Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Сүндеттеу, 40-нан шығару, қалжа.
Қоғамдық резонанс тудырмау мақсатында бұл тақырыпты көтермейін деп жоспарлағам, дегенмен, дайректке келген хаттар саны шексіз. Көбіне осы ғұрыптарды ұстану-ұстанбауымыз қызықты екен .
Кішігірім дисклеймер: егер бұл сіздер жасайтын ғұрыптан өзгеше болса, оған мін тағу шарт емес! Сізде олай болмаса, бізде солай)
Сүндеттеу
Жолдасымның елінде бала туылғанына 8 күн толған кезде сүндеттеледі екен. Ең алғаш рет біздің (қазақтың) сүндеттеу рәсімі 4/5 жаста дегенді естіген Джесси таң қалған, 4/5 жасында бәрін біледі, түсінеді ғой, қалайша деп. Ал мен оған таң қалғам, 8 ақ күн өмір сүрген баланы қалайша сүндеттемек деп. Содан, тұңғышымыз ұл екенін білген кезде, осы тақырыпты зерттей бастадым. Діни ғалымдар да, медицина өкілдері де баланы туғаннан сүндеттеуді қолдайды екен.
Діни ғалымның бұл сұраққа жауабы: “Сүндеттеу — ол уәжіп. Ал қашан сүндеттеу, 7 күнінде ме, 7 жасында ма деген сұраққа дәлел боларлықтай жауап жоқ. Бұл сұраққа жауапты сол сүндеттейтін оташылар жауап бере алады”.
Эйденді туылғанына 8 күн болғанда сүндеттедік, сол кезде оташы да айтқан, бірінші қараймын, сүндеттеуге болады ма жоқ па деп. Соған қарағанда, белгілі бір критерийлер бар болғаны.
Жалпы зерттей келе, мен де ойымды өзгерттім. Оташының, жалпы медицина мамандарының айтулары бойынша, жаңа туған сәбиде ауырсыну синдромы жетілмеген, оның үстіне жазылып кетуі тез деп. Әлхамдулилләһ, Эйден екінші күні жазылып кетті. Бірінші күнде кішкене дәрет кезінде мазасызданатын. Біз ұйқысыз түндерге моральді дайындалып едік. Аллаһқа шүкір, тез жазылып кетті. Сәбилердің регенерациясы жақсы дамыған ау шамасы.
Бір жағынан, логикалық тұрғыда ойлап қарасақ, шынымен, 4/5 жас деген есін білетін бала, сол баланың көзінше сондай процедуралар жасау кішкене қорқынышты, сезбегенмен көріп, біліп отырады ғой. Оташға келіп отырған балдардың көздерін, жанарындағы қорқынышын көрудің өзі қандай… Біздің бала ұйықтап жатты укол салғанда ғана жылады, бірақ соскаға алдана қойды. Міне, содан бері 2 аптадай уақыт өтті, әп әдемі жігіт боп тұр", — деді Заида.
Заида сондай-ақ, ұлы 14 күнге толған кезде шашы алынып, садақа жасалғанын айтты.
"Жалпы исламда ақиқа деген бар. Ақиқа — араб тілінде "кесу, қию" мағынасын береді және негізінде жаңа туған нәрестенің шашына қолданылады. Шариағатта: нәресте туғаннан кейін оның шашы қиылғанда мал сойып, құрбан шалынады. Және бұл баланың ата-анасындағы ақысы саналады. Ақиқаны бала туған соң жеті күннен бастап балиғат жасына жеткенге шейін орындауға болады. Сүннет бойынша ер балаға екі қой, қыз балаға бір қой сойылу керек және қиылған шашты өлшеп, сол мөлшердегі күміспен садақа ету керек.
Эйденнің ақиқасы 14-күні жасалды. Яғни, шашы алынып, құрбан шалынды, шашын өлшеген жоқпыз, бірақ шамамен есептеп, садақасы да берілді", — деді Заида.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан 1 ай бұрын қазақ қызы ана атанып, ұлына Эйден деген есім берген болатын.