Тұңғыш Президент мұражайында жапон қуыршақтарының көрмесі ашылады - kaz.caravan.kz
  • $ 504.6
  • 594.27
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
27 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тұңғыш Президент мұражайында жапон қуыршақтарының көрмесі ашылады

Тұңғыш Президент мұражайында жапон қуыршақтарының көрмесі ашылады

21 мамыр күні сағат 17.00-де Тұңғыш Президент музейінде Қазақстандағы Жапония елшілігімен «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясында бірлесе ұйымдастырылған «Жапон қуыршақтары» көрмесінің ашылу рәсімі өтед

  • 12 Мамыр 2014
  • 435
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының баспасөз қызметінен хабарлайды.

Айта кетейік, қуыршақ жасау өнері Дзёмон кезеңінен бастау алатын Жапонияда қуыршақтар мерекелік мәдениеттің ажырамас бөлігі болып саналады. Әрбір провинцияның өзіне тән ерекшелігі бойынша қуыршақтар бірегей технологиялармен әзірленді. 1936 жылы қуыршақ жасау өнеріне ресми мәртебе берілді. Ал 1955 жылдан бастап белгілі шеберлер «Ұлттық жанды қазына» құрметті атағын иелене бастады. Жапон қуыршақтары өзінің әр алуандылығымен, бірегей орындалу әдісімен ерекшеленеді және сан ғасырлар бойы Жапонияның дәстүрлі күнтізбелік мерекелерінде лайықты орын алған.

Жыл сайын Жапонияда 3 наурыз күні Хина мацури мерекесі — Қуыршақтар мерекесі атап өтіледі. Осы күні қыз балалары бар отбасыларда ерекше «хина нингё» көрмесі ұйымдастырылып, қуыршақтарды алқызыл матамен жабылған 3, 5 немесе 7 сатыдан тұратын арнайы тұғырға орналастырады. Ең жоғары сатыда алтындалған жиналмалы кермеде баршын мен жібектен тігілген салтанатты киімдегі патша мен патшайымның қуыршақтар жұбы орналасады. Төменгі сатыларда сарай маңындағы бикештер, әншілер, министрлер мен шенеуніктер, оққағарлар мен қызметшілер қуыршақтары орналасады. Ең төменгі сатыға сарай тұрмысының бұйымдары (миниатюралық жиһаз, қобдишалар, тағамдар) қойылады. Сөйтіп әрбір отбасы өзінің хина қуыршақтарының жинағын қойып, кішкентай қыздары бақытты болсын деп тілейді.


Ал бесінші мамыр күні тойланатын Кодомо-но хи  — Балалар күні мерекесі де қуыршақтарсыз өтпейді. Оның қарсаңында жапондық отбасылар үйлерінің алдына кои нобори — тұқы пішіндегі түрлі-түсті жалауларды орнатады. Жалаулардың саны үйдегі ұл балалардың санына байланысты. Судың екпінді ағысына қарсы жүзе білетін қабілеті үшін Жапонияда тұқы батырлық пен төзімділіктің нышаны деп танылған. Жасыл шұғамен жабылған арнайы сөреге гогацу нингё — сауыт-саймандағы самурайларды бейнелейтін қуыршақтар қойылады. Бұл күні ата-аналары ұлдарының дені сау және мықты болып өсуін тілеп, дұға оқиды.

30 мамырға дейін жалғасатын «Жапон қуыршақтары» көрмесінің жәдігерлері жапондық мерекелік мәдениеттің таңғажайып ертегілік әлеміне жол ашады.

Перейти к новостям спорта