«Бүгін біздің ұлттық компанияның Каспийдегі бұдай былайғы жұмыстарының іргетасы қаланды»,- деп мәлімдеді алғашқы бірнеше метрді өз қолымен бұрғылаған ұлттық компанияның президенті. «Бұл — мен үшін ең бақытты күн. Өз қолыммен теңізде алғаш рет бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, бұрғылаушы ролін атқардым»,- деді Ұ.Қарабалин.
Бұрғылау жұмыстары судағы 7 метрлік тереңдікте 4 айға созылады. Ұңғының жобалық тереңдігі 2500 метрге тең. Ұңғыны салу жұмыстары 106 күнде аяқталады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұрғылау жұмыстарын атқарушы мердігер ретінде Ресейдің «Лукойл Шельф Лтд» компаниясы таңдалған. Бұл компания әлемдік деңгейдегі «Астра» бұрғылау қондырғысын иемденеді. Мердігер компания бұрғылау қондырғысын Каспий теңізінің Түрікменстанға қарасты бөлігінен дер кезінде жеткізіп, қондырғыны орнатты.
Ұ.Қарабалиннің айтуынша, бұрғылау жұмыстары мемлекеттік комиссия бұрғылау қондырғысының жұмысқа дайындығын тексеріп, актіге қол қойғаннан кейін басталған.
2005-жылы геологиялық барлау жұмыстарына 28 млн. доллар жұмсалады,- деп мәлімдеді Ұ.Қарабалин. Түпқарағанда биыл бір ғана ұңғы бұрғыланбақшы. Бұдан кейінгі ұңғыларды бұрғылау туралы шешім алғашқы ұңғының нәтижесіне, оны сынақтан өткізу және бағалау жұмыстарына сәйкес қабылданады.
«Егер нәтиже табысты болып жатса, онда біз құрылымның құрылысын егжей-тегжейлі зерттеу үшін 3Д геофизикалық жұмыстарды одан әрі жалғастыратын боламыз. Өйткені, бұл геологиялық тұрғыда өте күрделі құрылым. Сондықтан екінші ұңғыны бұрғылау және қаржыны тиімді жұмсау үшін кенішті жан-жақты зерттеу қажет»,- деді ұлттық компанияның президенті.
Құрылымның болжамдық геологиялық қоры 388 млн. тонна шартты отынға тең , соның ішінде мұнай қоры 324,3 млн. тоннаны құрайды. Көмірсутегінің шикізат көзін табу мүмкіндігі жоғары деп есептеледі. Болжам бойынша мұнай өндіру жұмыстары 2011-жылы басталады. Ең жоғары жылдық өндіру көлемі 7,2 млн. тонна, келісім-шартының мерзімі аяқталған кезде өндірілген мұнай көлемі 110 млн. тонна, өндірілетін көгілдір отын мөлшері 19,1 млрд. текше метрді құрайды.
Жалпы алғанда жобаны жүзеге асыруға 1 млрд. 600 млн. теңге қажет. Қазіргі жағдаймен коммерциялық мұнай өндіруге дейінгі барлау сатысындағы жұмыстарды «ЛУКОЙЛ» ААҚ қаржыландырып отыр. Геологиялық барлау жұмыстарына қатысты тәуекелдерді де осы компания өз мойнына алды. «Көмірсутегі шикізаты табылғаннан кейін, келісімдерге сәйкес, барлау сатысындағы шығындарды ҚазМұнайГаз өндірілген мұнай үлесінен түскен қаржы есебінен өтейтін болады»,- деді Ұзақбай Қарабалин.