Трендтегі тағам: Шайн мускат жүзімі мен Дубай шоколадынан қауіп бар ма - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Трендтегі тағам: Шайн мускат жүзімі мен Дубай шоколадынан қауіп бар ма

Трендтегі тағам: Шайн мускат жүзімі мен Дубай шоколадынан қауіп бар ма

Қазір Дубай шоколады, Шайн мускат жүзімі трендтегі тағамға айналды. Елімізге белгілі адамдар ғана емес, қарапайым тұрғындар да импорт өнімнің қорабын ашып, аузына салған сәтіне дейін видеоға түсіріп, жариялап қояды.

  • 17 Қараша
  • 4
ФОТО: Нейрожелі ұсынған

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Шайн мускат — жүзімнің бір сұрпы

Shine muscat жүзімінің сұрпы — Жапониядағы Жеміс ағаштары ғылыми институтының еңбегі. Деректерге сүйенсек, жеміс 130-140 күнде піседі. Тамыз айының екінші жартысында жиналса, өзге елдерге күзде жеткізіледі. Бұтағы қалып, сәйкесінше жемістің өзі де ірі. Бір үзімінің салмағы 13 гр дейін жетеді. Етті жүзім қазір Қазақстанда да сұранысқа ие. Оған әлеуметтік желідегі «тегін» жарнаманың да өз әсері бар.

Дубай шоколады — араб елінің бренді

Дубай шоколады — тәтті тіскебасар. Мұны БАӘ-нің кондитерлері соңғы кездері ғана шығарып, брендке айналдырды. Құрамында кардамон, шафран бар. Алғашында мұны шын мәнінде араб елдерінен тасымалдаса, қазіргі кезде қазақстандық кондитерлер өздері меңгеріп, жасап, ұсынады. Сонымен бірге бұл шоколадтың кейбір құрамынан торт та дайындайды.

шоколад
Фото: Yalcin Sonat/Shutterstock/FOTODOM

Қазақстанға әкелінетін әр тағам бақылауда. Бірақ…

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Досжановтың айтуынша, эпидемиологтер қандай да бір тағам түрін тексермес бұрын оның қай жерлерде сатылып жатқанын анықтайды. Кейін басқармадан бөлінген қаржыға сатып алады, зертханаға жібереді. Содан кейін ғана оның құрамындағы қоспалардың адам ағзасына зияны бар-жоғын анықтайды. Биыл Ақтөбе облысы бойынша азық-түлік және өзге заттарды сатып алуға 6 млн теңге қарастырылды. 

— Әлеуметтік желіде Шайн мускат және Дубай шоколады сатылатыны туралы бейнероликтер өте көп. Департаментке әзірге еш шағым түспеді. Қазіргі кезде қаланың сауда желілерін бақылау мақсатында өнімдерді сатып алу және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу жоспарланды. Зерттеулер туралы қосымша хабарлаймыз. Тапсырма кеше келді, осы айда сатып аламыз. Нақты Дубай шоколады мен Шайн мускатын да аламыз, — деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Досжанов. 

эпидемиолог
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Сонымен бірге елге әкелінетін импорт өнімді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті де бақылап отыр. Ақтөбедегі аумақтық инспекция шекара бекеттерінде де жұмыс істейді. 

— ҚР аумағын карантиндік нысандардан қорғау біздің ең негізгі міндетіміз. Карантиндік нысан дегеніміз — өсімдік тектес өнімдердің аурулары мен зиянкестерін анықтап, территорияға кіргізбеу. Егер еніп, анықталса, оқшаулап, жоямыз. Жеміс-жидектер туралы айтар болсам, міндетті түрде тексеріледі. Биыл 9 айда 169 мың тонна импорт өнім әкелді. Оған 3116 тексеру актісі толтырылды. Соның ішінде жүзімге тоқталсам, Литвадан 1,7 тонна, Ресейден 108 тонна, Өзбекстаннан 73,9 тонна жеткізілді. Оның сұрпын қарамаймыз, анықтамаймыз. Біздер тек өсімдіктің ауруын, зиянкестерін бақылаймыз. Себебі кейбірі өзімізде өсірілетін өсімдікке зиян тигізуі мүмкін, — деді Өсімдіктер карантині және фитосанитарлық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Айнұр Кемеров. 

https://vk.com/video_ext.php?oid=-166484109&id=456241266&hd=2&autoplay=1

Айта кетейік, биыл 280 заңбұзушылық анықталды. Барлығы 17,9 млн теңге айыппұл салынды. Соның ішінде Өзбекстаннан әкелінген 2,5 тонна шабдалы жойылды. 

— Шабдалыдан карантиндік нысан анықталды. Одан жеміс жегісі тіркелген соң тәркіленіп, сот шешімімен жойылды. Өсімдіктерге ғана зиян, адам денсаулығына емес. Бізде жоқ зиянкес болған соң жергілікті жерде өзге жеміс ағаштарын бүлдіруі мүмкін еді, — деді Айнұр Кемеров.

Уланған ағзаға кері әсері бар

Қазір елімізде адамдар қант диабеті, артық салмақ, аллергия дертіне шалдығып жатыр. Бұл дерт бір күнде дендемеді. Бұл — газдалған тәтті сусын, фастфуд, тез дайындалатын кеспе мен түрлі көз қызығып, тәбет ашатын қосалары мол тағамдарға әуестіктен біртіндеп ағзаны улаған тағамнан туған ауру. 

— Адамдардың асқазаны, өт жолы, ішектері қазір дұрыс ас қорыта алмайды. Ішіп-жеп жүрген тамағымыз зиян, оның үстіне тағы түрлі жарнамасы бар тағамды тұтынамыз. Мәселен Дубай шоколадын қант диабеті бар адам жемеуі керек. Одан әрі жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығады. Үлкендер ғана емес, жастар, жасөспірімдердің де қаны қоюланып кеткен. Адам қант диабетімен ауырмаса да мұндай шоколад соған итермелейді. Бір айта кетерлігі, егер сол Дубай шоколадының құрамына кіретін дүниелерді адамдар бөлек-бөлек тұтынса, мұндай әсері болмайды. Ал бәрін қосқанда оны қорыту қиындай түседі. Сонымен бірге қазір адамдар дер кезінде ұйықтамайды, ұйқы безінің жұмысы бұзылған. Телефон қарап уақыт өткізеді, сөйтіп ағзасын бұзып алады, — дейді дәрігер Жаухар Калманова. 

дәрігер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе медицина орталығының дәрігері, аллерголог Гүлмар Бисембаева да түрлі дәмдеуіші бар дүниелерден аулақ жүруге шақырады. Себебі сүт және сүт өнімдері, бал мен түрлі жаңғақ қашанда аллергия қоздырушы тағам түріне жатады. 

— Қолдың сүті, айран, шұбат та аллергия қоздырғышы болып келеді кейде. Қазіргі кезде бал қосылған қымызға да аллергиясы бар адамдар жиі келіп жатыр. Сонымен бірге майлы ет, балық, жұмыртқаны да өлшеммен, талғаммен жеу керек. Әр адамның ағзасы әртүрлі болған соң қоздырғыштар да түрлі әсер етеді. Сусындар, ұн өнімдері, торттар мен бәліштер, жаңғақтар мен бояуы мен дәмдеуіші көп тағамдар қауіпті. Ысталған, қақталған, бұқтырылған өнімдер, кофе мен квас та тізімде бар. Адамдар суға және буға піскен тағамдарды тұтынуы тиіс. Әсіресе сорпа ішкен абзал. Ал сүт өнімдерін дүкеннен алған дұрыс. Олар майлы емес, — деді аллерголог. 

Тамаққа аллергиясы бар адамдар бұрын да болған, қазір де бар. Олардың көбіне асқазаны, ішек құрылысы мен өті ауырады. Ағзада түрлі құрттардың көбеюі де аллергияны өршітеді.

— Алдымен аллергияны қоздырушыны анықтау керек. Уақытылы тамақ ішіп, ұйықтау да маңызды. Сонымен бірге паразиттердің мөлшерін білу үшін жыл сайын анализ тапсыру маңызды. Трендке еру — қауіпті. Бәрін қарап отырмыз. Консервация, бояғыш заттар мен дәмдеуіштер көп. Ағзаға пайдалы тағамды көріп тұрғаным жоқ. Кейбірі қолдан жасалған, табиғи емес, жасанды жолмен өскені де бар. Бәрі адам ағзасына зиянды, — деді дәрігер аллерголог Гүлмар Бисембаева. 

Тамақтан келетін кеселді қазір елімізде эндокринолог мамандар да бақылап отыр. Адамдар дайын өнімді, фастфудты тұтынып, әуелден-ақ денсаулығын құртып алған. Қазір де сол трендке еріп, улап жатыр. 

жүзім
Фото: lalafo.kg

— Дубай шоколадының зияны көп деп айта алмаймын. Құрамындағы фисташка, яғни, пісте зиянды емес. Ол кең тараған жаңғақ. Сонымен қатар шоколад бар. Тек көп мөлшерде пайдалануға болмайды. Эндокринолог ретінде қанты көп дер едім. Сондықтан қант диабетімен ауыратын адам жемеуі керек. Бізде көмірсутегі бар тағам көбейді. Бұрын сорпа іштік, көкөніс болмаса да қанты көп тағамды тұтынбадық. Жастар тәттіге құмар, сонымен бірге майлы, қоспасы көп, қуырылған дүниелері мол донерді де көп жейді. Сөйтіп сезімдікке шалдығады, балалар арасында қант диабеті де бар, — деді М.Оспанов атындағы БҚМУ Жалпы дәрігерлік тәжірибе кафедрасының жетекшісі, эндокринолог дәрігер Айгүл Сартаева.

Оның айтуынша, дұрыс тамақтану үшін ақша керек. Құнарлы тағамның құны қымбат.

— Нан, макарон, майонез жейтін адамдар да көп. Негізі тепе-теңдік сақталуы тиіс. Ет, ақуызы бар заттардың пайдасы мол. Тамақтанудың осы заңдылығын сақтайтындар да бар шығар. Бірақ көбі ет тұтынбайды. Себебі ақуызы бар өнімдер қазір қамбаттап жатыр, — деді Айгүл Сартаева.

дубай шоколады
Фото: flowwow.com

Жүзім жеп тұншығып қалдым — Алматы қаласының тұрғыны

Әлеуметтік желідегі тренд кейбір адамдардың өміріне қауіп төндірді. Солардың бірімен сөйлесіп, мән-жайды білдік. 

— Менде жүзімге аллергия болған емес. Жаман ойламай, трендтегі жемісті сатып алдым. Трендте ашып, сол күйі жейді адамдар. Мен үйге келіп, жуып жедім. Өзім қоспасы бар тағам жесем, аллергия өршитінін білемін. Сондықтан сақтық үшін талғап аламын, тазалық сақтаймын. Ол күні көп тамақ ішпедім. Жүзімді жеген соң арада жарты сағат өткенде көзім, бетім ісіне бастады. Бетім жансызданғанда аллергия екенін ұқтым. Мұрным бетіп, демім тарылды. Демалу қиындады. Ауыз қуысымды, мұрнымды шайып, дәрі қабылдадым. Сөйтіп өз-өзіме келдім, — деді Алматы қаласының тұрғыны Дариға Көпбаева.

Оның айтуынша, трендке қызыққан. Бұған дейін Дубай шоколадын да жеп көрген. Шоколадқа аллергиясы болмаған.

— Өзім қытай тілін білемін. Мен алған жүзім Қытайдан әкелінген. Сол жақта тұрып, өмір сүрген адам ретінде өзім сыртындағы сипаттаманы оқыдым. Бұған дейін бұл жүзім Қытайда болмаған еді. Тіпті ақпан айында барғанда да көрмедім, — деді Дариға Көпбаева. 

Айта кетейік, қазіргі кезде Шайн мускат жүзімін бірі Кореядан әкелінеді десе, енді бірі Қытайдан тасымалданатынын айтады.