Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның кешегі кездесуінде екіжақты қатынастардың сан саладағы мәселелері талқыға салынған. Олардың қатарында шекара бойындағы өзендерді пайдалану мәселесі де болған еді. Ол мәселе көптеген жылдар бойына екі жақты келіссөздердің өзекті тақырыбы болып келді.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, келіссөздерде ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао трансшекаралық өзендердің су ресурсын пайдалану мәселесі бойынша Қазақстанның алаңдап отырғанына түсіністікпен қарап, Қытай жағы бұдан былай да өзара тиімділік қағидасы бойынша осы мәселені шешуді жалғастыра беретінін хабарлады.
Екі ел сарапшыларының жақында өткен отырысында жалпы алғанда трансшекаралық өзендердің суының сапасын бақылау және олардың ластануының алдын алу туралы келісім тұжырымдамасын келісуге қол жеткізілген. Бұл келісім трансшекаралық өзендер жөніндегі бірлескен комиссияның 6-отырысында қаралып, бекітілетіні туралы келісім жасалған.