Трансшекаралық өзендерді пайдалану жөнінде біртұтас саясатты дәйектеу мәселесін Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары Бішкекте талқылайтын болады - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
0 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Трансшекаралық өзендерді пайдалану жөнінде біртұтас саясатты дәйектеу мәселесін Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары Бішкекте талқылайтын болады

Трансшекаралық өзендерді пайдалану жөнінде біртұтас саясатты дәйектеу мәселесін Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары Бішкекте талқылайтын болады

Алматы. 9 қазан. "Қазақстан Бүгін"- Трансшекаралық өзендерді пайдалану жөнінде біртұтас саясатты дәйектеу мәселесін Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары Бішкекте талқылайтын болады, деп хабарлайды агенттік тілшісі Хабар агенттігіне сілтеме жасап.

  • 9 Қазан 2008
  • 1093
Фото - Caravan.kz

Сырдария бассейнінің су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде Орталық Азия елдері әліге ортақ шешімге келе алмай отыр. Өзбекстан жағы өзенге трансшекаралық мәртебе берілуін талап етсе, Қырғыз үкіметінің өкілдері электр қуаты есебінен өтемақы өндіріп алуға мүдделі. Таяуда Алматыда талқылап, мәмілеге жасаса алмаған тараптар енді бұл түйткілді таяуда мемлекет басшылары бас қосатын Бішкектегі саммитте тағы да сарапқа салмақ. Биыл сәуір айында Қазақстан мен Қырғыз үкіметі арасында суармалы алқаптар үшін 600 миллион текше метр су жіберу жөнінде келісім жасалған болатын. Алайда жазғы маусымда Тоқтағұл су қоймасынан келетін судың көлемі 2-3 еседей кеміп кетті. Судың кедергісіз келуіне кепілдік берген өзбек ағайындар да өзеннің құлағын өзіне бұрып бақты. Жалпы, үш елдің тұтыну қажеттілігін қамтамасыз ету шілде айында небәрі 49 пайызды құраған.

Орталық Азия мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіруші ғылыми-ақпараттық орталықтың директоры Виктор Духовныйдың айтуынша, «халықаралық конвенция талабына сәйкес, бірнеше елді бойлап ағатын өзенді мемлекеттер өзара тиімді, әрі көршілік мүддемен санаса пайдалануы тиіс. Алайда,қырғыздар қыр көрсетіп, өзенге өзі билік еткісі келеді. Электр қуаты есебінен пайда табуды көксеп, қыс пен көктемде артық суды ағызады да, керісінше, егіске керек кезінде шөміштен қағады. Бұл — халықаралық заң нормалары мен келісімдерге қайшы».

«Сырдария су бассейніне қатысты түйткілдерді шешуде энергетика мен егіншілікті ескеріп қана қоймай, дарияның етегін жайлаған елді мекендердің экологиясына да ерекше мән берілуі тиіс. Ташкенттегі мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы сарапшыларының негізгі ұстанымы осыған саяды». Мамандар дерегіне сүйенсек, 1992 мен 2008 жылдар аралығында Арнасай көлдеріне мәжбүрлі түрде 40,7 миллиард текше метр суды лажсыздан ағызуға тура келіпті. Сарапшылар «соның салдарынан Қазақстан мен Өзбекстан өңіріндегі экологияға келтірілген залал 40 миллион АҚШ долларынан асып жығылады» деп отыр.

Мамандардың экологиялық ахуалға алаңдайтын жөні де бар. Биыл су тасқынынан Оңтүстік Қазақстанның табиғаты 30 миллион доллардай зардап шексе, Тәжікстан мен Өзбекстанның, тіпті, Қырғыз Республикасының Ферғана шегіндегі өлкесі де құрғақшылықтан экологиялық апатқа ұшырап отыр.

Виктор Духовныйдың мәліметінше, «өзбек-қырғыз тараптары әлі де ортақ мәмілеге келген жоқ. Қырғыз елі гидроэнергетиканы дамыту мақсатында өтемақы сұраса, Өзбекстан өзенге трансшекаралық мәртебе берілуін талап етуде. Меніңше, дауды доғарып, су ресурсының кеңестік кезеңдегі жүйесіне қайта оралу орынды. Яғни, жазда төменірек орналасқан елдерге су ағызғанда өндірілген электр қуаты қыста жалпыаумақтық ресурстардың электр энергиясы есебінен көлеміне қарай өтелуі тиіс».

Сөйтіп, түйіні тарқамаған түйткіл таяуда мемлекет басшылары бас қосатын Бішкектегі саммитте тағы да сарапқа салынбақ. Үйлестіру комиссиясының өкілдері «осы жолы Орталық Азия елдері ортақ шешімге келер» деген үмітте, деп хабарлайды Хабар журналисі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Соңғы жаңалықтар