Бала – ел болашағының айнасы. Оның ой-санасының қалыптасуы, тілінің дамуы, дүниетанымының кеңеюі ең алдымен мектепке дейінгі кезеңде жүзеге асады. Сондықтан да балабақша – білім мен тәрбиенің ең алғашқы, ең маңызды баспалдағы.
Осы ретте жаһандық даму жолына түскен, технология қарыштап дамыған, инновациялық, цифрландыру ғасырында балабақшадағы білім мен тәрбие қандай бағытта берілуде? Ақпараттық дәуір балаларын қалай тәрбиелеу керек? Мектепке дейінгі білімнің бүгінгі келбеті қандай? Осы және өзге де сұрақтарды Caravan.kz медиа порталының тілшісі 34 жылдан астам мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту саласында қызмет еткен Перизат Оразбекқызына қойып көрген еді.
Перизат Оразбекқызы — Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің №2 «Ұлан» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі, педагог-модератор.
Перизат Оразбекқызы, сіздің ойыңызша, балабақшаның бала өміріндегі рөлі қандай?
– Балабақша – баланың отбасынан кейінгі екінші үйі десе де болады. Бұл – бала алғаш рет үлкен ортаға бейімделіп, қарым-қатынас орнатуды, өзін еркін ұстауды үйренетін маңызды кезең. Осы аралықта біз тек білім берумен шектелмейміз, ең бастысы – адамгершілікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелейміз.
Балабақша – тұлғаның негізі қаланатын орта. Мұнда алған тәрбие мен дағдылар баланың әрі қарайғы өмір жолына үлкен әсер етеді. Мұнда балалар тек әріп танып, сан үйреніп қана қоймайды, олар ортаға бейімделуді, достасуды, тыңдауды, сөйлесуді, яғни өмір сүруді үйренеді. Қазіргі таңда балабақшалар заман талабына сай жаңарып, баланың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасауда.
Қазіргі заман баласын жаһандық бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Бүгінгі таңда балаға тек білім жеткіліксіз. Ол өз ойын еркін жеткізе алуы, топпен жұмыс істей білуі, шығармашылыққа бейім болуы қажет. Сондықтан біз балалардың логикалық ойлауын, эмоционалдық интеллектін, сөйлеу қабілетін дамытуға көп көңіл бөлеміз.
Бәсекеге қабілетті ұрпақ – бұл еркін ойлайтын, белсенді, жаңалықтан қорықпайтын, өзіне сенімді бала. Мұндай қасиеттерді кішкентайынан қалыптастырмасақ, кеш болуы мүмкін.

Ата-аналардың тәрбиедегі рөлі туралы не айтар едіңіз?
– Тәрбие тек балабақшаның немесе тек отбасының ісі емес, бұл – екі жақтың бірлесе атқаратын міндеті. Қазіргі ата-аналар баласының дамуына бей-жай қарамайды, көбі белсенді қатысады. Бірге ашық сабақтарға қатысып, үйде де жалғастырып жатқандары қуантады. Бұл баланың дамуына үлкен сеп.
Мектепке дейінгі білім беру саласында 34 жыл үздіксіз еңбек етіп келесіз. Аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде сіз үшін ең есте қалған сәттер бар ма?
– Әр бала – бір тарих. Кейде алғашқы рет “апай” дегенін естіген сәтің де жүрегіңде қалады. Кейбір балалар алғашында жатырқап келсе, кейіннен сенен кеткісі келмей, құшақтап шығарып салады. Қазір сол балалардың өз баласын маған сеніп тапсырып жатқанын көру – бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім.
Сөз соңында жас мамандарға қандай кеңес айтасыз?
– Біріншіден, баланы жақсы көру керек. Шын жүрекпен жақсы көрсең ғана тәрбиеші бола аласың. Сабырлы болу, үздіксіз іздену, әр баланың болмысын түсіне білу – бұл біздің мамандықтың басты қағидалары. Тәрбиеші болу – жай ғана жұмыс емес, бұл – жүрекпен атқарылатын қызмет. Оны жүрекпен ғана сезіне аласың.
Әңгімеңізге рақмет!