Т.Стамбеков - шекара қызметіндегі елеулі еңбегімен есте қалады - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+27 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Т.Стамбеков  - шекара қызметіндегі елеулі еңбегімен есте қалады

Т.Стамбеков - шекара қызметіндегі елеулі еңбегімен есте қалады

Арыстан жүректі азамат, білікті маман, қамқор да қатал командир. Кеше түнде Шымкентте апатқа ұшыраған ұшақта қаза болған еліміздің шекара қызметі директорының міндетін атқарушы Тұрғанбек Стамбеков туралы жақын-туыс, әріптес, достары осындай пікірде. Стамбековты Елбасы биыл маусымда ғана осы қызметке тағайындаған болатын. Көзі жұмылғанша полковник еліміздің шекара қызметінде талмай тер төккен бірегей азаматтардың бірі.

  • 27 Желтоқсан 2012
  • 480
Фото - Caravan.kz

Арыстандай айбатты азамат, әскери әдістің талайын білетін машықтанған маман деп мадиықтайды сөздерін Тұрғанбек Стамбеков туралы айтқандар. Өлі разы болмай, тірі байымайдының кері емес, кеше қара кеште қаза болған полковник бұған дейін қызметінде ешқандай ескерту алмаған адам. Атпал азамат, Тұрғанбек  Мұхаметқалиұлы 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Алматыдағы жоғарғы әскери училищені 1983 жылы тәмамдаған ол содан бері қолынан қару тастамай еліміздің шекарасын кірпік қақпай күзеткен.

Тұрғанбек Стамбеков:

— Біз шекарашылар темірдей тәртіптің адамдарымыз. Елдің шекарасын үнемі абыроймен қорғауға дайынбыз. Біз де адамбыз, шаршаймыз, шалдығамыз, бірақ Отанға адал қызмет ету-парызымыз.

Үстіміздегі жылдың маусымында ғана полковник Қазақстан Республикасы Шекара қызметі директорының міндетін атқарушы боп тағайындады. Тұтас Қазақ даласын күңіренткен Арқанкергендегі қанды қырғынның қызып тұрған кезі еді ол. Адымдағанда нәлінің ізі қалатын әскерилер үшін үнемі күйіп-пісіп жүретін азамат осыдан алты тәулік бұрын ғана Арқанкерген сынды шекара бекеттеріне шұғыл шақырылымдағы сарбаздар жіберілмейтін болады деп кесіп айтқан.


Тұрғанбек Стамбеков:

— Біз Жамбыл облысында алғаш рет шекара қызметінің тиімділігін арттыру үшін жекелеген жобаларды жасап көрмекпіз. Техникалық базаларды нығайтып, сарбаздардың санын белгілі бір мөлшерде ғана болатындай қып бекітеміз.

Тұрғанбек Стамбековтың қызметте және отбасында қандай азамат екенін бес саусақтай білетін адамдардың бірі Пірімжан Садықов. Шекара қызметінде марқұммен бірге бірнеше жыл тізе қосып еңбек еткен. Кейін зейнетке шыққанда да Стамбековтер әулетімен сәлемдері түзу болыпты. Қайғылы хабар қабырғасын қайыстырып кетіпті жолдасының.

Пірімжан Садықов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің отставкадағы полковнигі:

Өте жақсы отбасы. Бір-бірімен, білмеймін темірдей мықты жігіт жұмыста үйде жуас, көңілді ер кісі.

Тұрғанбек Стамбеков “Айбын” орденімен марапатталған және “Құрметті шекарашы” атағын алған. Оған қоса түрлі деңгейдегі 25 төсалқа мен марапаттардың иесі. Айта кетейік, полковник Тұрғанбек Стамбековпен бірге кешегі апатта оның жұбайы Сәуле де опат болды. Олар бір ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірген еді.