун Сен, Габон президенті Брайс Олиги Нгема, сондай-ақ Пәкістан өкілдері, Руанда Сыртқы істер министрі Оливье Ндухунгирехе және Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху бар.
Нетаньяху 9 қазанда, марапат жарияланғаннан бір күн бұрын Газа секторындағы атысты тоқтату келісімі аясында Трампты қолдайтынын білдірді.
-Дональд Трампқа Нобель сыйлығын беріңіз – ол соған лайық, — деп жазды Нетаньяху Х-тегі парақшасында.
АҚШ президенті Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімнің бірінші кезеңіне қол қойылғаннан кейін бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы үшін күресте өз ұстанымын нығайтқаны сөзсіз. Дегенмен, сарапшылар мен болжау платформаларының бағалауынша, оның жүлдені алу мүмкіндігі әлі де жоғары емес. Бес мүшеден тұратын норвегиялық Нобель комитеті қорытынды отырысын 6 қазанда, Газа секторындағы бейбіт келісімге бірнеше күн қалғанда өткізді.
Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына қатысты болжам
Саясат пен халықаралық оқиғаларға қатысты пайдаланушылардың күтулерін қадағалайтын Polymarket қоғамдық болжау платформасының мәліметінше, Трамптың жүлдені жеңіп алу мүмкіндігі шамамен 6 пайызды құрайды. Бұл оған рейтингте БАПОР агенттігін, Халықаралық қылмыс сотын және белсенді Грета Тунбергтен басып озуына мүмкіндік берді, алайда Юлия Навальная (шамамен 9 пайыз), «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық ұйымы (10 пайыз) және 38 пайызбен көш бастаған судандық Emergency Response Rooms еріктілер желісі сияқты үміткерлер алда келе жатыр.
Биыл бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына 338 үміткер – 244 жеке тұлға мен 94 ұйым ұсынылды. Нобель комитеті талқылауын осы аптаның басында аяқтады, лауреат туралы шешім қабылданды және ол жұма күні ресми түрде жарияланады деп күтіліп отыр.
Норвегиялық және швед сарапшылары атап өткендей, комитет соңғы жылдары сақтық танытып, гуманитарлық бастамаларға, құқық қорғау ұйымдарына және сөз бостандығын қорғаушыларға қолдау көрсетіп келеді. Норвегиялық халықаралық қатынастар институтының директоры Халвард Лейра комитеттің қазіргі құрамы мүмкідігінше дау тудырмайтын тұлғаны таңдауы мүмкін деген пікірін білдірді.
Рузвельттен Обамаға дейін: Американың қай көшбасшылары Бейбітшілік сыйлығын жеңіп алды
Тарихта Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын АҚШ-тың төрт президенті алған: Теодор Рузвельт, Джимми Картер (президенттік мерзімінде емес), Вудро Вильсон және Барак Обама. Соңғысы шетелде, соның ішінде АҚШ азаматтарына қарсы шабуылдар кезінде ұшқышсыз аппараттарды қолдануды кеңейтудегі рөлі және дүниежүзіндегі көптеген соғыстарға қатысуын жалғастырғаны үшін талай рет сынға ұшыраған.
-Егер мені Обама деп атаса, маған Нобель сыйлығын 10 секундта беретін еді, — деп мәлімдеді Трамп өткен жылы.
2009 жылы Барак Обама сыйлық алған кезде, сыншылар оның қызметте бір жылдан аз уақыт болғанын және бейбітшілікті ілгерілетуде әлі нақты нәтиже көрсетпегендіктен, ол ерте берілді деп сендірді. Трамптың бұған аздап реніш білдіруі содан болар.
Айта кетейік, Трамп бұған дейін Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылған болатын. 2019 жылы Жапонияның сол кездегі премьер-министрі Синдзо Абэ Ақ үй басшысының кандидатурасын «Корей түбегін ядролық қарусыздандыруға және Азия-Тынық мұхиты аймағында бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесі үшін» Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынды.
Ал егер Трамп болмаса
Al Jazeera жазуынша, қыркүйекте Вирджиниядағы америкалық әскерилер кездесуінде сөйлеген сөзінде Трамп оған сыйлық бермеу «Америкаға үлкен қорлық» болатынын мәлімдеген.
-Олар оны ештеңе істемеген әлдебір жігітке береді… олар оны Дональд Трамптың ақыл-ойы туралы кітап жазған жігітке береді, — деді ол.
Осы арада Норвегияда Ақ үй басшысы жеңілген жағдайда қалай жауап береді деген сұрақтар туындады. АҚШ қазірдің өзінде ел экспортына 15 пайыздық баж салығын енгізген.
Bloomberg агенттігі норвегиялық Нобель комитетінің «тікелей саяси қысымға ұшырамағанын, бірақ жария және жекеше бірнеше науқан жүргізіліп жатқаны анық», деп мәлімдеді норвегиялық Нобель институтының директоры Кристиан Берг Харпвикен. Бұл ретте ол Трамптың есімін атаған жоқ.
Норвегия парламенті тағайындаған бес мүшеден тұратын комитеттің шешімдері 50 жыл құпияланған. Сондықтан, егер Құрама Штаттар президенті 10 қазанда Нобель сыйлығымен марапатталмаса, оның 2025 жылғы қысқа тізімде болған-болмайтынын білуге жарты ғасыр уақыт өтеді, деп атап өтті агенттік.